Әлемде: Ормуз бұғазындағы шиеленіс, супер-роботтар, ядролық қаруды талқылаған Анталия форумы

Әлемде соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасы.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 10:26
Бүгiн 2026, 10:26
188
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

BAQ.KZ cоңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

АҚШ пен Иран: Бітімгершілік бұзылды

Иран АҚШ-ты бітімгершілік келісімді бұзды деп айыптап, америкалық кемелерге соққы жасады.

Иран Оман шығанағында Ислам Республикасының туы астындағы жүк кемесіне АҚШ-тың жасаған шабуылын бітімгершілік келісімін бұзу деп атады және Тегеран билігінің мәлімдеуінше, америкалық әскери кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарымен (дрон) соққы берді.

Басылымның жазуынша, бұл туралы дүйсенбіге қараған түні, 20 сәуірде елдің «Хазрат Хатам әл-Анбия» әскери күштері орталық штабының өкілі мәлімдеді.

Агрессор Америка бітімгершілік келісімін бұзып, теңіз қарақшылығы актісін жасады, - делінген ирандық Tasnim мемлекеттік ақпарат агенттігі келтірген әскерилердің мәлімдемесінде.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жексенбі күні АҚШ әскери-теңіз күштері Оман шығанағында Иран туы астындағы TOUSKA жүк кемесін қолға түсіргенін хабарлаған болатын.

Трамптың айтуынша, кеме Вашингтон орнатқан ирандық порттардың теңіз блокадасын айналып өтпек болған.

Оның сөзінше, Иран экипажы бағынудан бас тартқан, содан кейін америкалық зымырандық эсминец кеменің машина бөлімін тесіп, оны тоқтатқан. Қазіргі уақытта кеме АҚШ теңіз жаяу әскерінің бақылауында.

Кеменің басып алынғанын АҚШ Қарулы Күштерінің Таяу Шығыстағы Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) да растады.

Тегеран мен Вашингтон арасындағы жағдайдың қайта шиеленісуі аясында АҚШ президенті бұған дейін жариялаған келіссөздердің жаңа кезеңінің тағдыры белгісіз болып қалуда, - деп жазады AFP агенттігі.

Tasnim мәліметінше, Иран билігі ел порттарының Ормуз бұғазындағы америкалық блокадасы жалғасып жатқанда, Америка Құрама Штаттарымен келіссөздерге қатысуды жоспарлап отырған жоқ.

Роботтар алғаш рет марафонда адамнан озып кетті

Бейжіңде ерекше жартылай марафон өтті. Онда тарихта алғаш рет гуманоидты роботтар адамдарды озып кетті.

Shandian роботы 21 шақырымды 50 минут 26 секундта жүріп өтіп, жарыс жеңімпазы атанды. 

Сонымен қатар, қашықтықты бәрінен жылдам Lightning роботы өтті (48 минут 19 секунд), бірақ жарыс ережелеріне байланысты ол ресми жеңімпаз ретінде танылмады.

Салыстыру үшін айта кетсек, ерлер арасындағы жартылай марафонның әлемдік рекорды угандалық желаяқ Джейкоб Киплимоға тиесілі - 57 минут 20 секунд. Бұл нәтиже наурыз айында Лиссабон жартылай марафонында тіркелген.

Айта кетерлігі, бір жыл бұрын Бейжіңдегі осындай жарыста ең үздік робот қашықтықты 2 сағат 40 минуттан астам уақытта жүріп өткен болатын. Бұл технологияның қарқынды дамып жатқанын аңғартады.

Жарысқа мыңдаған адаммен қатар 100-ден астам компания мен зерттеу орталықтарының роботтары қатысты. Қауіпсіздік мақсатында трасса бөлінді: адамдар мен машиналар бөлек жолдармен жүгірді.

Роботтардың мүмкіндіктерін әртүрлі жағдайда тексеру үшін маршрутқа беткі қабаттың 10-нан астам түрі енгізілді. Тегіс жерлерден бастап, өрлерге, бұрылыстар мен тар аймақтарға дейін.

Жарыс кезінде роботтардың бірі тіпті қимыл-қозғалыс пен дауыс арқылы команда беріп, жол реттеушісінің қызметін атқарды.

Кейбір роботтар қашықтықты бағындыра алмады. Біреуі құлап қалса, екіншісі қоршауға соғылды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, машиналардың шамамен 40 пайызы автономды түрде қозғалған, ал қалғандары қашықтан басқарылды.

Түркияда ядролық қарудың жаһандық деңгейде таралу қаупі талқыланды

Түркиядда ADF2026 Дипломатиялық форумы аясында «Ядролық мәселелер назарда: маңызды бетбұрыс кезеңі» атты панельдік пікірталас өтті.

Геосаяси және қорғаныс зерттеулері орталығының директоры Линас Кояланың жетекшілігімен өткен пікірталасқа Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Роберт Флойд, БҰҰ-ның Венадағы тұрақты өкілі Мұстафа Кибароглу, сондай-ақ Еуропалық Одақтың ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мәселелері жөніндегі арнайы өкілі әрі Иранның ядролық мәселесі жөніндегі арнайы кеңесшісі Стефан Клемент қатысты.

Флойд Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ) қазірдің өзінде 30 жылға жуық уақыт толғанын атап өтіп, осы кезеңде ядролық сынақтар санының айтарлықтай азаюын үлкен жетістік деп атады.

Бұл процесті «саяси ұстаным» деп сипаттаған Флойд аталған шарт халықаралық бақылау жүйесін құруға мүмкіндік бергенін айтты. Сонымен қатар ол ядролық сынақтарға қарсы бағытталған саясатты әзірлеудің маңыздылығына тоқталды.

ЕО-ның ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мәселелері жөніндегі арнайы өкілі әрі Иранның ядролық мәселесі жөніндегі арнайы кеңесшісі Клемент көптеген елдің Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың әрекетін жалғастыруға мүдделі екенін атап өтті.

Оның айтуынша, жалпы жағдайға қарасақ, халықаралық құқықтық тәртіп өте маңызды қауіпке тап болып отыр.

Ядролық соғысқа ешбір жағдайда жол беруге болмайды. Өйткені бұл - жеңімпазы болмайтын соғыс, - деді Клемент.

Клемент тек Ресей, Қытай және АҚШ қана емес, барлық елдер бірлесіп, бірқатар талқылаулар өткізуі керек екенін айтты:

Ядролық қару қолданылғаннан кейін адамзаттың аман қалуы, шын мәнінде, қалыптасқан түсінікке қарағанда әлдеқайда қиын және іс жүзінде мүмкін емес, - деді ол.

Наверх