Мұхамбетов мұғалімдерді марапаттады

2 Қазан 2020, 13:20
2846
Бөлісу:
Мұхамбетов мұғалімдерді марапаттады
PHOTO
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов оқу-ағарту саласында озық нәтижелер көрсеткен мамандарды құттықтады. Олардың арасында «Үздік педагог» республикалық байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған мұғалімдер де бар.

Мұғалімдер күні қарсаңында облыста алты адам «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталса, 120 ұстаз Білім және ғылым министрлігінің грамоталарын, алғыс хаттарын алады. Ал 153 мұғалімге облыстық деңгейдегі мақтау қағаздары табысталмақ. 

Мұхамбетов мұғалімдерді марапаттады

Шектеу шараларына байланысты, облыс әкімінің қатысуымен өткен салтанатты шараға тек 12 педагог шақырылды. 

Білім беруді қолдау, мұғалім мамандығының беделін көтеру үшін өткен жылы «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңы қабылданды. Оны іске асыру үшін облыста шамамен 14,1 млрд теңге бөлінді. Осы жылдың басынан бері мұғалімдердің еңбекақысы 25% өсті. Келесі жылы тағы осынша қосамыз деп отырмыз. Қазір өңірдегі педагогтардың орташа жалақысы 197 мың 300 теңге, - деп атап өтті облыс әкімі Архимед Мұхамбетов. 

Мұхамбетов мұғалімдерді марапаттады

Марапатталғандардың бірі – Қостанай құрылыс колледжінің директоры Арман Шамшин. Ол «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін тағынды. 

Жетістіктеріміз жетерлік. Бүгін Ләззат Ерденова есімді ұстазымыз республикалық байқауда жеңімпаз атанып отыр. Былтыр Динара Сейтжанова деген оқытушымыз осындай марапатқа кенелген еді. Студенттеріміздің де нәтижелері көңіл қуантады. Максим Рюмин деген шәкіртіміздің есімі Қостанай облысы жастарының алтын кітабына енгізілген. Ол халықаралық ІТ байқауының лауреаты, - деп жетістіктерін тізбектеді Арман Шамшин.
Мұхамбетов мұғалімдерді марапаттады

«Үздік педагог» байқауының облыстық кезеңінде 35 педагог бақ сынап, алтауы жеңімпаз деп танылды. Оларға аймақ басшысы 300 АЕК (833 мың 400 теңге) көлемінде сыйақы сертификаттарын табыс етті. Осы алтаудың ішінен төртеуі республикалық кезеңде де жарқырай көрінді. Жеңімпаздарға 1000 АЕК (2 млн 778 мың теңге) көлемінде сыйақы тағайындалды.
Өзгелердің жаңалығы