Көкшетауда жарық бағасы арзандады

17 Қаңтар 2019, 19:00
2755
Бөлісу:
Көкшетауда жарық бағасы арзандады

Көкшетау.Baq.kz тілшісі. Елбасының тапсырмасына орай Көкшетауда жарық бағасы арзандады. Бұған дейін көкшетаулықтар электр энаргиясына 15 теңге 46 тиын төлеп келген болса, жаңа тариф бойынша 14 теңге 99 тиын төлейтін болады.

Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті жетекшісінің орынбасары Әсет Құрашевтің айтуынша, өңір басшысының өкімімен 2018 жылдың 23 қарашасынан бастап тарифтерді төмендету бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментімен бірлесіп ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтады.

«Энергия тасымалдаушы «Көкше Энерго Центр» ЖШС жарық төлемін арзандатты. Тұрғындар 1 кВтч үшін 15,46 теңгеден 14,99 теңгеге арзан төлейді» - дейді Ә.Құрашев.

«Көкше Энерго» ЖШС өңірдегі үш аудан мен Көкшетау қаласын және Солтүстік Қазақстан облысының бес ауданын жарықпен қамтып отыр. Электр желілерінің орташа қашықтығы 16,55 мың шақырым. 163000 тұтынушы қызмет көрсетіледі. 

«Ветер Инвест Кокшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Көкшетаудың іргесіндегі Красный Яр селосында жел электр станциясын салуда. Жаңа жоба селоны толықтай электр қуатымен қамтамасыз етуге қауқарлы екенін айтады мамандар.

Өңірдегі АРЭК-Энергосбыт» ЖШС тұтынушылары 7,8 пайызға арзан төлесе, тұрғындар 1 кВтч үшін 16,02 теңге төлейтін болады. Степногорлықтар үшін энергия тарифі 13,44 теңгеден 11,96 теңгеге арзандайды.

«Өңірде Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер табысты жүзеге асырылуда. Жалпы, қысқа мерзім ішінде департамент өкілдері өңір тұрғындары үшін коммуналдық төлемдерді 2,5 миллиард теңгеге арзандатуға қол жеткізіп отыр. Осы ретте, тарифтердің төмендеуі көрсетілетін қызмет сапасына кері әсерін тигізбеуі тиіс», - дейді Әсет Құрашев.

Әсем Ұланқызы
Өзгелердің жаңалығы