En contacto con Мадуро. Харизма жоқ, сөзі көп

27 Қаңтар 2019, 14:35
4268
Бөлісу:
En contacto con Мадуро. Харизма жоқ, сөзі көп

Кариткатура коллаж ©PanamaOn.com

Өткен аптада әлемдік басылымдарда ең көп талқыланған тұлға - Венесуэланың президенті Николас Мадуро болды. Екінші рет президент қызметіне кіріскен ол халықтың наразылығына қарамастан,  мерзімі біткенше биліктен кетпейтінін мәлімдеді. Шетелдік басылымдар 2013 жылдан бері амбициясы жоқ басшы ретінде танылған  Николас Мадуроның дәл президенттікке келгенде өз шешіміне мықтап бекініп отырғанына таңғалғанын жасыра алмай жатыр.  Baq.kz ақпарат агенттігі назарларығызға Мадуроның билікке қалай келгенін еске алып, оны «күлкіге қалдырған» цитаталары туралы материал ұсынады.


Венесуэладағы саяси жағдай ушығып тұр
Венесуэлада Николас Мадураның президенттікке қайта сайлануына байланысты жаппай наразылық шеруі өтіп, халық оның биліктен кетуін талап етіп жатыр. 2018 жылдың мамыр айында Мадуро мерзімінен бұрын өткізілген президент сайлауында екінші рет жеңіске жеткен болатын. Бұған дейін ол билікке 2013 жылы келген еді. Халықаралық қауымдастық былтыр өткізілген сайлау халықаралық стандарттарға сай өткізілмегенін айтқан. Ал Венесуэеланың Ұлттық ассамблеясы Мадуроның екінші кезеңін заңсыз деп таныды.

Парламент басшысы болып 35 жастағы Хуан Гуайдо таңдалды. Оны Мадуро «саясат   ойнаушы бала» деп атап кеткен еді.  Ол өз кезегінде Мадуроны диктатор деп, социалист президентке қарсы шықты. 23 қаңтар күні Гуайдо өзін «президенттің міндетін атқарушы» деп жариялады. АҚШ, Еуроодақ, Канада, Бразилия, Аргентина, Перу, Чили, Парагвай, Гондурас, Коста Рика, Панама, Боливия мен Гватемала секілді мемлекеттер оған қолдау білдірсе, Ресей, Түркия мен Беларусь Республикасы - Мадуроны Венесуэланың заңды басшысы деп таныды.

Осылайша бүгінде Венесуэлада екі адам өздерін басшы санап, екі «Президент» билік тізгінін екі жаққа тартып отыр. Дегенмен, 10 қаңтар күні Николас Мадуроның екінші каденция кезеңі ресми түрде басталды.

Николас Мадуро ерекше құлшыныс танытып, президенттіктен 2025 жылға дейін кетпейтінін мәлімдеді. Онымен қоймай. ол оппозицияны мемлекеттік төңкеріс жасады деп айыптап, олар жаппай наразылықтарды халықты күштеп ұйымдастырып жатыр деп кінәлады.

Николас Мадуро. Автобус шопырынан президенттікке дейін
Бұрынғы автобус жүргізушісі қалайша әлемдегі ең жиі кемсітілетін президентке айналды?

«Николас Мадуро өзінің саяси қызметін орта мектепте студенттер кеңесінде бастаған. Мектепті бітірмесе де, ол оқушылардың құқығы туралы сөйлеп жүретін еді» деп еске алыпты оның сыныптастарының бірі. Кейін ол рок-музыкамен айналысып, одан жалыққанда Венесуэла астанасы Каракаста автобус жүргізушісі болып жұмыс істеген. Сонымен қатар Уго Чавестің әскери қозғалысына қатысып, Чавесті түрмеден босатуды талап еткендер қатарында болған. Дәл осы кезде оның жолы болып, Уго Чавес қмаудан босаған соң оған саяси партия құруға көмектескен.  Мадуро 1999 жылы конституцияны өзгертуге қатысып, Ұлттық жиналысқа қосылған. Яғни, Уго Чавестің сеніміне мықтап кіріп алған ол автобус жүргізушісінен - президенттікке дейін көтерілді. Чавес президент болған кезде Мадуроны сыртқы істер министрі қылды, ал өлім аузында жатқанда -  Венесуэла халқына Мадуроны сайлауға шақырып кетті. Ол Мадуроны «революционер, жас болса да тәжірибесі мол маман, жұмыс істеуге, басқаруға, ең қиын міндеттермен бетпе бет келуге әзір адам» деп сипаттаған. Уго Чавестің қайтыс болғаннан кейін ол 2013 жылы сәуір айындағы сайлауда небәрі 1,5 пайыз дауыспен жеңіске жетті.


Уго Чавеске еліктеген Мадуро артық қыламын деп тыртық қылды
«Мадуро президент болып сайланған соң Чавес сияқты сөйлеп, Чавес сияқты киіне бастады. Тіпті, ол венесуэлалықтарға Чавестің қабірінде түнеп жүргенін айтуды шығарды.  «Менің Чавестің жанында түнейтінімді сіздер түсінбейсіздер! Ал оның көршілері түсінеді» деді ол.

Чавестің қаталдығына еліктеп, америкалық дипломаттарды қуа бастады және оларды Чавесті улады деп айыптады. Дегенмен, Чавесте харизма бар еді ғой, ол үкімет құрылымындағы түрлі топ өкілдерін бірлікте ұстай алатын. Ал Мадурода ондай қасиет жоқ болып шықты. Ол Чавес кезінде басталған әлеуметтік бағдарламаларды да қолдай алмай қалды» деп жазды The Washington Post. Басылымның жазуынша, Уго Чавес Мадуроға «мұраға» мемлекеттің орасан сыртқы қарызы мен экономикалық  проблемаларын қалдырған, ал Николас Мадуро оларды ушықтырып, мемлекеттегі жағдайды құлдырата түскен.  Мадуро билікте отырған төрт жыл ішінде экономика 23 пайызға азайған. Халық өзіне қажетті азық- түлік пен дәрі-дәрмекке де қол жеткізе алмайтын болған. Былтыр мемлекет азаматтарының төрттен үші арықтап кеткен, сонымен қатар елде қылмыс деңгейі артқан. Нәтижесінде мемлекетте әлсіз болған оппозиция күшейе түскен. Ал Time журналы Николас Мадуроны «әлемдегі ең қатты шаршаған саяси лидер» деп атады. Мамандардың айтуынша, халықтың сексен пайызы Мадуроның билікке келгеніне қарсылық танытып отыр.

Бір қызығы, 2014 жылы Николас Мадуро радиода өзінің бағдарламасын ашты. «Мадуромен байланыс» (исп. En contacto con Maduro) деп аталатын бағдарламада ол азаматтармен мемлекеттегі проблемаларды ашық талқылап,қоғамдық сынға жылдам жауап беремін деп үміттенген. Сонымен қатар тікелей эфирде болып жатқан оқиғалар туралы айтып отыратын болған. Бұл аздық етті ме, Мадуро халықпен тығыз байланыста болу үшін Facebook және Twitter әлеуметтік желілерін де пайдаға асыратытын айтты. Бұл идеяны ол Уго Чавестен алса керек, себебі ол да 13 жыл бойы телеарнада «Алло, президент» бағдарламасын жүргізген еді.
 

«Тамақ жетіспесе, тамақтануды азайтыңдар!». Мадуроның есте қалған «цитаталары»

Венесуэлада Николас Мадуроның ақылға сыя бермейтін «нақыл сөздері» «maduradas» аталып кеткен.

CNN басылымының жазуынша, 2018 жылдың 26 қыркүйегінде Мадуро БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлеп, елдегі гуманитарлық дағдарысты жай ғана «фабрикация» деп атаған. Сарапшылар оның мемлекеттегі проблемаларды байқамайтынына таңғалумен келеді.
Николас Мадуро сайлау кезінде Уго Чавестің атын атаған бірінші саяси кандидат емес. Дегенмен, ол Уго Чавестің «әруағымен» сөйлескен жалғыз адам. 2013 жылы Уго Чавес оған кішкентай құс бейнесінде келгенін айтқан сөздері әлемге тарап, талайды езу тартқызған еді. Николас Мадуро сайлауалды кампания кезінде проблемаларға назар аудармай, инфляция мен қылмыс деңгейінің жоғары екеніне қарамастан, оны шешуге сөз берудің орнына, өзінің Уго Чавеспен тығыз «рухани» байланысы бар екенін алға тартумен болған еді.  Чавес бастап кеткен социалистік революцияны соңына дейін жеткізу екенін айтқан. Ол өзін «Чавестің ұлымын» деп те атады. Оның Чавестің «рухымен» сөйлескені туралы сөздері оппозицияны ғана емес,  үзеңгілестерін де күлкіге қарық қылды. Дегенмен, Мадуро бұл сөзіне сенетін халық санының көп екенін алға тартады.

Чавес харизмаға толы популист еді және ол Вашингтонға мұнай жеткізетін ең ірі төртінші мемлекет Венесуэла екенін алға тартып, мқтанып жүретін. Мадуро да Чавестің соңынан еремін деп, күлкіге қалды. The New York Times  басылымының жазуынша, Николас Мадуро АҚШ елшілігінің екі әскери атташесін шақырып, Чавестің ракқа шалдыққанына соларды кінәлаған еді. «Олар Чавесті өз жолдарынан алып тастау үшін осы ауруды жұқтырды және Венесуэланың тәуелсіз революциясына зиян тигізді», деді Мадуро. Ал рактың жұқпайтыны медициналық тұрғыда мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті.

«Сайлауалды кампаниялар кезінде Мадуроның халық алдында сөйлеген сөздері еленбейтін, жиналған халық оны тыңдамайтын. Жастар сыра ішіп, өз беттерімен әңгіме дүкен құрып тұратын. Мадуро тек Чавестің атын пайдаланып қана жеңіске жетуге тырысты. Чавестің Мадуроны сайлауды өсиет еткені де оған пайда әкелсе керек» деп жазды басылым.
The Guardian  жазуынша, Мадуроға Чавес  көп проблема қалдырды, ал Мадуроны оны одан сайын бүлдіріп, жағдайды ушықтыра берді. 2014 жылы Николас Мадуро жануарлар әлемі арқылы Уго Чавеспен тілдесіп жүргенін тағы бір айтып, өзіне аударды. «Маған кішкентай құс тағы келіп, Уго Чавестің бақытты екенін және халықтың адалдығына риза екенін жеткізді» деді ол Чавестің алпыс жасына арналған жиында.

Business Insider басылымы Николас Мадуроның басқа да «цитаталарын» топтарстырып көріпті:

1.  Венесуэлалықтар ақшаға тоймайды!
«Венесуэлада көптеген секторларда еш қанағаттандырылмайтын доллар нимфоманиясы бар».
Венесуэлада кәсіпкерлер тауарлар импортына АҚШ долларын пайдаланатындықтан, мемлекетте тауарлар бағасы қымбаттаған болатын. Сол кезде Николас Мадуро қолдау көрсетудің орнына кәсіпкерлер мен халықты ақшаға тойымсыз деп атаған.

2. Чавес Христосқа көмектесіп жүр
«Папаны Оңтүстік Америкадан таңдауға бірдеңе әсер еткені анық. Христосқа көмекке оң қолы келіп, Оңтүстік Америкаға да уақыт жетті деп айтқан шығар. Ол аспанда кез келген уақытта жиналыс ашып, әлемдегі шіркеуді өзгерту керектігін айтқан болар»  деді Мадуро.

3. Қылмысқа өрмекші адам кінәлі
«14 жастағы баланың 9-миллиметрлі тапаншасы бар екен. Бүгінгі таңда бірі бірін өлтіріп жатқан бағдарламалар көп көрсетіледі. Әсіресе «Өрмекші адам» кең танылып тұр. Кішкентай балалар оны сүйіп көреді» деп Николас Мадуро елдегі шулы қылмыстардың біріне Өрмекшіні кінәлаған еді.

4. Сириядағы жағдай сылтау ғана, АҚШ мені өлтіргісі келеді
«Жоспар бойынша мені өлтіргісі келетіндер Сириядағы жағдайды ушықтырып, сол арқылы ізін жасырмақ. Жоспар сондай. Венесуэла Латын Америкасының саяси ғаламат мемлекеті», дей келе Николас Мадуро АҚШ оны өлтіргісі келетінін айтты.

5. Азық-түліктің жетіспеушілігі? Проблема емес! Тамақтануды азайтыңдар!
 «Ұсыныс пен сұранысты теңестіру үшін,бағаларды реттеу үшін тұтынуды азайту керек. Мемлекеттегі азаматтарымыздың көбі еңбекқор екеніне сенемін. Азық түлік жетіспей жатса, азырақ тамақтаныңыздар!», деген екен Николас Мадуро.

Ағылшын тілінен аударған: Алтынай Қуанышбек, BAQ.KZ

Өзгелердің жаңалығы