Бас жаңалықтар
Мәскеуліктер "Ұлы Даланың" сырларымен танысты
06 Наурыз 2019, 16:58 425

Мәскеуліктер "Ұлы Даланың" сырларымен танысты

Астана. BAQ.KZ. Мәскеудің орталығындағы Ресей заманауи тарихы мемлекеттік орталық музейінде "Ұлы даланың алтыны" атты тарихи көрме ашылды. 

Экспозицияға Шығыс Қазақстан облысының Берел, Шілікті және Елеке сазы қорғандарындағы археологиялық қазбалар барысында табылған жаңа дәуірдің бірінші мыңжылдығымен белгіленген 25 мыңнан астам артефактілер кірді. Көрмеде ат әбзелдері, бірегей техникада орындалған көптеген әшекейлер, қылыштар мен қанжарлар, көне адамдардың мүсіндері мен еңбек құралдары ұсынылды. Алтын адамның қайтадан жаңартылған экспозициясы көрменің орталық элементіне айналды.

Көрмені ашқан Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов ұсынылған экспозиция Қазақстан аумағындағы мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан бай тарихи-мәдени өмір салтын бейнелейтінін атап өтті.

"Ол әлемдік архелогиялық және мәдени құндылыққа ие. Көрме Шығыс Қазақстандағы Алтай бөктерінде орналасқан Берел, Шілікті және Елеке сазы қорғандарының артефактілеріне арналады", - деді Иманғали Тасмағамбетов.

 Ол Мемлекет басшысының "Ұлы Даланың жеті қыры" мақаласындағы түркі әлемі бастауын алған және Ұлы Дала өміріндегі жаңа кезең басталған Алтайдың қазақ тарихы мен Еуразия халықтары үшін үлкен маңыздылығын ерекше тоқталып өтті.

 "Осы жауһарлардың табылуы, - бүгінгі Қазақстан археологиясының даму деңгейінің көрсеткіші", - деп атап өтті Ресей заманауи тарихы мемлекеттік орталық музейінің директоры Ирина Великанова.

 М.В.Ломоносов атындағы ММУ тарихи факультетінің президенті, Ресей ғылым академиясының академигі Сергей Карпов көрмеге жоғары баға беріп, қазақстандық әріптестеріне оны ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.

 "Көрме бүкіл Шығыс Қазақстан аймағының өте терең, әрі елеулі мәдени даму дәстүрлері туралы түсінік береді. Бұл түрлі мәдени дәстүрлердің өзара әсерлесуі өткен өркениеттердің торабы. Мәдениеттің ең жоғары деңгейін көрсететін шынайы құндылықтар, ертедегі артефактілер табылды. Олармен танысу және оларды білу қажет", - деді ғалым Сергей Карпов.

Көрмеде ұсынылған артефактілер көне заманның сырларын ашу жолында ғылым үшін жаңа қадам жасауға мүмкіндік береді.

Мәдени оқиға кәсіби зерттеушілердің ғана емес, сондай-ақ қалың ресейлік бұқара арасында да үлкен қызығушылық туғызды.

"Бүгінгі көрме – маған қазақ қызы және Мәскеуде тұратын жерлестерім үшін айтулы оқиға. Елдеріміздің достығы артып жатқанына өте қуаныштымын. Ресейде жүрсек те қазақ халқының тарихымен танысып, ресейлік достарымызға ол туралы әңгімелеуге бірегей мүмкіндігіміз бар", - деп өз әсерімен бөлісті мәскеулік қазақ диаспорасының өкілі, Мәскеу Ұлттар үйінің маманы Гүлнар Ысқақова.

Көрменің ашылу салтанаты шеңберінде "Кербез" фольклорлық ансамблі мен Әміре Қашаубаев атындағы Шығыс Қазақстан филармониясының орындауында қазақ халық шығармалары шырқалды.

Көрме 24 наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта мәскеуліктер және қала қонақтары Шығыс Қазақстанның әсіресе бай сакралды орындардың көне ғасырлық тарихын ашып, тылсым құпиясын сезініп, еуразиялық кеңістіктің тарихи өткен-кеткенімен таныса алады.

Іс-шара "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі (Өскемен қ.) Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігімен бірлесе ұйымдастырылды.

Загрузка...

Сізден жаңалық