Мәжілісте өлім жазасына қатысты заң таныстырылды

13 Қазан 2021, 11:06
7760
Бөлісу:
Мәжілісте өлім жазасына қатысты заң таныстырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Заң жобасын Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев таныстырды.

Оның сөзінше, гуманизм жасаудың маңызды бір қадамы – өлім жазасын жою. БҰҰ өлім жазасын жоюды адамның өмір сүру құқығын қамтамасыз ету жолындағы прогресс ретінде қарайды. Екінші факультативті хаттама өлім жазасын жою адамның қадір-қасиетін нығайтуға және құқықтарын дамытуға ықпал етеді деп есептейді.

Гуманизм қағидасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан әрбір адамның өмір сүру құқығының ажырамас бөлігі екенін бекітті және өлім жазасын сатылы түрде жою бағытын қолға алды.

2005 жылы азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге ратификация жасады. Осы пактінің 6-бабына сәйкес өлім жазасы тек қана айрықша ауыр қылмыс жасағаны үшін заңға сәйкес тағайындау мүмкін. Қазақстан 2006 жылы Еуропа одағының өлім жазасын жою туралы үндеуіне қосылды. 2007 жылы БҰҰ-ның өлім жазасына мораторий енгізу туралы резолюциясын қолдады. Осы жазаны қолдану аясында сатылап азайып келеді. Алғашқы Тәуелсіздік жылдары өлім жазасы 26 аса ауыр қылмыс үшін кесілген болатын. Бұл жаза 1997 жылы «Қылмыстық кодекстің» 18-бабында ғана қалды. Ал 2014 жылғы «Қылмыстық кодекстің» 17-бабында сақталған, - деп атап өтті Әсет Шындалиев.
Оның айтуынша, барлық санкцияға балама ретінде өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген. Сот өлім жазасына немесе балама жазаны қылмысының ауырлығын, сотталушының жеке басын және оның қылмыс салдарына қарым-қатынасын ескеріп, кеседі.
2003 жылы Елбасы мерзімсіз мораторий енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл шешім өлім жазасын толық жойған кезге дейін қолданылады. Өлім жазасын жоюға бағытталған маңызды актілердің бірі – екінші факультативтік хаттама. Оны Қазақстан осы жылдың қаңтарында ратификациялады. Хаттама өлім жазасын жою үшін барлық шараны қабылдауға міндеттейді. Алайда бұл жазаны ескертпесінің шеңберінде қалдыру мүмкіндігі бар. Қазақстан осы шартты басшылыққа алып, хаттаманы ескертпемен ратификациялады, - деп атап өтті Бас прокурор орынбасары.
Ескертпеге сәйкес, Қазақстан соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар үшін кінәлі деп танылғаннан кейін соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырды.

Бас прокуратура өкілінің айтуынша, ұсынылып отырған заң жобасы Қылмыстық кодексті хаттама мен оған жасалған ескертпеге сәйкес келтіруге бағытталған.

Ол Қылмыстық кодекске қандай түзетулер енгізілетінін түсіндірді.

Өлім жазасы Қылмыстық кодекстің 13-бабынан алып тасталынады. Сондай-ақ соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар ретінде өлім жазасын қолдану шектері бекітіледі. Қылмыстық кодекстің 4-бабында осы жаза сақталады. Атап айтсақ, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы аса ауыр қылмыстар. Бұл қылмыстар соғыс әрекеттерімен байланысты болуы тиіс және соғыс кезінде жасалуы керек. Олар басқыншылық соғысты жүргізу, жаппай қырып-жою қаруын қолдану, әскери тұтқындар мен азаматтық тұрғындарды өлтіру арқылы соғыс заңдары мен дәстүрін бұзу, соғыс уақытында жасалған геноцид. Бұл баптар соғыс уақытында саны көп адамды өлтіргені үшін жауапқа тартуды көздейді, - дейді Әсет Шындалиев.
БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің резолюциясына сәйкес өлім жазасы көзделген әрекеттер тізімі көптеген адам өліміне, басқа да өте ауыр зардаптарға әкелетін қасақана қылмыстар шегінен шықпауы тиіс.

Келесі құжат - Рим статуты Халықаралық қылмыстық сот жарғысы. Статут барлық халықаралық қоғамды алаңдататын ең аса ауыр қылмыстар деп геноцид қылмыстар, адамзатқа қарсы қылмыстар, әскери қылмыстар, агрессия қылмыстарды санайды. Әскери тұтқындарды ұстау туралы Женева конвенциясы басқа қылмыстармен қатар әскери тұтқындарды қасақана өлтіру ең аса ауыр қылмыс деп санайды. Осындай ереже «Соғыс кезінде бейбіт тұрғындарды қорғау туралы» конвенцияда да көзделген. Сондықтан Қазақстан бұл қылмыстарды аса ауыр сипаттағы қылмыстар деп таниды.

Жоғарыда айтылғанның негізінде осы қылмыстар үшін өлім жазасын қалдыруды ұсынамыз, - деді ол Мәжілісте.
Бұдан басқа, Қазақстан биологиялық және химиялық қаруға, ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттарды бекітті.
Бұл шарттар жаппай қырып-жою қаруына тыйым салады. Сол себепті осындай құралдарды қолданғаны үшін өлім жазасын қалдыруды қарастырып отырмыз. Заң жобасын қабылдау еліміздің әлемдік аренадағы беделін күшейтеді. Халықаралық қауымдастық адам құқығын қамтамасыз етуге прогресс және ізгі қадам ретінде қабылдайды, - дейді Әсет Шындалиев.

Өзгелердің жаңалығы