Бас жаңалықтар
Көкшетаулық құрылыс компаниясы темірбетон өндірісін іске қосады
13 Наурыз 2019, 22:36 686

Көкшетаулық құрылыс компаниясы темірбетон өндірісін іске қосады

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда кварц құмын өндіріп, қабырға блоктарын шығаратын «Намыс» құрылыс фирмасы Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында темірбетон бұйымдарын өндіру инвестициялық жобасын іске қоспақ.

Облыс орталығының барлық құрылыс компанияларын құммен қамтып отырған серіктестік кварц құмының 12 түрін елімізбен қатар Ресей, Түркия, Қытай мемлекеттеріне экспорттауда. Мұнда жылына 75 мың текше метр құрылыс материалдары өндіріледі. Жаңа заманғы техникамен жабдықталған құрылыс фирмасында білікті мамандар еңбек етуде.

Кәсіпорын құрылыс жұмыстарынан бөлек көлдерді тазарту бойынша экологиялық жобаларға қатысты. Қазіргі уақытта серіктестік бетон және темірбетон өндірісі желісін ашып, Индустрияландыру картасына енуді жоспарлап отыр.

«Қолға алған жобаны жүзеге асыру үшін жеке қаражатымыздан 100 миллион теңге қарастырып отырмыз. Өндіріс аймағында шетелдік құрал-жабдықтармен жұмыс істейміз. Темірбетон өндірісіне қажетті қондырғылар, кран сатып алынды. Осылайша жылына 50 мың текше метр бетон өндіру жоспарланып отыр. Өнім түрлері де артады. Іргетас блоктары, тұйықтағыш, тас шеңберлер және басқа да бұйымдар шығарылады», - дейді «Намыс» құрылыс фирмасы» ЖШС жетекшісі Сәкен Жұманалин.

«Намыс» құрылыс фирмасы облыс орталығындағы құрылыс компанияларын шикізатпен қамтамасыз етіп отыр. Кварц құмы ірі металлургиялық, уран, мұнай-химия, су тазартқыш, машина құрылысы кәсіпорындарында үлкен сұранысқа ие.

«Облыста тұрғын үй құрылысының қарқын алуымен «Көкше-Цемент» ЖШС, «Регион строй», «ENKI» және «AstanaCeramic», кірпіш зауыттары, «Намыс» ЖШС сияқты кәсіпорындардың өнімдеріне сұраныс артуда. Әрі құрылыс фирмаларының сапалы өнімдері тиісті орынға теміржол, автокөлікпен жылдам жеткізіледі. Бір атап өтерлігі, темірбетон өндірісіне «Көкше-Цемент» ЖШС шикізаты, яғни жүз пайыз отандық өнім пайдаланылатын болады», – дейді Сәкен Жұманалин.

Өндіріс қуатының артуымен серіктестікте қосымша тұрақты жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.


Фото: автордан

Сізден жаңалық