Бас жаңалықтар
Тоқаев Қарағандыда индустриялық-инновациялық даму жөнінде кеңес өткізді
23 Тамыз 2019, 18:07 601

Тоқаев Қарағандыда индустриялық-инновациялық даму жөнінде кеңес өткізді

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары басталды. Мемлекет басшысы өңірдегі бірқатар индустриялық, әлеуметтік нысанды аралады. 

Сондай-ақ, президент Жезқазғанға ат басын бұрып, ондағы мыс балқыту зауытының жұмысымен таныспақ. Мемлекет басшысының сапары бұдан кейін Ұлытау өңірінде жалғасады. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық туризм форумына қатысып, «Jezkiik» халықаралық музыка фестивалін тамашалайды деп күтілуде.

Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағын аралап көрді. Қарағандының Бұқар-Жырау ауданында орналасқан «Сарыарқа» АЭА 2011 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен құрылған болатын. 534,9 гектар аймақта орналасқан «Сарыарқа» АЭА-да металлургия өнеркәсібі мен металл өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаһандық брендтерді өндірушілерді тарту арқылы дайын өнім өндірісі қолға алынған. Экономикалық аймақтағы ірі өнеркәсіп орындарының бірі – шарлы ілмекті арматура шығаратын «Бёмер Арматура» зауыты. 2014 жылы ашылған өндіріс орны неміс технологиясымен жұмыс істейді. Зауыттың өнімі мұнай-газ секторы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында сұранысқа ие.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан кейін ескі көліктерді қайта өңдейтін ірі кәсіпорын «Recycling Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты зауытта болды. Тозығы жеткен ескі автокөліктерді қайта өңдеп, кәдеге жарататын өнеркәсіп Қазақстанда ғана емес Орталық Азияда теңдесіз кәсіпорын саналады. Зауыт жылына 50 мың автомобильді қайта өңдеп, автоқалдықтардан алюминий, болат және тағы да басқа түсті металлдардың балқымаларын шығарады. Мемлекет басшысы сонымен қатар, «Альфарух» логистикалық орталығына, Пришахтинскідегі жаңа медицина мекемесіне барды. Облыс әкімі Ерлан Қошанов мемлекет басшысына Қарағандының жаңа орталығының жоспарын таныстырды. Қаланың оңтүстік-шығысында бой көтеретін жаңа орталықта тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, спорт кешендері салынып жатыр.

Мемлекет басшысы Қарағандыға жұмыс сапары барысында облыс әкімдігінде еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы жөнінде кеңес өткізді. Алқалы жиында мемлекет басшысы елдің инновациялық-индустриялды дамуына тоқталып, кәсіпкерлерден осы саланың түйткілді мәселелерін, бизнестің қазіргі ахуалы мен болашақтағы даму жолын сұрап білді.

«Өздеріңізге мәлім, Елбасының бастамасымен елімізде «Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жүзеге асырылуда. Үкіметтің мағлұматы бойынша, осы жылдары инвестиция көлемі 8 трлн теңгеден асты, 1250 жаңа кәсіпорын ашылды. 120 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Қарағанды облысы тарихы терең индустрия орталығы. Сондықтан бүгін өндірушілердің тікелей қатысуымен саланың қазіргі ахуалын, өзекті мәселелерін және алдағы даму жолын талқылау үшін арнайы келіп отырмын. Бізге технологиялық жағынан мықты дамыған, әлемдік, оның ішінде аймақтық деңгейдегі өндіріс орындарымен бәсекеге түсе алатын өнеркәсіп қажет», - деген мемлекет басшысы әлемнің бір орында тұрмайтындығын, жаһандық дамуға ілесу қажеттігін айтты.

Президенттің сөзінше, бізге инвестициялық климатты жақсартатын заң жобасы қажет.

«Инвестиция тартудағы басты құралдардың бірі – арнайы экономикалық аймақтардың болуы. Қазір еліміздегі 12 арнайы экономикалық аймақта  910 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған 183 жоба жұмыс істеп тұр. Дегенменде, арнайы экономикалық аймақтар инвестиция тартуда басты орынға айналды деп айта алмаймын. Себебі, аталған индустиалды аймақтардың тек 33% аумағында кәсіпорындар салынған. Бүгін мен Қарағанды облысындағы «Сарыарқа» АЭА-да болдым. Жалпы жұмысқа көңілім толды, жұмыс жасалып жатыр. Бірақ, басқа экономикалық аймақтардан мұндай жұмыс көлемін көрген жоқпын. Алдағы уақыттары тағы да 16 АЭА ашпақпыз. Бұл индустриалды аймақтарды қалай толтырамыз? Үкіметке тапсырма беремін, арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарын ұсынсын», - деді Тоқаев.

Жиын барысында ҚР Тұңғыш Президентінің тапсырмасымен іске асырылған индустриалды-инновациялық бағдарлама еліміздің дамуына қандай әсері тигізгендігін ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі баяндап, министрліктің жоспарымен бөлісті.

«Соңғы он жылда индустрияландыру саясатын жүзеге асырумен айналысып келеміз. Аталған екі бесжылдықтың аясында индустриалды нарық үшін мықты іргетас қаланды. Жалпы екінші бесжылдықта өндеуші өнеркәсіпте мынандай жетістіктерге жеттік: жалпы қосылған құн 1,7 есе өсіп, 7 трлн теңгеге жетті; өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталын инвестициялаудың көлемі 1,5 есеге өсіп, 1,3 трлн теңгеге артты; еңбек өнімділігі 34,4 мың АҚШ долларына өсті; эксперт көлемі 12,3%-ға артты. Жалпы алғанда, индустрияландырудың екінші бесжылдығында 5 трлн теңге көлемінде инвестиция тарылған 500 жаңа жоба іске қосылып, 45 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Белсенді индустриалды саясатты іске асыру елдің өнеркәсіп саласының дамуына жаңа серпін берді. Дегенменде, біздің алдымызда жаңа белестер тұр. Бірақ, біз қайда және қалай бару керектігін нақты білеміз. Он жылдағы қателіктерді қайталамауды, жетістіктерді өсіруді үйрендік. Сондықтанда, біз қазіргі уақытта индустрияландырудың жаңа бесжылдығының бағдарламасын жасап жатырмыз. Онда өткен жылдағы кейбір кемшіліктер ескеріледі. Біз он жылда заманауи зауыттар салуды, сапалы тауарларды өндіруді үйрендік. Енді біздің алдымызда тауарларымызды сыртқы нарықта жылжыту мен экспорттан түскен түсімді әртараптандыру міндеті тұр», - деді Роман Скляр.

Мемлекеттік қызметкерлер мен бизнес өкілдерінің бірлескен кеңесінде сөз алған тауар өндіруші өнеркәсіптің өкілдері осы саладағы өзекті мәселелерді шешудің жолдарын, өнеркәсіпті дамытуға қажетті құрылымдар жайлы айтып, өз пікірлерін білдірді.

«Өндірістің проблемалық мәселелеріне отандық шикізат базасының әлсіздігін, сол салаға маманданған кәсіби жұмыскерлердің жоқтығын, коммуналдық төлемдердің жоғарылығын, банктердегі несиелендіру пайызының жоғарылығын, нарықта шетелдік тауарлардың көптігін, шекарадан заңсыз өткізілетін тауарларға бақылаудың әлсіздігін және де мемлекеттік сатып алудағы бірқатар мәселелерді айтуға болады. Аталған мәселелер шешімін табу үшін жұмыстар жасалып жатыр. Үкімет экономиканың тауар өндіруші секторына бет бұрды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жасалып, қаржыландырылуда, индустриалды сертификат енгізілуде, ұлттық стандарттарды енгізу бойынша жұмыстар жасалуда, «Атамекен» ҰКП бірлесе тауар өндіруші саланың мәселелерін жасақтау дайындалуда. Бізді тауар өндірушілерді естиді, экономиканың маңызды саласының мәселелесін шешуге талпыныс жасайды. Халықтың әл-ауқатын арттыратын, елдің байлығын жасайтын, мемлекеттің негізін қалайтын сектордың өсуіне жағдай жасалуда», - дейді «ЕСКО» ЖШС-нің директоры А. Шмарина.


Фото: дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық