Павлодар облысында жазда түрлі бағыттағы 800-ге жуық лагерь жұмыс істейді

21 Мамыр 2019, 08:35
4092
Бөлісу:
Павлодар облысында жазда түрлі бағыттағы 800-ге жуық лагерь жұмыс істейді

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде осы жылдың жазында 98 мыңнан астам оқушы демалыспен қамтылады. Бұл аймақтағы мектеп оқушыларының 98,8% құрайды.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының мәліметінше, демалыс, сауықтыру және бос уақытты қамтудың барлық түрін ұйымдастыруға облыстық, қала және аудандық бюджеттен 557,8 млн теңге қарастырылған.

Нақтырақ айтқанда, жергілікті бюджеттен 375 млн теңге бөлінсе, демеушілер тарапынан тағы 150 млн теңге жиналған.

«Демалыс науқаны барысында түрлі бағыттағы 758 лагерь жұмыс істейді, оның ішінде 324 мектеп жанындағы лагерь 49 мың оқушыны қамтиды. Сонымен қатар, 51 мың бала демалатын профильдік лагерь жұмысын бастайды. Екібастұз, Ақсу шағын қалалары, Ертіс ауданының мектеп жанындағы лагерьлерінде ұзақтығы 15 күн болатын үш сауықтыру ауысымы, Павлодар қаласында және қалған аудандарда екі ауысым өткізу жоспарланған. Мектеп жанындағы лагерьлерде жолдамалардың орташа құны 7,1 мың теңгені құрайды», - дейді басқарма басшысы.

Балалар мен жасөспірімдердің сауықтырылуын ұйымдастыруға қала сыртындағы демалыс аймақтары белсенді қатысады. Жазғы науқан кезінде қала сыртындағы 12 балалар лагерінің жұмысы ұйымдастырылады, оның ішінде тоғыз мемлекеттік және үш жекеменшік.

Жазғы кампания барысында тұрмысы нашар отбасылардың балаларына да баса назар аударылады. Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жаппай оқыту қаражаты есебінен демалыспен және сауықтырумен қамтылатын болады. 15,8 мың баланы тиімді демалыспен қамту жоспарлануда.

Айта кетерлігі, осы жолы «Балаға жолдама сыйла» акциясы өтеді. Меценаттар және демеушілер 21,8 млн теңгеге 358 жолдама сатып алуды көздемек. Оқуда, спортта және шығармашылықта дарынды балалар үшін Сочи қаласына 10 жолдама сатып алуға демеушілік көмек көрсетіледі.



Өзгелердің жаңалығы