Медет Бақдәулет, жас кәсіпкер: Ауылдағы ағайын қандай мемлекеттік бағдарламалар барын білмейді

23 Қыркүйек 2019, 15:07
8567
Бөлісу:
Медет Бақдәулет, жас кәсіпкер: Ауылдағы ағайын қандай мемлекеттік бағдарламалар барын білмейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әр кезеңнің өз қозғаушы күші бар десек, бүгінгі жаңа заманның кілтін қолына ұстаған жастар білімді, білікті әрі қабілетті. «Жас келсе іске» демекші, кәсіптің көзін тауып, ісін өрге сүйреп отырған жастардың саны жыл санап артып келеді.

Жас кәсіпкер «Ерасыл» шаруа қожалығының басшысы Медет Бақдәулет Ғайнуллаұлы да сондай жастардың бірі. Ақтөбе облысына қарасты Байғанин ауданы Қосарал ауылынан шыққан Медет 20 жасында тәуекелге бел буып, кәсіп ашқан жігіт. Ата кәсіп − мал шаруашылығын қолға алған ол сан түрлі қиындықтарды да, жетістіктерді де басынан өткеріп, істеген ісінің нәтижесінен сабақ алуды да жақсы меңгерген.

− Мал шаруашылығын кәсіп ету қиынға соқпады ма?

− Шаруашылық ашу туралы шешім қабылдаған кезде жасым жиырмада болатын. Менің мал шаруашылығымен айналысуыма осы саланы меңгеріп, аяқтан тұрып кетуіме мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау болды. О баста мемлекеттік «Алтын асық» бағдарламасы бойынша несие алып, мал сатып алдым. Бұған қоса, қолымда бар 30 сиырға мемлекеттен субсидия алдым. Кейін асыл тұқымды бұқалар алып келдім. Алған несиемнің көлемі – 3 млн 275 мың теңге. Оған 125 қой, 5 қошқар сатып алдым. Бұл осыдан бес жыл бұрын болатын. Қазір шаруа қожалығымда жылқыға басымдық беріп отырмын. Бүгінде 70 жылқы, 30 сиыр, 50-дің үстінде қойым бар. Өзім жас болғаннан кейін барлық мал басына бірдей үлгере бермеймін. Әр малдың өз жейтін жем-шөбі, суы бар десек, әрқайсының күтімі әрқалай. Сондықтан «екі кемені ұстаған суға кетедінің» кебін кимес үшін бүгінгі күні негізгі күшті жылқы бағуға арнап отырмын.

Жылқы өсіру негізінен ата кәсібіміз ғой. Бабын тауып, күтіп бақсаң пайдасы да шаш етектен. Мысалы, сойып сатуға болады. Ақтөбедегі «Табыс» деген сауда орталығына апарып сатамын. Сонымен қатар, мал бордақылау алаңдарына беремін.

Соңғы уақытта малдарда бруцеллез деген аурудың жаппай таралуына байланысты мал өсірудің қиындағаны белгілі. Сондықтан осындай жағдайдан сақтану үшін мал басын еселеп арттыруға қорқып отырмыз.

− Кәсіп ашуды жалғыз өзіңіз қолға алдыңыз ба? Әлде бұл бірлескен жоба ма?

− Шынымды айтсам, бір өзім кәсіп ашамын деп іске кірісіп кеттім. Басында несие алатынымды үйдегі әке-шешеме айтқан кезде олардың қарсы болғаны рас. Себебі, аз ақша емес, қомақты қаражат болатын. Кейін іске кірісіп, жағдайымыз ыңғайланғаннан кейін әке-шешемнің көңілі орнына түсті.

− Қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?

− Негізі маусымға байланысты жұмысшылар жалдаймын. Қарбалас кезеңде 4-5 адамды аламын. Дәл қазіргі уақытта жылқыларды жайылымға жібердім. Құлындарын жабағы кезінде сатамын. Үйге, емделуге керегінше бие саудырамын. Екі адам тұрақты жұмысшым. Олардың айлығының 18 мың теңгесін мемлекет субсидия ретінде төлейді. Жалпы алатын жалақылары – 56 мың теңге.

− Жылқымен қоса, қоймен де айналысасыз ғой. Қойдан түсер табыс қаншалықты жоғары деп айтуға болады?

− Бұрын қой бағып, пайда табу қиындау болатын еді. Себебі сұраныс аз, бағасы да төмен. Қазір жағдай өзгерді. Табысы мен шығыны аз қойдың сұранысы да артып келеді. Сондықтан алдағы уақытта асыл тұқымды қойлар асырауға ниеттеніп отырмын. Кәсібімді кеңейту үшін жоспар жасап, әрекет қылуға ниеттімін. Әкімдіктен 70 млн теңге алуға ұсыныс түскен болатын. Тәжірибемнің аз болғанына байланысты тежеп отырмын. Бұған дейін алған несиені 7 жылға алғанмын. Енді 1-2 жылда оны да төлеп бітемін. Бұл несиені жабу үшін ай сайын 23 мың теңге төлеймін. Бастапқыда берілетін квартал сайын 7 пайыз субсидия кешіктірілген кезде қиналып қалған едік. Қазір барлығы уақытында беріледі. Одан бөлек, 10 пайыз субсидия берілетін болды.

− Бие сауатыныңызды айтып қалдыңыз? Қымыз сатып кәсіп қылу ойыңызда бар ма?

− Егер жер жақсы көктесе, жайылым жерлер жақсы болса, қымызбен тұрақты айналысуға болады. Бұлай істеп те келдік. Тек биыл шөптің дұрыс шықпауына байланысты біраз жұмысымыз тұралап қалды. Көп жағдайда сатып алушыларымыз ауыл тұрғындары. Бір литр қымыз − 600 теңге. Жаз кезінде сауатынымыз 10-11 бие. Ал 30 бие саусаң, литріне мемлекеттен 60 теңге субсидия ретінде көмек беріледі. Осыған жету үшін қолдан келгенше тырысып жатырмыз. Әлбетте, барлығы бірден болмайды. Уақыт керек. Ең бастысы талаптансақ, барлығы болады деген ойдамын.

− Өзіңіз айтқандай, малдың еті жесең − тамақ, мінсең − көлік, кисең − киім. Бүгінде соның барлығын ұқсатып отырған кәсіпкерлер шамалы ғой. Малдың терісі мен жүнін ит сүйреп жүргенін көзіміз көріп отыр. Жалпы малдың шикізатын пайдаға асырасыздар ма?

− Тері емес, жүнді өткізу үшін тұрақты жер іздеп Татарстанға да барып қайтқан едім. Бірақ тексерістер, бітпейтін қағаздары көп екен. Сондықтан өзіміздің Оңтүстік Қазақстан облысына ауданның жүнін жинап өткіздік. Оны жинауға колледжде оқитын студенттер де атсалысты. Бас-аяғы 25 тонна жүнді жинап өткіздік. Жүннің 1 келісін 70 теңгеден сатып алды. Соңғы екі жылда жүнге сұраныс жоғары болды. Биыл 17-18 тонна көлемінде жинап өткіздік. Әзірге жинап-терумен ғана шектеліп отырмыз. Болашақта бұл бағытқа қаражат құятын болсақ, тиімді болуы тиіс деген ойдамын.

− Ауылыңызда малды кәсіп етіп, отбасын асырып отырғандар көп шығар?

− Біздің ауыл ежелден малды кәсіп етіп келеді. Малды жесе, тамағы ретінде отбасын асырап, мінсе, көлік құралы ретінде ұстап, терісінен киім тоқып киетін – бұл үдерісі ұрпақтан ұрпаққа беріліп келетін дәстүрге айналғалы қашан. Десе де, заман өзгеріп, ауылдағы халықтың жаппай қалаға ағылуы − ата кәсіп саналатын мал шаруашылығының тұралап қалуына әкелді. Қазіргі ауылдың сиқы кетіп, жасы бар, жасамысы бар жаппай қала жағалап кетуі қабырғамызға батады. Білімді, білікті, қабілетті жастар баршылық қой. Олардың бір кемшілігі − айналысатын ерік-жігері болғанымен, неден бастау керегін білмейді. Сауаты жетіспей жатады. Халықтың жаппай ауылды жерден кетуіне жағдайдың жасалмағаны да себеп болып тұр. Баршамызға мәлім, ыстық судың жоқтығынан, газдың жоқтығынан, тұрмыс деңгейінің төмендігінен ауыл тұрғындары жаппай қалаға кетіп жатыр. Ауылдағы ағаларыма үнемі айтамын, қалаға барып 30-40 мың теңгеге жалданып жұмыс істегенше, ауылда бір малды екі етіп, соның өнімін ұқсататын болсаң, сенен бай адам жоқ.

Менің байқағаным ауыл тұрғындары несие алып, кәсіппен айналысуға қорқады. Олардың ертеңгі күнге деген сенімі емес, күдігі басым сияқты көрінеді. Тек «аз болса да тұрақты айлық төлеп тұрса болды» деген ой саналарына сіңіп қалған сияқты. Бұл ойдан арылу керек деп есептеймін. Заман өзгерді дамыған елдер әлдеқайда ілгері жылжып кетті. Біз де шамамыздың жеткенінше, қолымыздан келгенінше тырысып бағуымыз керек. Ауылдағы ағайынды, оның ішінде жастарды жігерлендіріп, стимул беру керек.

Екінші мәселе, халықтың жаппай сауатын арттыруға мемлекет тарапынан қолдау болса екен деймін. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы сияқты мекемелер жол сілтеп, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізіп отырса, халық үшін үлкен көмек болар еді. Ауылдағы ағайын тіпті, қандай мемлекеттік бағдарламалардың бар екенін де білмей жатады. Осы ретте, ауыл адамдарына арналған семинар-тренингтер өткізудің мән-маңызы орасан зор. Бұндай әрекетті бұған дейін жастар болып ұйымдастырып өткізген болатынбыз. Бірақ бұл жеткіліксіз. Әлі де болса, тұрақты түрде билік пен халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, байланыс орнауы керек. Сонда ғана нәтиже болады.

− Алдағы жоспарларың қандай?

− Алға қойған жоспар да, мақсат-міндет те баршылық. Ендігі арманым − кәсібіме қаржылық жағынан сауатты серіктес табу. Барлық мәселенің басында қаржы тұратыны белгілі ғой. Сондықтан басынан аяғына дейін жүйелі жұмыс жасау үшін инвестор табылса жақсы-ақ болар еді. Қазіргі жағдайым жаман деп айтудан аулақпын. Мемлекеттің жәрдемі, көмегі кез келген ынтасы бар кәсіпкердің аяқтан тұрып кетуіне зор мүмкіндік береді. Десе де, ауқымды жоба ауқымды қаражатты талап етеді ғой. Ауылдың өзім сияқты жігіттерінің білімі жетсе, тәжірбиесі жетіспей жатады. Ауыл адамдары көбіне мал бағудан бастап, ұсақ-түйек жұмыстарға бейім. Сондықтан пайда табуға қабілетті, ауыл шаруашылығы саласына аянбай қаражат салуға ниетті инвестор болса деген арманым бар.

− Әңгімеңізге рақмет!
Өзгелердің жаңалығы