Өскеменде медициналық маска тапшылығы жоқ

5 Ақпан 2020, 19:45
2354
Бөлісу:
Өскеменде медициналық маска тапшылығы жоқ

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде облыс орталығындағы дәріханаларда медициналық маскалардың тапшылығы сезіліп, бағасының қымбаттап кеткені туралы ақпарат тараған болатын.

Осыған орай Өскемен қаласындағы ірі фармацевтикалық ұйымдары басшыларының басын қосып, шұғыл жиналыс өткізген облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бұл мәліметті жоққа шығарды. Жиналысқа қатысқан 14 фармацевтикалық ұйымның басшылары дәріханалардағы медициналық маскалардың сөрелерде барын және алдағы уақытта қосымша берілген тапсырыстың келетінін алға тартты.

Дәріхана иелерінің айтуынша, сатылымда медициналық масканың бір емес бірнеше түрі бар көрінеді. Қарапайым бір рет қана қолданатын маскалар арзан болғандықтан, жылдам сатылып кетіп жатыр дейді олар. Одан өзге түрлерінің сапасына қарай бағасының қымбаттау болуы көпшілік арасында түрлі түсінбеушіліктердің пайда болуына себеп болған.

Департамент тарапынан дәріханалаға күнделікті мониторинг жұмыстарын жұргізуде. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі күні Өскемен қаласындағы 23 дәріхана мен дәріхана қоймаларында 145 322 дана медициналық маска бар. 31 қаңтар күні Департамент пен Өскеменнің 24 фармацевтикалық субъектісі, яғни 58 дәріхана мен көтерме сауда компаниялары, Семей қаласының 9 фармацевтикалық субъектісі арасында "Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға бағаның өсуін ұстау мәселелері жөніндегі" Меморандумға қол қойған болатын, - дейді Департаменттің Фармацевтикалық қызметті бақылау бөлімінің басшысы Мирасгүль Карбаева.

Департамент тарапынан фармацевтикалық нарық субъектілерінің бірінші басшыларына вирусқа қарсы, иммуномодуляциялаушы, қақырық түсіретін, ыстықты түсіретін, ауырсынуды басатын, респираторлық аурулардың алдын алатын дезинфекциялық құралдар мен медициналық бұйымдар бағасының өсуіне жол бермеуге, орындамай кері әрекет жасаған жағдайларда жауапкершілікке тартылатындығы жөнінде ескерту жасалды.

Дегенмен, дәріханалар және көтерме сауда компаниялары жеке меншік субъектілері болғандықтан, дәріханалар арасында баға айырмашылығы болуы мүмкін. Себебі ҚР ДСМ 2019 жылғы 15 шілдедегі № 104 "Бөлшек саудада және көтерме саудада дәрілік заттың сауда атауының шектібағаларын бекіту туралы" бұйрығында дәрілік заттардың тізіміне енгізілмеген вирусқа қарсы кейбір препараттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар, соның ішінде медициналық маскалар да бар, - деп қосты Мирасгүл Оралқызы.

Қоса кетсек, қазіргі уақытта өңірдің аудан, қалаларының дәріханаларындағы медициналық маскалардың саны мен бағасына арналған мониторинг жұмыстары жалғасуда.

Өзгелердің жаңалығы