Бас жаңалықтар
ҚИК ипотекалық қарыз сомасын 65 млн теңгеге дейін ұлғайтты
01 Сәуiр 2019, 14:43 629

ҚИК ипотекалық қарыз сомасын 65 млн теңгеге дейін ұлғайтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық ұйымы» АҚ Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жылжымайтын мүлік сатып алуға берілетін «Орда» меншікті ипотекалық өнімі бойынша ең жоғары қарыз сомасын 40-тан 65 000 000 теңгеге дейін ұлғайтты.

«ҚИК» ИҰ» АҚ-дан «Орда» ипотекалық өнімі Қазақстанның барлық азаматтарына меншігінде басқа тұрғын үйдің болуына қарамастан, бастапқы және қайталама тұрғын үй нарығында жылжымайтын мүлік сатып алуға мүмкіндік береді.

Төлемге қабілеттілікті толық растау жағдайында қарыз алушылар үшін ипотекалық қарыз бойынша мөлшерлеме жылдық 12%, кірісті ішінара растаған жағдайда - жылдық 14% болады.

 Ірі қалаларда тұрғын үй бағасының жоғары болуына, сондай-ақ қарыз алушылар тарапынан сұраныстың болуына байланысты, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тұрғын үй сатып алуға берілетін ең жоғары қарыз сомасы 65 млн теңгені құрайды. Қазақстанның қалған өңірлері үшін қарыз сомасы өзгерген жоқ – 40 млн теңгеге дейін. Ең төменгі қарыз сомасы – 1 млн теңге. Қарыз мерзімі 20 жылға дейін.

 Қазақстанның 21 жастан жоғары кез келген азаматы қарыз алушы бола алады. Кредитті өтеу кезінде қарыз алушының немесе қосалқы қарыз алушының жасы зейнетке шығатын жастан аспауы тиіс. Несиелендіру екінші деңгейдегі банктер арқылы жүргізіледі, олар «ҚИК» ИҰ» АҚ-ның тұтынушыларды тарту және қарыз беру бойынша серіктестері ретінде әрекет етеді. Бүгінгі таңда «Орда» ипотекасын «Цеснабанк» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Kassa Nova» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, сондай-ақ BI Group ипотека орталықтары арқылы рәсімдеуге болады.

 «Орда» ипотекасы кіріс толық расталған жағдайда тұрғын үй құнынан 30% және кіріс ішінара расталған жағдайда 50% көлеміндегі бастапқы жарнаны енгізуді қарастырады. Бұл ретте бастапқы жарна қарыз алушының немесе үшінші тұлғалардың иелігіндегі жылжымайтын мүлік түріндегі қосымша кепілге ауыстырылуы мүмкін.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...