Үндістанның Чхаттисгарх штатындағы Vedanta электр станциясында болған жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны 24 адамға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ NDTV-ге сілтеме жасап.
Айта кетейік, жарылыс 14 сәуір күні Vedanta Ltd компаниясына тиесілі электр станциясында, Сингхитарай ауылында болған. Қазандықтан турбинаға жоғары қысыммен бу өткізетін құбыр жарылған. Алғашқы күні 10 адам қаза тауып, ондаған адам ауыр күйік алып, түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Кейін жараланған 14 адам ауруханада көз жұмған.
Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта шамамен он шақты зардап шеккен адам әртүрлі ауруханаларда ем алып жатыр, олардың үшеуінің жағдайы ауыр.
Полиция абайсызда адам өліміне әкелу және жабдықпен қауіпсіз жұмыс істемеу баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған. Іске Vedanta Group директорлар кеңесінің төрағасы Анил Агарвал мен зауыт директоры Девендра Пателді қоса алғанда, 8–10 адам тартылған.