Бас жаңалықтар
Мәскеу университеті филиалы түлектерінің 93% елімізде жұмыс істейді
27 Наурыз 2019, 17:23 374

Мәскеу университеті филиалы түлектерінің 93% елімізде жұмыс істейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Қазақстан мен Ресей арасындағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалын ашу жөнінде бастама көтерді. Сол жылы 9 қазанда РФ Президенті В. Путиннің Қазақстанға сапары кезінде филиалдың құрылуы туралы хаттамаға қол қойылды. Филиал осы уақытқа дейін Л.Н. Гумилев Еуразия ұлттық университетінің базасында қызмет етуде. Қазақстандық филалдың қызметін одан әрі заңнамалық тұрғыда бекіту мақсатында 2017 жылғы 9 қарашада Челябинск қаласында Қазақстан мен Ресей арасыдағы 14-өңіраралық форум аясында ҚР Үкімет мен РФ Үкіметі арасында М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімге қол қойылды. 

Осы келісім филиалдың жұмыс істеуін реттейді. Филиалда оқыту Мәскеу мемлекеттік университетінің оқу бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады. Сонымен бірге, келісімде Қазақстанның жоғары оқу орындарында көзделген көлемде Қазақстан тарихы мен қазақ тілін міндетті түрде оқыту қарастырылған. Бұдан басқа, оқу жоспарларында Қазақстан экономикасының ерекшеліктері ескерілген. Бірінші және екінші курстарда Қазақстанды жаңғыртудың өзекті мәселелері туралы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер оқытылады. 

ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың айтуынша, Қазақстан филиалының қызметіне мүлікті өтеусіз беру және білім гранттарын бөлу арқылы қатысады. Филиал мүлікті ешкімге бере алмайды, оның қызметі аяқталған жағдайда мүлік Қазақстанға қайтарылады. 

«Жыл сайынғы қабылдау жоспары 125 студент, 40 магистрантты құрайды. Бүгінде филиалда 605 студент білім алады. Филиал жеке заңды тұлға болып табылмайды, сондықтан Мәскеу унверситетінің лицензиялары мен аккредитациясы негізінде жұмыс істейді. Осыған байланысты келісімде филиалдың білім беру және қаржы-шаруашылық қызметін бақылау үшін ведомстволық комиссиясы көзделген. Филиал қызметі 3 жылда бір рет тексеріледі, сондай-ақ ҚР заңнамасында белгіленген өзге де тексерулер өткізуге болады», - деді министр. 

Шәмшидинова келісімнің 12-бабында хаттама арқылы осы келісімге өзгерістер енгізу мүмкін екенін және бұл өзгерістер құжаттың ажырамас бөлігі болатынын атап өтті. Сондай-ақ, оқуды сәтті аяқтаған студенттерге Мәскеу мемлекеттік университетінің дипломы беріледі. 

«390 профессор мен оқытушының 130-ы бас университеттен тартылады. 14 жыл ішінде 1 725 маман даярланып шықты. Мониторинг нәтижелеріне қарағанда, соңғы 5 жылда түлектердің 93% Қазақстанда жұмысқа орналасты. Қазақстан заңнамасына сәйкес, филиал түлектерінің міндетті түрде жұмыс өтеу қажеттігі келісімде бекітілген», - деді ол.

Назерке Абибулла

Сізден жаңалық