Сарыарқадан Жетісуға дейін: Мажар ғалымдары экспедицияны қорытындылады

19 Сәуір 2019, 08:58
2415
Бөлісу:
Сарыарқадан Жетісуға дейін: Мажар ғалымдары экспедицияны қорытындылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Венгрия астанасы Будапешт қаласында «Қазақстандағы мажарлар: тарихы мен бүгіні» тақырыбында ғылыми конференция өтті.

Оның мақсаты – Қазақстанда жасалған орнитологиялық экспедицияның қорытындысын көпшілікке таныстыру.

Конференцияға Мажарстандағы Қазақстан елшілігі өкілдері, мажар ұлттық өнер академиясының мамандары мен Венгрияның археология, орнитология саласының мамандары, қазақ-мажар қатынасын зерттеп жүрген жас ғалымдар қатысты.

Сонымен қатар Қазақстанда аталмыш экспедицияның көшін бастаған этнограф Бабақұмар Қинаят пен Құрманғазы Жанділдин де конференция қатысушыларының қатарында болды.

«Қазақстанда таулы аймақтар, далалы, сулы, өзен-көлді жерлер көп болғандықтан, құстардың да көптеген түрі мекендейді. Аңға салатын құстар, су құстары, дала құстары, тау құстары қазақ даласының табиғатын одан сайын көрікті етуде», - деді мажар жазушысы, суретші, режиссер Семадам Дьердь ғылыми конференцияның ашылу салтанатында.

Ғылыми экспедиция Нұр-Сұлтан қаласынан басталып, Қостанай облысы аумағындағы «Наурызым» ұлттық паркінде жалғасқан. Ұлттық парк аумағында негізінен орнитологиялық ізденістерге ден қойылған. Экспедиция құрамындағы мажар ғалымдары Торғай ойпатындағы «Алтын дала» резерватында да болды. Мұнда ғадымдар Амангелді және Жангелді аудандары аймағындағы далалы, шөлейтті алқаптардың табиғи ерекшелігі мен аң-құс популяциясын зерттеді.

«Кейін Арқалық қаласы арқылы Ұлытауға жеттік. Табиғат зерттеушілері ретінде, мажарлық ғадымдарды, негізінен, топырақтың құнарлы бөлігі, өңірлердегі шөп жамылғысының жағдайы қызықтырды», - дейді экпедиция құрамында болған этнограф Бабақұмар Қинаят.

Ұлытаудан Жаңақорғанға бет алған ғылыми экспедиция өкілдері қазақтың көрнекті ғалымы Ақселеу Сейдімбектің басына зиярат етіп, құран бағыштады. Кейін олар Ақадыр, Балқаш жері арқылы Алматыға, Шарын мен Іле Алатауы, Алтынемел ұлттық парктерінде орнитологиялық, зоологиялық зерттеулер жүргізді.

Ғалымдардың пікіріше, Орта Азия және Қазақстандағы құстар әлі де зерттеуді қажет етеді.

«Осы аймақтардағы құстардың түрлері мен таралу ареалы жөнінде дау туғызатын тұстар бар», - дейді беделді орнитолог ғалым Атилла Банкович.

Экспедиция қорытындылары Мажарстанның белгілі Allat vilag - «Жануарлар әлемі» атты ғылыми басылымында жарияланған.
Өзгелердің жаңалығы