Бас жаңалықтар
Мұрат Нұрғабылов: Қол жинауға ешқандай кедергі болған жоқ
03 Мамыр 2019, 19:50 731

Мұрат Нұрғабылов: Қол жинауға ешқандай кедергі болған жоқ

Жамбыл облысы, BAQ.kz тілшісі. "Ауыл" Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы" қоғамдық бірлестігі 9 маусымда өтетін кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ретінде Төлеутай Сатайұлы Рақымбековті ұсынғаны белгілі. Үміткер өткен айдың соңында мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін емтихан тапсырып, сыннан сүрінбей өтті.

Артынша облыстардағы сайлау комиссияларына Президенттікке кандидатты қолдау үшін қол жинау парақтары тапсырылған. Төлеутай Сатайұлының Жамбыл облысындағы сенімді өкілі Мұрат Нұрғабылов қол жинау процесінің ашық әрі жариялы түрде өтіп жатқанын мәлімдеді.


«30 сәуір күнінен бастап партияның он аудан орталығы мен Тараз қаласындағы штабтары бекітіліп, қол жинауға белсене қатысуда. Сайлау науқаны аясындағы бұл процестің ешқандай кедергісіз, ашық және жариялы түрде өтіп жатқанын баса айтқым келеді. Дәл қазірге дейін жоспарланған қол санының 80 пайызға жуығын жинап үлгердік. Біздің кандидатымызға сенім білдірген тұрғындарға ризашылығымызды жеткіземіз», - дейді Мұрат Нұриддинұлы.


Кандидаттың сенімді өкілінің айтуынша, Төлеутай Рақымбековтің Тараз қаласындағы сайлаушылары Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің ғимаратына келіп қол қоюына болады. Алайда, партияның Жамбыл облысындағы штабы екі күннен соң Көшек батыр мен Қойгелді көшелерінің қиылысындағы ғимаратқа көшірілмек.


Фото: автордан
Загрузка...