Қызылордада коронавируспен күресте көз жұмған медицина қызметкерлеріне ескерткіш ашылды

18 Маусым 2021, 22:41
1363
Бөлісу:
Қызылордада коронавируспен күресте көз жұмған медицина қызметкерлеріне ескерткіш ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда қаласында коронавирус індетімен күресіп, дүниеден озған медицина қызметкерлеріне ескерткіш ашылды.

Қызылордада коронавируспен күресте көз жұмған медицина қызметкерлеріне ескерткіш ашылды

Шартарапты шарлаған коронавирус індетімен күресте ақ халаттылар мыңдаған адамның өмірін құтқарып қалды. Олардың арасында халық денсаулығын сақтау жолында жүріп, ауру жұқтырып дүниеден өткендер бар. Кеше олардың еңбегін ұмытпау, ұрпаққа насихаттау мақсатында Қызылорда медициналық жоғары колледжінің жанынан ескерткіш ашылды.

Медицина қызметкері күні мерекесі қарсаңында өткен белгінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова қатысты. Шарада ол медицина қызметкерлерінің ел денсаулығын сақтау жолында атқарған қызметі өте ауқымды екенін, медициналық құрал-жабдықтар қанша жетілгенімен білікті мамансыз ештеңеге жарамайтынын, кәсіби деңгейі жоғары дәрігерлердің арқасында аурушаңдық біршама төмендеп тұрғанын атап өтті. 

Қызылордада коронавируспен күресте көз жұмған медицина қызметкерлеріне ескерткіш ашылды

Сондай-ақ жиынға сала ардагерлері Тұрғанбай Маханов, Рая Көзденова қатысып, өткен ғасырда да халқымыз сан түрлі сыннан өткенін айтты.

Бір жақсысы, қазір індетке қарсы ем табылды. Бірақ арақашықтықты сақтау, маска тағу сынды қауіпсіздік ережелерін орындауға міндеттіміз. Сонда ғана аурудың алдын алуға болады. Қазақта «Өткендерді еске алған, өскендіктің белгісі» деген сөз бар. Халық денсаулығы жолында күрескен әріптестерімізге арнап ескерткіш үшін медицина қазметкерлері атынан алғыс білдіремін, – деді Тұрғанбай Маханов. 

Айта кету керек, Сыр өңірінде коронавируспен күреске жұмылған 19 медицина қызметкері қайтыс болды.

Қызылордада коронавируспен күресте көз жұмған медицина қызметкерлеріне ескерткіш ашылды

Індетпен күрестің алғы шебінде жүріп өмірден өткен дәрігерлерге арнап өз қаражатына ескерткіш орнатқан кәсіпкер, «Q-Med» медициналық орталықтарының директоры – Раушан Базарбай. 

Мүсін пандемия кезіндегі әрбір медицина қазметкерінің жанкештілігін, кәсібіне адалдығын көрсетеді. Ескерткіштің медициналық білім ордасының ауласында орналасуында да үлкен мән бар.  Өйткені бұл мамандықты таңдаған әр студентел алдындағы антына берік болуы керегін осы мүсін арқылы бойына сіңіреді деген ойдамын, – деді Раушан Базарбай.

Қызылордада коронавируспен күресте көз жұмған медицина қызметкерлеріне ескерткіш ашылды

Ескерткіштің авторы суретші Әлібек Қойлақаев. Науқастарды емдеуде қажыған, өзі де дертке шалдыққан, бірақ сонда да әлемді құтқаруға соңғы демі қалғанша күрескен медицина қызметкерін бейнелеген.

Қызылордада коронавируспен күресте көз жұмған медицина қызметкерлеріне ескерткіш ашылды

Шараға марқұм болған медицина қызметкерлерінің туыстары да қатысып, ескерткішке гүл шоғын қойды.

Өзгелердің жаңалығы