Ләззат Ақтаева: Реанимация бөлімінде 119 науқас жатыр

16 Маусым 2020, 18:26
1574
Бөлісу:
Ләззат Ақтаева: Реанимация бөлімінде 119 науқас жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі қызметін уақытша атқарушы Ләззат Ақтаева ведомствоның Facebook парақшасында өткен тікелей эфир барысында айтты.

Бүгінгі таңда еліміз бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 15 192 жағдай және 5 492 симптомсыз вирус тасымалдаушы тіркелген (есеп 3 маусымнан бері). Соңғы тәулік бойынша 383 адамнан коронавирус анықталса, 600 адамда вирус симптомсыз екені анықталды. Өткен апта бойынша ауру жұқтыру деңгейі – 1,9%-ды құрады. Жалпы, ауру жұқтырғандардың 80%-ы байланыста болғандар арасынан анықталып отыр. Өңірлер бойынша тоқталсам, өткен аптада Ақтөбе облысында (3,6), Қарағанды облысында (2,8), Атырау облысында (2,5), Алматы қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысында (2,4), Шымкентте (2) Ақмола және өзге облыстарда 2 пайыздан төмен көрсеткіш байқалды, - деді ол.

Ләззат Ақтаева вирус жұқтырудың негізгі себептеріне тоқталды.

Эпидемиологтардың пікірінше, ауру жұқтырудың негізгі себебі – әлеуметтік, еңбектегі және отбасындағы байланыстарының артуымен байланысты. Өйткені, еңбек ұжымдары мен отбасындағы вирус жұқтыру жиілігі бірдей. Сонымен қатар, жұмыс істеу, түрлі қызметтерді алу барысында, күнделікті тұрмыста профилактикалық шаралардың (маска тағу, арақашықтық ережесін сақтамау және т.б.) мұқият сақталмауы да вирустың жылдам таралуына себеп болып отыр. Жұмысын қайта бастаған мекемелердегі режимнің де жеткілікті дәрежеде орындалмауы вирустың таралуына бір себеп, - деді ол.

Ләззат Ақтаеваның айтуынша, бүгінгі таңда стационарларда 5795 науқас тиісті ем-дом шараларын қабылдауда. Олардың 85%-ның жағдайы қанағаттанарлық. 12,8%-ның жағдайы орташа деңгейде. Ал реанимация бөлімінде 119 науқас жатыр.


Өзгелердің жаңалығы