Мәжілісте өнеркәсіптік саясат мәселелері туралы заң жобасы мақұлданды

6 Қазан 2021, 11:21
9274
Бөлісу:
Мәжілісте өнеркәсіптік саясат мәселелері туралы заң жобасы мақұлданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы алғашқы оқылымда жұмысқа алынды.

Заң жобасы туралы қосымша баяндаманы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Ғалым Әміреев оқыды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы заңнамалық актілерді «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасына сәйкес келтіру мақсатында әзірленді, - деді Ғалым Әміреев.

Депутат атағандай, заң жобасы өнеркәсіптік саясатты қалыптастыру және іске асыру мәселелерін реттеуге және өнеркәсіптік саясаттың мәселелерін реттейтін нормаларды жетілдіруге бағытталған.

Сонымен қатар заң жобасында өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша шешімдер қабылдау кезінде мүдделі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестірудің тиімді жүйесін құру, инновациялық қызметті және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуды ынталандыру, өнеркәсіптік кәсіпорындардың инвестициялық тартымдылығы мен экспорттық әлеуетін арттыру ұсынылады, - деді ол.

Заң жобасында кәсіпкерлік, бюджет кодекстеріне, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске, «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы», «Қазақстанның Даму банкі туралы», «Газ және газбен жабдықтау туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобына депутаттар мен комитеттерден 397 ұсыныс келіп түсті, олар мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 18 отырысында, комитеттің кеңейтілген отырысында талқыланды. Заң жобасы бойынша жұмыс тобына депутаттар мен комитеттерден 109 ұсыныс келіп түсті, олар мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 9 отырысында, комитеттің кеңейтілген отырысында талқыланды, - деді Әміреев.

Ол атағандай, Парламент Мәжілісінің барлық комитеті осы заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын бірінші оқылымда Парламент Мәжілісі жалпы отырысының қарауына енгізуді ұсынды,- деді ол.


Өзгелердің жаңалығы