Катонқарағай ауданында халық медицинасының орталығы ашылмақ

22 Ақпан 2019, 14:28
2226
Бөлісу:
Катонқарағай ауданында халық медицинасының орталығы ашылмақ

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында халық медицинасының орталығы ашылмақ. Бір уақытта 90 адамға қызмет көрсете алатын аталмыш орталық Катонқарағай ауылындағы жаңадан салынған аурухана базасында жұмыс істейтін болады.

«Ертең Катонқарағай ауданына іссапармен барып жұмыстар барысымен танысамын. Жергілікті кәсіпкерлердің ұсынысымен ол жерде халық медицинасы орталығын құру жоспарланып отыр. Катонқарағай ауданында балшықпен, пантымен емдеу, фитотерапия сияқты ем түрлерін сапалы түрде қолдануды ойластырудамыз. Ол жердегі дәрігерлер келушілерге барлық медициналық қызмет түрлерін көрсетіп, кімге қандай ем түрі қажет екенін белгілей алатындай болуы қажет», - деді тұрғындар алдында есеп берген облыс әкімі Даниал Ахметов.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында құрылатын аталмыш мекеме облыс орталығынан шалғай орналасқан аудан тұрғындары үшін ғана емес, сондай-ақ алыстан арнайы ем іздеген туристер үшін де жағдай жасамақ. Бұл өз кезегінде осы өңірдегі медициналық туризм сапасын арттырып, табиғат аясына тартылатын туристер санын көбейте түспек.

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Өзгелердің жаңалығы