Түркістанда кітап жәрмеңкесі мен қолөнершілер көрмесі өтті
PHOTO
24 Қазан 2021, 13:05 10466

Түркістанда кітап жәрмеңкесі мен қолөнершілер көрмесі өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала күні мерекесіне орай Түркістанда  мәдени-рухани іс-шаралар ұйымдастырылды.  Шаһарда екі күнге жоспарланған «ПарақTimes» кітап жәрмеңкесі өтіп жатыр. 

Бұл игі бастама Түркістан қаласы әкімдігі мен «Серпіліс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асты. 

Кітап көрме-жәрмеңкесінің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қатысып,  жұртшылықты мерекемен құттықтады. 


Жәрмеңкеде Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларының баспа үйлері, кітап дүкендері, кітапханалары оқырмандарға кітаптарын ұсынды. 

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген  ақын-жазушылар, жас қаламгерлер түркістандық оқырманмен жүздесті.  


Атап айтсақ,  Ерлан Жүніс,   Серікбол Хасан, Есболат Айдабосын, Айдар Сейдәзым, Абай Қалшабек, Мұқағали Кенжетайұлы және өзге де ақын-жазушылар шығармаларынан шашу шашты. Басты ұйымдастырушының бірі Бейсенкүл Нарымбетова оқу мәдениетін жоғалтуға болмайтынын айтып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

Осы жәрмеңкеде Сейдалы Дүйсебайұлының «Таңғажайып Түркістан»  және Мадина Айтпенбетованың «Сайрамнан Түркістанға дейін»  атты жолжазба-кітаптары таныстырылды. 


 Көрмеде «Қазақ энциклопедиясы», «Қызмет», «Отбасы хрестоматиясы», «Шашу», «KHAN COMICS», «Қазбілім», «Шың» «Shygylakitap» баспа үйлері мен Түркістан облысындағы кітапханалардың кітаптары жұртшылыққа ұсынылды.  


Сонымен бірге Қала күні мерекесіне орай Түркістандағы этноауылда қолөнер шеберлерінің көрмесі өтсе,  «Жеңіс» саябағында мерекелік концерт,  спорттық сайыстар ұйымдастырылды.  


Фото: дереккөз
Загрузка...