Коронавирус кей адамдарда үрей туғызуда – психотерапевт

13 Қаңтар 2021, 18:26
1444
Бөлісу:
Коронавирус кей адамдарда үрей туғызуда – психотерапевт

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Media medschool» онлайн дәрісі барысында Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы мен Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының психотерапевті Рашид Азизов айтты.

Біз жуырда карантин кезінде психологиялық проблемаларға тап болған жандарға көмек қолын созуға арналған  сайт құрдық. Сол сайт арқылы кеңес беру кезінде байқалған үлкен проблемалардың бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткішінің артуы болып отыр. Бұл тек біздің елімізде ғана емес, сонымен қатар, тұтас әлемде өршіп тұрған жағдай. Мысалы, стресс жағдайында өзінің эмоциясы мен агрессиясын басқаруға құлықсыз немесе қабілетсіз адам жанындағы жақындарына психологиялық немесе физикалық зорлық-зомбылық көрсетеді, - дейді маман.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта әлемде болып жатқан жағдай барлық адамға үлкен әсер етуде. 
Бұл шынымен де қорқынышты жағдай. Кейбір адамдардың бұл аурудан қатты қорқып, үрей, мазасыздық сияқты психологиялық қорқыныштарға ұшырап жатқанын байқаймыз. Мен ұзақ уақыт бойы кардиологиялық аурумен ауырып, соның кесірінен хирургиялық операцияларға ұшыраған жандармен жұмыс істеп келемін. Әрине, осыған байланысты қандай ауру болса да, ол адамға ментальдық тұрғыдан да үлкен әсер ететінін байқауға болады. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін, ең бірінші, өзіңіздің осыған дейінгі күнделікті өміріңізден бас тартпаңыз. Тек алдын алу шараларын ұмытпауыңыз қажет, - деп атап өтті психотерапевт.
Еске салайық, бұған дейін Рашид Азизов коронавирустың жүйке жүйеіне әсері мен пандемия кезінде күйзеліске ұшырау коэффициенті көбейгенін айтқан болатын.

Айта кетейік, бүгінгі дәріс «COVID-19 пандемиясынан психологиялық денсаулықты қалай сақтаймыз және психикалық аурулардың алдын алу: тәжірибелі мамандардың кеңесі» тақырыбы аясында өтті.

Ұмсындық Наурызбаева
Өзгелердің жаңалығы