Бас жаңалықтар
АӘК көрсетілетін және көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға 5 мың грант бөлінді
09 Тамыз 2019, 04:47 193

АӘК көрсетілетін және көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға 5 мың грант бөлінді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес көпбалалы отбасыдан және атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетін отбасыдан шыққан балаларға қосымша 5 мың грант бөлінді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтында хабарланды.

Ведомствоның мәліметінше, аталған гранттар жергілікті атқарушы органдармен конкурстық негізде беріледі. Бұл үшін облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерімен конкурстық комиссиялар құрылатын болады.

Көрсетілген гранттарға көпбалалы отбасыдан шыққан немесе атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетін отбасыдан шыққан балалар үміткер бола алады. 

Конкурсқа қатысу үшін 2019 жылғы маусым айында өткізілген ҰБТ-дан шекті балл жинау конкурстың негізгі шарты болып табылады. 

«Ұлттық жоғарғы оқу орындарына түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша – кемінде 65 балл, басқа жоғарғы оқу орындарына – кемінде 50 балл, «педагогикалық ғылым» бағыты бойынша – кемінде 60 балл жинау керек»,- делінген хабарламада. 

Конкурсқа құжаттар 5 мен 10 тамыз аралығында қабылданады. Білім гранттарын тағайындау және жоғарғы оқу орындарына қабылдау 25 тамызға дейін жүргізіледі. Конкурсқа қатысу үшін құжаттар тізімі: 

1) белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш; 

2) білімі туралы құжат (құжаттарды қабылдау комиссиясына тапсырған кезінде түпнұсқа);

 3) ҰБТ сертификаты; 

4) 086-У нысаны бойынша медициналық анықтама; 

5) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі. 

Сондай-ақ, балалардың көпбалалы отбасынан шыққан немесе атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетін отбасы қатарынан екендігін растайтын құжаттар көрсетілуі керек. Білім гранттары иегерлерінің тізімін әкімдік жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайтын болады. 


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық