Коронавирус: Анализдерді сараптайтын 6 зертханалық орталық жұмыс істейді

3 Мамыр 2020, 20:29
1668
Бөлісу:
Коронавирус: Анализдерді сараптайтын 6 зертханалық орталық жұмыс істейді

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында қауіпті індетке қарсы тестілеуден 6 700 адам өтті. Олардың дені әлеуметтік маңызы бар мекемелердің қызметкерлері, дәрігерлер, әскерилер, төтенше жағдай саласының жұмысшылары. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбев баяндап берді. Оның сөзінше, өңірге бүгінде "Тенгиз Шеврон" мекемесінде жұмыс істейтін 300 адам келген. Өзге де мекемелерде вахталық негізде жұмыс істейтін жамбылдықтар келіп жатыр. Олардың барлығын жаппай тестілеуден өткізілу үстінде.

Коронавирус дертіне шалдыққандарды емдеу және оқшаулау үшін Жамбыл облысында 1 364 төсек-орын қоры әзірленіп, оның 984-і қолданысқа берілді. Қауіпті індетпен күреске 770 медицина қызметкері жұмылдырылған. Қазіргі таңда ақ халатты абзал жандардың зор еңбектерінің куәсі болып отырмыз. Барша медицина қызметкерлеріне ерен еңбектері үшін алғысымызды білдіреміз, - деген ол Президент тапсырмасы аясында облыс бойынша 2 000 медицина қызметкеріне 190 млн теңге қаржы бөлініп төленіп жатқанын жеткізді.

Бұдан басқа, алдыңғы шепте жүрген сала қызметкерлеріне жағдай жасау үшін екі қонақүйге 132 медицина қызметкерлері орналастырылып, жүріп-тұруына арнайы тасымалдау ұйымдастырылған, таңғы, түскі, кешкі аспен қамтамасыз етілген.

Ержан Жұматұлының сөзіне қарағанда, өңірде медициналық бұйымдар мен қажетті препараттар қоры жеткілікті. Атап айтқанда, 6 441 дана костюм, 157 432 бір реттік маска, 1 200 вирусқа қарсы препараттар, 5 384 антисептиктер, дезинфекциялық заттар қоры бар.

Шұғыл шығындарға жалпы 1,5 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Денсаулық сақтау министрлігінің резервінен қажетті медициналық мақсаттағы бұйымдар мен зертханалық құрал-жабдықтарды сатып алуға 43,9 млн теңге көлемінде қаражат қаралып, 40,5 млн теңгеге келісім-шарт жасалды. Бүгінде "СК-Фармация" ЖШС арқылы 24,1 млн теңгеге жеке қорғаныш құралдары, дәрі-дәрмектер, оның ішінде 141 725 дана бетперде, 69 250 бір реттік қолғап, 100 милилитрлік 246 флакон қолды залалсыздандыруға арналған антисептик жеткізілді, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Қалған 16,3 млн теңгеге қажетті жабдықтарды – 2 капсула пен 4 скофандрды мердігер келісім-шарт негізінде 90 күн ішінде жеткізуі қажет екен. Ал Үкімет резервінен қажетті дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды және жеке қорғаныс құралдарды сатып алуға 536,9 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп, 105,4 млн теңгеге 3 510 дана көп реттік қорғаныс костюмдері, 44 700 данадан бір реттік бетперделер, бір реттік қолғаптар және дәрілік заттар алынған.

Жергілікті бюджеттің резервінен дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды, жеке қорғаныс құралдары мен экспресс тестті сатып алу үшін 281 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Оның ішінде 270 млн теңгеге келісім шарт жасалып, 65 млн теңгеге қажетті заттар әкелінді. Жоспарланған 10 000 экспресс тесттің қазіргі 4 920-сына қол жеткіздік. 1 008 дана ПЦР тест те толығымен осында. Одан басқа, 5 920 респиратор, 600 дана көпреттік костюмдер алынды, - деген Е.Жылқыбаев қажетті медициналық мақсаттағы бұйымдар мен зертханалық құралдарды, жеке қорғаныш заттарын, дәрі-дәрмектер сатып алу, жеткізу жұмыстары ұйымдастырыла беретінін де айтты.

Ержан Жұматұлы Қордай ауданында қосымша зертханалық орталық жасақталғанын мәлімдеді. Соның арқасында анализдердің нәтижесін алу уақыты 6 сағатқа қысқарған. Яғни, енді анализдердің нәтижесін білу үшін Тараз қаласына келіп-кетудің қажеті жоқ. Қосымша тағы 3 осындай лобораториялық нысан іске қосылыпты. Сонда Жамбыл облысында барлығы 6 зертханалық орталық жұмыс істеп тұр.

Көпшілікке белгілі, Меркі аудандық ауруханасындағы келеңсіздіктер бойынша облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бас дәрігер, оның орынбасары және бас есепші жұмыстан босатылғаны жөнінде БАҚ-да да жарияланды. Осы уақытқа дейін басшысы жоқ 6 емханаға конкурстық комиссияның шешімімен бас дәрігер тағайындалды. Бүгінгідей сын сағатта дәрігерлерге жүктелетін жұмыс ауқымды, десек те тағайындалған бас дәрігерлерден үлкен жауапкершілік пен жоғары кәсібилікті күтеміз, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Тағы айта кетерлігі, өңірде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге жауап беру, жылдам әрекет ету, карантин талаптарын түсіндіру мақсатында «109 жәрдем», жедел әрекет штабы құрылған. Бұл орталық тұрғындардың игілігі үшін тәулігіне 24 сағат қызмет етуде. Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, бұл – "Еститін мемлекет" жүйесі аясында халыққа қызмет ететін оңтайлы құрал. Төтенше жағдай уақытында мемлекеттік мекемелерден көпшілік дер кезінде әрекет етуді, тындырымды тірлікті күтеді. Бүгінгі күннің талабы да осы.

Негізі міндетіміз – вирустың таралуына жол бермеу. Облыс аумағында орналатылған барлық 48 блок бекеттердің жұмысы күшейтілген. Оларда мың шақты адам жұмыс істеуде. Сонымен қатар арнайы бейнекамералар, палаткалар орнатылып, тепловизорлармен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өңір тұрғындарының денсаулығының қауіпсіздігін індеттен қорғайтын қалқан осы бекеттер болып отыр. Бұл жерде полиция қызметкерлерінің жұмысына алғыс айтуға тиіспіз, - деді ол.

Ержан Жұматұлы Мемлекет басшысының Үндеулерінде, мемлекеттік комиссия отырыстарында халықтың әлеуметтік әлеуетіне баса назар аударатнын алға тартты. Осыған орай, Жамбыл облысы аумағында да тұрғындарды әлеуметтік қолдау бойынша кешенді түрде көмек көрсетіліп жатыр. Төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған тұлғаларға тағайындалатын 42 500 теңге, бірыңғай жиынтық төлемдер төлегендерді қосқанда барлығы 268 882 азаматқа берілген. Тек осы бағыттың өзіне 11,4 млрд теңге жұмсалыпты.

Президент тапсырмасымен облыстағы 77 130 адамға құны 5 567 теңгені құрайтын 429 млн теңгенің азық-түлік жиынтығы үлестірілді. Сонымен қатар, жергілікті экономикалық тергеу департаменті тарапынан тәркіленген, құны 546,5 млн теңгені құрайтын 530 мың дана киім-кешек коммуналдық меншікке алынып, мұқтаж және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға таратылмақ. Бұдан өзге, "Nur Otan" партиясының өңірдегі филиалымен бірлесіп, "BizBirgemiz" қоры қаражатынан Тараз қаласындағы халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек беру жұмыстары жүргізілді, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұл азаматтар тізімі 7 санат бойынша жасақталып, 16 768 тараздықтың есепшоттарына 50 мың теңгеден аударылған. Барлығы 838 млн теңге қаражатқа көмек жасалыпты. Сондай-ақ "Nur Otan" партиясының аймақтағы белсенді мүшелері мен жеке кәсіпкерлердің көмегімен 80 млн теңге көлемінде қаржы жиналып, 3 000 отбасы алғашқы кезектегі қажеттіліктегі азық-түлік себеттерімен қамтылды.

Бір сөзбен айтқанда, Жамбыл облысының 400 мың тұрғынына 20 млрд теңгеге жуық әлеуметтік төлем жасалды. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен көмек. Бүгінгі таңда халық үшін маңызды ақпараттың бірі – төтенше жағдай кезеңінде коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу. Бұл келесі санаттардағы азаматтарға беріледі: біріншіден 1, 2, 3 топтағы мүгедектер; екінші, мүгедек бала тәрбиелеуші отбасылар; үшінші, көпбалалы отбасылар; төртінші, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және оларға теңестірілген азаматтар; бесінші, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасы; алтыншы, ең төмен және аз зейнетақы алатын зейнеткерлер; жетінші, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғыз басты зейнеткерлер, - деді Ержан Жұматұлы.

Белгілі болғандай, коммуналдық қызмет тұтынушылардың дербес есепшоттарына екі ай бойы тікелей 15 мың теңге көлемінде шығындар өтеліп тұрады. Жалпы өңірде осы бағытта 119 мың тұрғынды қамту жоспарланып отыр екен. Бұл жөнінде арнайы колл-орталық та құрылған.

Ержан Жылқыбаев осы тотенше жағдай уақытында ең үлкен мәселенің бірі халықтың табысын арттыру болса, бұл бірінші кезекте нәтижелі жұмыспен қамту арқылы шешілетінін әңгімеледі. Мемлекет тарапынан халықты жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікке тарту бойынша "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатыр. Жамбыл облысында бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін биылға 17 млрд теңге бөлінген.

Биылғы үш айда аталған бағдарламамен 8 085 адам қамтылды. Жыл соңына дейін 49 100 азамат жұмыспен қамтылады деген ойдамыз. Республикалық бюджеттен көрсетілген қолдау нәтижесінде облысқа 136 млрд теңге бөлінді. Бұған 30 мың жұмыс орнын ашу көзделуде. Соның ішінде Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында барлығы 831 инфрақұрылымдық жобаны іске асыратын боламыз. Бұл мақсаттағы 690 жобаға 70 млрд теңге және Қордай ауданы бойынша 141 жобаға 12 млрд теңге қаржы қаралып отыр. Үстіміздегі жылы жоспарланған жобалардың есебінен 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылатын болады, - деді жергілікті әкімдіктің өкілі.

Инфрақұрылымдық жобалар негізгі 4 бағыт бойынша іске асырылады екен. Атап айтқанда, әлеуметтік-мәдени нысандарға жататын 181 жобаға 11,1 млрд теңге бөлініп, 3 715 жұмыс орны ашылмақ. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы нысандарына жататын 179 жобаға 24,2 млрд теңге қаралып, 8 092 жұмыс орны құрылады. Инженерлік-көлік инфрақұрылымдық нысандарына жататын 208 жобаға 16,6 млрд теңге қаралып, 5 531 адамды жұмыспен қамтиды. Соңғысы, елді мекендерді абаттандыру нысандарына жататын 122 жобаға 4,3 млрд теңге бөлініп, оларда 1 407 азамат жұмыс істейтін болады.


Өзгелердің жаңалығы