Израильде кезектен тыс парламенттік сайлау өтуде

24 Наурыз 2021, 00:45
1233
Бөлісу:
Израильде кезектен тыс парламенттік сайлау өтуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дауыс беру құқығына ие 6,5 миллиондай ел тұрғыны Кнессет депутаттарын сайлауға тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үгіт-насихат науқанын өткізуге коронавирус індеті елеулі кедергі келтірген.

Сағат таңғы жетіде Израильде 13865 сайлау учаскесі ашылды. Коронавирусқа байланысты сайлаушылар бетперде киіп, арақашықтық сақтауға тиіс. 751 сайлау учаскесі коронавируспен ауырған науқастар мен оқшауланған азаматтар үшін арнайы жабдықталған. Кей жерде автокөліктен шықпай-ақ дауыс беруге болады.

Тәуір үкімет сайлап, ақыры саясатпен емес, экономика және әлеуметтік мәселелермен айналысып, індеттен кейін тұрмысымызды ретке келтіре бастаймыз деген үміттемін. Саясаттан әбден жалықтық, – деген сайлаушы Амир Пучански.

Парламенттегі 120 орынға 37 партия дәмелі. Болжам бойынша олардың көбісі 3,5% дауыс межесінен өте алмайды. Басты үміткер ретінде 3 партия қарастырылуда. Ол қазіргі премьер басқаратын «Ликуд», бұрынғы қаржы министрі Яир Лапид жетекшілік ететін «Еш Атид» және орыс тілді сайлаушыларды біріктірген Авигдор Либерманнның «Біздің үй – Израиль», партиялары. Заңға сәйкес үкіметті жасақтау үшін сайлаушылар дауысының жартысынан көбін жинау қажет. Алайда Израиль тарихында әлі бірде-бір партия мұндай нәтижеге жеткен жоқ. Яғни, коалиция құруға тиіс. Ал бұл болашақ үкіметтегі қызметтерді бөлісу жөнінде ұзаққа созылатын келіссөздер өтетінін білдіреді. Жалпы Израиль – Таяу Шығыстағы шағын мемлекет, халық саны 9 миллион.

Кейінгі екі жылда Израильде төртінші рет сайлау өтіп жатыр. Әлеуметтік сауалнамаларға қарағанда, бұл жолы да тұрақты коалиция құрылатын түрі жоқ. Яғни көп ұзамай үкімет қайта ыдырап, сайлауды қайта өткізуге тура келеді.


Өзгелердің жаңалығы