Қаламгер Болат Бекжанов өмірден озды

29 Қазан 2020, 16:17
4108
Бөлісу:
Қаламгер Болат Бекжанов өмірден озды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 62 жасқа қараған шағында белгілі жазушы, журналист, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Үмбетәліұлы Бекжанов өмірден озды.

Болат Бекжанов 1958 жылы 4 қарашада Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылында туған. Жамбыл мәдениағарту училищесін, Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдаған. Еңбек жолын 1978 жылы Жамбыл облыстық Абай атындағы қазақ драма театрында актер болып бастаған. Осы өнер ордасында 1982 жылдың қазан айына дейін қызмет жасап, киелі сахна төрінде сан алуан образдарды жасап, актерлік шеберлігін шыңдады. Жазушы-драматург Әлдихан Қалдыбаевтың жасөспірімдерге арналған «Шаншар атай» драмасында басты роль – Саматай образын жоғары деңгейде алып шыққаны үшін сол кездегі КСРО бойынша Бүкілодақтық театр фестивалінің лауреаты атанды. 1982-1990 жылдар аралығында Талас ауданы Ойық ауылдық Мәдениет үйінің директоры болды.

1990 жылы Жамбыл облыстық телерадиокомитетіне режиссерлық қызметке шақырылып, осы ұжымда 1993 жылға дейін редактор, аға редактор қызметтерін атқарды. 1993 жылы Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетіне әдеби қызметкер болып ауысты. 2005 жылы жаңадан ашылған Жамбыл облыстық «Ар-Ай» жастар газетіне бас редактор болып тағайындалып, газет жұмысының қалыптасып, жолға қойылуына көп еңбек сіңірді. 2010 – 2014 жылдары Тараз қалалық «Жамбыл – Тараз» газетінде бас редактор қызметін атқарды.

2014 жылдың қыркүйек айынан бүгінгі күнге дейін Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры болды.

Ол баспасөз саласында жемісті еңбек етіп, көпшілікке талғамы жоғары, білімді, жан-жақты журналист, білікті редактор ретінде танылды. Әр жылдары атқарған қызметтерімен әдеби-шығармашылық жолын қатар дамыта отырып, поэзия, проза, сатира, драматургия жанрларында қалам тербеді.

«Шымылдықтың арғы жағы», «Бізбіз» атты сатиралар жинағының, «Құс қанатындағы сағыныш» атты поэтикалық жинақтың авторы. «Үйші», «Бестамнан жаяу барып Берлинді алған», «Байғыз, Пәтес, Пәуескі» атты және т.б. әңгімелері мен повестері, «Редактордың қойын дәптері» жазбалары жарық көрген.

Оның «Айша бибі» махаббат дастаны драмасы, «Үйлену увертюрасы» мюзиклі, «Өмір» атты мелодрамасы, «Жеті лақ», «Түлкі-бүлік» атты балаларға арналған шығармалары Жамбыл облыстық қазақ драма театрында және еліміздің өзге де театрларында сахналанып жүр.

Орыс драматургы В.Красногоровтың «Әйел тауқыметі» және татар драматургы Т.Миннулиннің «Альдермаштағы Альдерман» атты драмаларын қазақшаға аударып, сахналатты.

Ұзақ жылдардағы елеулі еңбегі ескеріліп, Б.Бекжановқа көптеген мемлекеттік мерекелік және кәсіби наградалардың берілген. 2011 жылы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалімен, 2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» медалімен наградталған. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одақ» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, Жамбыл облысы әкімінің, облыстық мәслихаттың Құрмет Грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталған. Талас ауданының Құрметті азаматы.
Өзгелердің жаңалығы