Қазақстанда баспаналы болудың жеңіл жолы қандай?

10 Наурыз 2021, 15:00
12175
Бөлісу:
Қазақстанда баспаналы болудың жеңіл жолы қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тұрғын үй мәселесі - маңызды мәселелердің бірі. Халықтың баспаналы болуына мүмкіндік жасау мақсатында іске асырылып жатқан тұрғын үй бағдарламаларының қатары да артып келеді. Бүгінгі мақаладан елдегі бағдарламалардың талаптары мен шарттары, ерекшелігі, тиімділігі жайында біле аласыздар.


Сатып алу құқығынсыз берілетін жалдамалы пәтер

Бағдарламаға азаматтардың әлеуметтік осал санаттары қатыса алады. Олар көпбалалы отбасылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедек балалары бар отбасылар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері.

Шарттары:

- отбасының бір мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін құрауы тиіс (2021 жылы 34,3 мың теңге);
- кезекте тұру;
- жеке тұрғын үйінің болмауы.
Пәтер коммуналдық қордан беріледі. Пәтерде 5 жыл сайын жалдау шартын ұзартып тұруға болады. Жалға алушы қайтыс болған жағдайда мұрагерлік бойынша беріледі және отбасы мүшесіне қайта ресімделеді.

Ай сайынғы жалдау ақысы 5 000 теңгеден 15 000 теңгеге дейін соманы құрайды. Мөлшерін жергілікті әкімдік белгілейді. Коммуналдық және үйді ұстау қызметтері қосымша төленеді.


Жұмысшы жастарға берілетін жалдамалы пәтер

Бағдарлама Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жүзеге асырылып келеді. Сондықтан аталған қалаларда тұратын, жасы 29 жасқа толмаған жастар бағдарламаға қатысуға мүмкіндіктері бар.

Шарттары:

– аяқталған орта/арнайы орта/жоғары/жоғары оқу орнынан кейінгі білім және ресми жұмысқа орналастыру;
– қалаларда соңғы 2 жылдан кем емес тұрақты үздіксіз тіркелу;
– өтініш берушіде және отбасының барлық мүшелерінде ҚР бойынша меншік құқығында, сондай-ақ 2 жыл ішінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің болмауы;
– төлем қабілеттілігін растау (ай сайынғы табыс минимум 117 мың теңге/соңғы 6 айда 40 АЕК).
– ресми жұмысқа орналасу.
Айта кетейік, конкурсқа қатысу үшін құжаттар тапсырған азаматтар арасында іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізіледі. Балл әр отбасы мүшесіне, некенің әр жылына, сұранысқа ие мамандық тізімінде болуына, өтініш берушінің әртүрлі қызмет салаларында жеке жетістіктері болған кезде және екінші деңгейдегі банктердегі жинақ шоттарындағы жинақтардың әрбір жылы үшін беріледі.

Пәтерлер 5 жылға дейін жалға беріледі. 5 жылдан кейін қайта ұзарту құқығы жоқ. Сонымен қатар ай сайынғы жалдау ақысы 5 000–15 000 теңгені құрайды. 


Сатып алу құқығы бар жалдамалы пәтер

Бұл жобаға білім беру, денсаулық сақтау, ІІД, ТЖД саласында жұмыс істейтін әкімдіктерде кезекте тұрғандар қатыса алады. Тізімдерді Денсаулық сақтау және Білім министрліктері мен бейінді басқармалар жасайды.

Бағдарлама операторы – «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ.

Бағдарламаға қатысушылардың жеке басында тұрғын үй болмауы қажет.

Шарттары:

- бастапқы жарнасыз;
- жалға алу мерзімі - 20 жыл;
- мерзімінен бұрын сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.
Жалға алу құны 1 шаршы метр үшін Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында және қала маңындағы аймақтарда, Шымкент, Атырау, Ақтау қалаларында 1 455 теңге, ал қалған өңірлерде 1 232 теңге.

Табыс жеткіліксіз болған жағдайда кепілгерлерді тартуға болады.

2018 жылға дейін сатып алу құқығымен жалға алу әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтар үшін де қолданылды. 2021 жылы оны қайта бастау жоспарлануда.

Бұл келесі санаттар:

- көпбалалы отбасылар;

- толық емес отбасылар;

- мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар;

- жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

- қандас (оралмандар);

- мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері;

- I, II топтағы мүгедектер.

  

«Бақытты отбасы» немесе «2-10-20»

Бағдарламаға тұрғын үй сатып алу үшін әкімдікте кезекте тұрған көпбалалы, толық емес отбасыларға, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады. Жобаның операторы – «Отбасы банк».

Талаптар:

-        отбасының бір мүшесіне шаққанда 3,1 КМ-ге дейінгі табыс (106,4 мың теңге);
-        кезекте тұру;
-        жеке тұрғын үйдің болмауы;
-        негізгі кірістің болуы. Егер қаражат жеткіліксіз болса, екі қарыз алушы тартылуы мүмкін.
Шарттары:

-        Жылдық заем мөлшерлемесі 2%;
-        Ең төменгі бастапқы жарна 10%;
-        Заем мерзімі 20 жылға дейін;
-        Заем сомасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында 15 млн теңгеге дейін. Басқа аймақтарда 10 млн теңгеге дейін.


«7-20-25»

«7-20-25» бағдарламасына кез келген қазақстандық қатысуға мүмкіндігі бар. Олар «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-мен ынтымақтастық туралы келісімі бар екінші деңгейлі банктерге жүгінеді. Олар Банк ЦентрКредит, Сбербанк, Халық банкі, Еуразиялық Банк, АТФБанк, Jýsan Bank, Bank RBK, Forte Bank, Altyn bank.

Талаптар:

-        Қазақстан Республикасының азаматтығы;
-        Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығындағы тұрғын үйінің болмауы;
-        Расталған еңбек және кәсіпкерлік қызметтен алынатын кірісінің болуы (отбасының бір мүшесіне 106,4 мың теңге);
-        Ипотекалық кредиттерінің болмау

 Шарттары:

-        жылдық мөлшерлемесі 7%;
-        бастапқы жарна 20%-дан бастап;
-        несие мерзімі 25 жылға дейін.

Тек қана құрылыс салушылардан пайдалануға берілген жаңа салынған тұрғын үйлерге ғана рұқсат беріледі.

Пәтердің бағасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент - 25 млн теңге, Қарағандыда 20 млн теңге, қалған өңірлерде 15 млн теңге.

    

«Нұрлы жер» немесе «5-20-25»

Бұл бағдарламаға да әкімдіктерде кезекте тұрғандар, әскери қызметшілер, бюджет қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер қатыса алады.

Бағдарлама операторы - «Отбасы банк», сондай-ақ қатысушыларды балдық жүйе бойынша іріктеледі.

Талаптар:

- 3,7 КМ дейінгі табыс (127 мың теңге);

- соңғы бес жыл ішінде меншік құқығында тұрғын үйдің болмауы;

- соңғы үш жыл ішінде тұрғылықты жері бойынша тіркелу;

- төлем қабілеттілігін растау;

- Еңбек және кәсіпкерлік қызметтен соңғы алты айдағы табысының болуы.

Шарттары:

- Жылдық 5% мөлшерлеме; 

- бастапқы жарна - 20 %;

- несиелеу мерзімі 25 жылға дейін;

- тұрғын үй бастапқы нарықта ұсынылады.

 Құны 1 ш.м:

- Алматыда 240 мыңға дейін;

- Нұр-Сұлтанда және оның қала маңы аймағында 220 мыңға дейін;

- Шымкентте және Алматы қаласының қала маңы аймағында 200 мыңға дейін;

- Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан және Қарағанды облыстарында 180 мыңға дейін;

- қалған өңірлерде 160 мыңға дейін.

 

«Шаңырақ» немесе «5-10-20»

Бағдарламаға әкімдікте кезекте тұрғандар қатысады. Операторы – «Отбасы банк».

Талаптар:

- отбасының бір мүшесіне шаққанда 3,7 КМ аспайтын табыс (127 мың теңге);

- жеке тұрғын үйінің болмауы; 

- еңбек табысының болуы және төлем қабілеттілігін растау. Екі қосалқы қарыз алушыны тартуға болады;

- өтелмеген кредиттердің болмауы.

Шарттары:
- жылдық 5% мөлшерлеме;
- бастапқы жарна - 10%;
- ипотека мерзімі 20 жылға дейін.

Әкімдіктер немесе жеке құрылыс компаниялары салған құрылыстан және құрылыс салушыда тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігі болған кезде салынатын құрылыстан пәтер алуға болады.

Үйдің максималды сомасы Нұр-Сұлтан, Алматы және оның қала маңы аймақтарында 18 млн теңге, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағанды және Қарағанды облыстарында 15 млн теңге және қалған өңірлерде 12 млн теңгені құрайды.

1 ш. м. үшін әкімдіктер салған пәтердің құны:

- 240 мыңға дейін - Алматы;

- 220 мыңға дейін - Нұр-Сұлтан және оның қала маңы аймағы;

- 200 мыңға дейін - Шымкент және Алматы қала маңы аймағы;

- 180 мыңға дейін - Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан, Қарағанды және Қарағанды облысы;

- 160 мыңға дейін - қалған өңірлер.

 

«Алматы жастары» және «Елорда жастары»

Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы жастар қатыса алатын бағдарлама.

Талаптар:

-        35 жасқа дейінгі азаматтар;
-        Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт, БАҚ, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары, ЖОО мен Ғылыми-зерттеу институттары қызметкерлері;
-        Өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жылда жылжымайтын мүлік болмауы тиіс;
-        қатысушыларының ресми жұмыс өтілі соңғы алты айдан кем болмауы тиіс әрі міндетті зейнетақы жарналары аударылып тұруы қажет;-        Өзін-өзі жұмыспен қамтыған үміткерлердің кемінде жарты жыл бойы қалада тіркелген және қызмет көрсететін жеке кәсіпкерліктің болуы міндетті.
Несиені 25 жылға дейін алуға болады. Бастапқы жарна кемінде 10%-ды құрауы тиіс, несие бойынша пайыздық мөлшерлеме – жылдық 5% (ЖТСМ 5,2%). Несиенің ең жоғары сомасы Алматыда 18 млн теңге (егер мүлік 18 млн теңгеден асса, өтініш беруші айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлей алады) және Нұр-Сұлтанда 13 млн теңге.

Пәтерді бастапқы және қайталама нарықта сатып алуға болады. Конкурсқа қатысу үшін құжаттар тапсырған азаматтар арасында іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізіледі.

Қазіргі күні «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша құжаттар қабылдау жүріп жатыр.

Алматылықтар тұрғын үй бағдарламасына өтініштерді 10 - 31 наурыз аралығында www.almaty-zhastary.kz сайтында тапсыра алады.

 

«Әскери баспана»

Бағдарламаға ҰҚК, ІІМ, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі және «Сырбар» Сыртқы барлау, әскери прокуратура қызметкерлері қатыса алады.

Операторы - «Отбасы банк». Бұл бағдарлама бойынша да баллдық жүйе қолданылады.

Талаптар:

- тұрғын үйге мұқтаж деп танылу (мәртебені қызмет орны бойынша тұрғын үй комиссиясы береді);
- тұрғын үй төлемдерінің болуы;
- «Отбасы банкте» немесе екінші деңгейдегі банктерде арнайы шоттың болуы;
- соңғы 5 жылда жеке тұрғын үйінің болмауы;- шоттағы жинақ 10-15%.
Шарттары:
- жылдық мөлшерлемесі - 8%;
- бастапқы жарна 15%-дан бастап;
- несиелеу мерзімі 25 жылға дейін.
Қарыздың ең жоғарғы сомасы Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында 25 млн және басқа өңірлерде 15 млн теңге.

Тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықта сатып алуға болады.

 

50/50 бағдарламасы

 «Отбасы банкі» арқылы депозитке пәтердің 50%-ын жинап, ипотека рәсімдеуге болады.

 Шарттары: 

-        50/50 (пәтер сомасының жартысын жинау);

-        3,5 - 8,5% аралығындағы жылдық мөлшерлеме.

«Өз үйім»

«Өз үйім» бағдарламасы – «Отбасы банкінің» жеке бағдарламасы. Ол банк салымшыларына бірегей шарттармен жаңа үйлерден пәтер сатып алуға мүмкіндік береді.

Шарттары:

-        Ең төменгі бастапқы жарна – үй құнының 20%-ы;

-        Жылдық мөлшерлеме  7%-дан 3,5%-ға дейін төмендейді (ЖТСМ - 3,6% бастап);

-        Заем сомасы – 90 млн теңгеге дейін;

-        Салымшының атында басқа үйдің бар-жоқтығы және қанша үй сатып алайын деп жатқаны маңызды емес;

-        Үй сатып алынатын жерде тіркеуде тұру міндетті емес;

-        Бағдарламаға қатысушылар салық жеңілдігін ала алады;

-        Құрылыс барысында-ақ үлестік қатысу арқылы үй сатып алуға болады;

-        Салынып жатқан нысаннан пәтер таңдау мүмкіндігі қарастырылған.

«Баспана хит»

«Баспана Хит» - бастапқы тұрғын үйді, қолданыста болған тұрғын үйді және үлескерлік құрылыс арқылы салынып жатқан тұрғын үйлерді де сатып алуға мүмкіндік беретін тиімді ипотекалық бағдарлама. 50 жылдан ескі емес үйлер мен құрылысы аяқталмаған баспананы ең тиімді талаптар бойынша сатып алуға болады.

Шарттары:

-        Үйдің сомасы 35 млн теңгеге дейін.

-        Қарыз мерзімі – 180 айға (15 жыл) дейін.

-        Сыйақы мөлшерлемесі – 10,75%.

-        Бастапқы жарнасы – 20%-дан жоғары.

Тұрғын үйді Қазақстанның барлық өңірлерінде сатып алуға болады. Бар-жоғы екі қадам жасайсыз: қолайлы үйді таңдап, өзіңізге ыңғайлы банкке өтініш жасау қажет. Несиені «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «ЦентркредитБанк» АҚ, «Сбербанк» ЕБ АҚ, «Jysan bank» АҚ, «АТФ Банкі» АҚ, «Forte Бank» АҚ, «Bank RBK» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ, «Altyn Bank» АҚ бөлімшелерінен ала аласыз.

Сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны:

35 млн теңге - Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы бастапқы тұрғын үй үшін;
25 млн теңге – Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы қолданыста болған тұрғын үй үшін, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларындағы бастапқы және қолданыста болған тұрғын үй үшін;
20 млн теңге – Қарағанды қаласындағы бастапқы және қолданыста болған тұрғын үй үшін;
15 млн теңге – басқа өңірлердегі бастапқы және қолданыста болған тұрғын үй үшін.

 Айта кетейік, «Отбасы банк» базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық құрылатын болады, ол тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алуды және кезекке қоюды бір орталықтан жүзеге асыратын болады. Заңнамалық өзгерістер қабылданғаннан кейін, бұл орталық жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорымен біріктірілетін болады.

 2020 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 15,3 млн шаршы метр немесе 140 мың тұрғын үй пайдалануға берілді.



Өзгелердің жаңалығы