Елімізде 13 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылды

18 Мамыр 2020, 18:13
1222
Бөлісу:
Елімізде 13 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылды
Президенттік қолдау

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда "Жұмыс орындарын құрудың интеграцияланған картасы" ақпараттық жүйесі іске қосылды. 

"Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол елді мекен, жобалар, кәсіпорындар, экономиканың салалары мен мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмысқа орналасу көрсеткішіне сапалы мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жаңа ақпараттық жүйесі жұмыс орындарын құру серпінін дәл көрсетеді. Сондай-ақ, 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы мен жұмыс орындарын құру бөлігіндегі басқа да мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін жаңаша бағалауды енгізеді, - делінген ведомство хабарламасында.

Ақпараттық жүйенің ағымдағы жылдың 18 мамырындағы деректеріне сәйкес өңірлерде 3,6 мыңға жуық жоба жүзеге асырылуда. Олардың жартысынан көбі "Жұмыспен қамту жол картасына" енген жобалар.

Бүгінде 41 мыңға жуық жұмыс орны құрылды (жоспардың 16%), 12,9 мың адам жұмысқа орналастырылды. Оның 4,6 мыңы бұрын жұмыссыз, мыңнан астамы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болған. Ал, қалған 7,2 мыңы жұмыс іздеуші тұлғалар.

Жұмыспен қамтылған азаматтардың: 4,1 мыңы жастар (31%), мыңнан астамы – аз қамтылғандар (7,9%) және 300-ден астамы мүмкіндігі шектеулі жандар (2,5%).

Жұмыспен қамту Жол картасы жобаларын белсенді жүзеге асыру бойынша Шығыс Қазақстан (722) және Алматы (715) облысы алдыңғы орында. Сәйкесінше, бұл өңірлер құрылған жұмыс орындарының саны (5 мыңнан астам), сондай-ақ адамдарды жұмысқа орналастыру кейстері (2,5 мыңнан астам адам) бойынша көш бастап тұр, - делінген таратылған ақпаратта.

Жол картасы аясында ең көп жобаларды Алматы облысында (977 жоба), Шығыс Қазақстан (813) және Жамбыл (690) облысында жүзеге асыру жоспарлануда. Ал, ең көп жаңа жұмыс орындарын Алматы қаласында (26 мың), Түркістан облысы (22 мың) және Алматы облысында (21 мың) ашылады деп күтілуде.

Естеріңізге салсақ, 2020 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бұйрығымен "2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы" бекітілді.

255 мыңнан астам азаматты жұмысқа орналастыру үшін 4 бағыт бойынша 6,5 мың инфрақұрылымдық жобаға жұмыс орындары ұйымдастырылады:

1) әлеуметтік-мәдени объектілерді: білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, демалыс, Халыққа қызмет көрсету мекемелерін - күрделі және ағымдағы жөндеу, қайта жаңарту (2703 жоба);

2) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін (сумен жабдықтау, кәріз, газ, жылу, электрмен жабдықтау, көп пәтерлі үйлерді) күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, қайта жаңарту (1039 жоба));

3) инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, қайта жаңарту, салу (қалалық, кентішілік және ауылішілік автожолдар, кірме жолдар, тротуарлар, Бөгеттер, дамбалар мен көпірлер, арналар, Су шаруашылығы объектілері мен құрылыстары (1799 жоба);

4) елді мекендерді абаттандыру (аулаларды абаттандыру, көшелерді, саябақтарды, скверлерді жарықтандыру және көгалдандыру, иесіз нысандарды бұзу, шағын сәулет нысандарын, қоршауларды, балалардың ойын және спорт алаңдарын жайластыру (965 жоба).

2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасының шарттары бойынша қызметкерлердің жартысы Халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылуы тиіс. Жұмысқа алу кезінде жұмыссыз жастарға басымдық беріледі. Сондай-ақ, қатысушылардың жалақы мөлшері бойынша шарт бар – ол 85 мың теңге және одан да көп болуы тиіс.

 

Өзгелердің жаңалығы