Көкшетаулық қариялар ұзақ өмір сүрудің қыр-сырын меңгеруде

18 Ақпан 2019, 16:27
2233
Бөлісу:
Көкшетаулық қариялар ұзақ өмір сүрудің қыр-сырын меңгеруде

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы «Достық» үйінде «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында қарт адамдардың уақытын тиімді өткізуге арналған белсенді өмір сүру орталығы ашылды.

Көкшетаулық қариялар ұзақ өмір сүрудің қыр-сырын меңгеруде

Егде адамдар үшін орталықта компьютерлік сауаттылықты арттырып, қазақ тілін үйренуге, емдеу-сауықтыру жаттығуларымен айналысуға барлық жағдай жасалған. Жұма сайын тегін заңгерлік, психологиялық кеңестер, мотивациялық семинарлар, халық шығармашылығын дамыту бойынша шеберлік-сыныптары өткізіледі.

Орталыққа келушілердің бірі Раиса Шалагина зейнет жасындағылар осындай орталықтың ашылуын көптен күткенін айтады.

«Мұнда барлығы талапқа сай жасақталған. Біздер мұны көптен күткеніміз рас. Мен клуб мүшелерінен біздің қаламызда белсенді өмір сүру орталығы ашылатынын білдім. Осында алғашқылардың бірі болып жазылдым. Әрі үйімнен де алыс емес. Өзім қызығушылық танытатын бағдарламаны да таңдап қойдым. Сондай-ақ, ІТ-сыныпқа баруды да жоспарлап отырмын. Жасым жетпісте болса да, өзімді белсенді әжелердің қатарындамын деп есептеймін. Меніңше, жастардан қалыспай, компьютерді меңгеру де артықтық етпейді», - деп ойымен бөлісті Раиса Александровна.

Орталықта егде жастағы адамдардың қоғамдық өмірге араласып, өздерін жетілдіруге жан-жақты мүмкіндік жасалған.

«ІТ-сыныпта компьютерлік сауаттылықты меңгерудеміз. Интернет-ресурстарды пайдаланып, әлеуметтік желілерге тіркеліп, «однокласники» және скайп жүйесі арқылы туыс-туғандарымыз, достарымызбен байланысқа шығып үйренудеміз. Қазіргі күні осындай зор мүмкіндіктердің болғанына шын қуаныштымыз. Ата-әжелер салауатты өмір салты клубына да барып жүр», - дейді «Алтын жас» клубының төрайымы, зейнеткер Сара Керейбаева.

Келушілерді әр сала мамандары - бағдарламашылар, психолог, заңгер, спортшылар оқытатын болады. Жоба ұйымдастырушылары орталық зейнеткерлерге бос уақыттарын тиімді өткізіп, денсаулықтарына күтіммен қарауға көмектесетініне сенімді.

«Бұл жерде еңбек демалысын тиімді өткізіп, ұзақ өмір сүрудің қыр-сыры үйретіледі. Мұнда Достық үйінің этномәдени бірлестік өкідері ғана емес, қарапайым адамдар да келулеріне болады»,- дейді «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалын төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов.

«Нұр Отан» партиясының қолдауымен мұндай орталықтар алдағы күндері облыстың Зеренді, Целиноград аудандары мен Степногорск қаласында ашылады деп жосарланып отыр.

Айта кетейік, Ақмола облысында 112 мың зейнеткер тұрып жатыр, оның 26 565-і облыс орталығында тіркелген.

Әсем Ұланқызы.

Фото: автор

Өзгелердің жаңалығы