Коронавирустың жүйке жүйесіне әсері бар

13 Қаңтар 2021, 17:47
1829
Бөлісу:
Коронавирустың жүйке жүйесіне әсері бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Media medschool» онлайн дәрісі барысында Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы мен Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының психотерапевті Рашид Азизов айтты.

Психолог маманның айтуы бойынша, ертеңгі күнге деген сенімсіздік, әлем бойынша қатаң карантиннің орнауы, қауіпті вирустың масштабты түрде белең алуы, жұмыссыздықтың көбеюі, жалған ақпараттар адамдардың психологиялық күйзеліске ұшырауына әкелген. 

Психологиялық-депрессиялық белгілер, әсіресе, табиғатынан эмоционалды, стресске жоғары сезімтал адамдардың бойынан өте жиі байқалды. Көктемде болған локдауннан кейін үлкендердің ғана емес, балалардың бойынан да қорқыныш-үрей белгілері көбейген, - дейді ол. 

Канадалық зерттеуші Ганс Сельенің зерттеуі бойынша, стресстің үш кезеңі бар: мазасыздық, организмнің қарсыласуы және соңғысы – оның түбегейлі сарқылып, стрессті толықтай қабылдауы. 

Рашид Азизовтың айтуынша, COVID-19 аталған үш кезеңнің адамдар арасында тез таралуына әсер етті.

Коронавирус ағзадағы жасушалардың жұмысында келеңсіздіктер туғызып, «цитокиндік штормға» алып келеді. Бұл өз кезегінде адамның физиологиялық қана емес, психологиялық жағдайының да төмендеуін туғызады. Цитокин триптофан секілді көңіл-күй гормонына тікелей байланысты белсенді заттардың мөлшерін азаюына алып келеді, - дейді маман. 

Психолог Азия елдері халықтарынан үлгі алып, жиі медитация жасауға, дем алу жаттығуларын жасауға және кез келген жағдайда сабырлық танытып, организмді күтуге кеңес береді.

Айта кетейік, бүгінгі дәріс «COVID-19 пандемиясынан психологиялық денсаулықты қалай сақтаймыз және  психикалық аурулардың алдын алу: тәжірибелі мамандардың кеңесі» тақырыбы аясында өтті.

Раушан Арманқызы

Өзгелердің жаңалығы