Артық болмас білгенің

27 Қаңтар 2019, 13:03
43783
Бөлісу:
Артық болмас білгенің
VIDEO

Фотода: онколог-проктолог, хирург, медицина ғылымдарының докторы Нұрболат Сәбденов, Астана қаласы, қаңтар, 2019 жыл.

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Өмірде жоспардан тыс шаруалар шығып қалса «Бұл бір геморрой болды ғой» деп әзіл-шыны аралас теңеу қолданып жатамыз. Ал дәл осы дертпен бетпе-бет келген адамның әзілдеуге шамасы келмей қалады, себебі ол – көпшілікке жария етуге ұялатын, бірақ жанға бататын ауру түрі.

Емделмеген жағдайда геморрой неге әкеліп соғуы мүмкін? Ол ота жасау арқылы ғана емделе ме? Науқастар геморройын емдетуден не үшін бас тартады? Геморрой дертіне қатысты осы және басқа да сұрақтарға онколог-проктолог, хирург, медицина ғылымдарының докторы Нұрболат Сәбденов жауап беріп, жұмыс барысында болатын қызықты жағдайлар туралы айтты.


Тік ішек рагы мен геморройдың алғашқы белгілері ұқсас

BAQ.KZ: Бейресми деректор бойынша, жер бетіндегі адамдардың 80 проценті геморрой дертімен ауырады. Қазақстандықтар бұл дертпен қаншалықты жиі ауырады?

Нұрболат Сәбденов: Соңғы деректер бойынша, Қазақстандағы әрбір 1000 адамның 120-сы геморрой дертіне шалдыққан. Өкінішке қарай, осы дертпен ауыратын науқастардың жасы жасаруда. Бұрын кәрі және орта жастағы ерлер мен әйелдер ғана ауырса, қазіргі уақытта балалардың осы дертпен ауыруы жиі кездеседі. Еуропалықтардың офисте жұмыс істеу, жартылай фабрикат тағамдар тұтынуы сияқты өмір сүру салты денсаулыққа кері әсер етеді. Сол себепті ол жақта бұл дерт түріне шалдыққандар саны Қазақстанға қарағанда 20-30 есе көп. Біз соңғы он жылда геморройға қолданып жүрген ем түрлерін Еуропада 30-40 жылдан бері қолданылып келеді. Тіпті, оларда тік ішек ауруларын ұлттық бағдарламаға кіргізіп қойған. Біз жақта өкпені рентгенге түсіру қалай міндет болса, ол жақта геморройды тексеру – міндет. Сол себепті ол жақтағы науқастардың 70 проценті алғашқы сатысында-ақ емделіп алады.

BAQ.KZ: Геморрой деген қандай дерт?

Нұрболат Сәбденов: Геморрой – тік ішектің төменгі бөлігінде анатомиялық жағдайда орналасқан қан тамырлар жиынтығының, әсіресе көк тамыр түйіндерінің қалыпты жағдайдан тыс кеңуіне немесе ұлғаюына алып келетін қан тамырлар ауруы болып саналады. Қан тамырларын бұлшықет жауып тұрады. Әртүрлі себептермен бұлшықет босап не жыртылып кетеді, сондай жағдайда кілегей қабаты мен көктамырлар ғана қалады. Міне, сол – геморрой деп аталады. Оның өзі ішкі, сыртқы және аралас геморрой болып бөлінеді.

BAQ.KZ: Геморройдың алғашқы белгілері қандай?

Нұрболат Сәбденов: Үлкен дәретке отырған кезде ауырсыну, аздап қан пайда болса, өзін жайсыз сезінсе, қышыса немесе ашыса – геморройдың алғашқы белгілері деп түсінуге болады. Тік ішек рагы мен геморройдың алғашқы белгілері ұқсас, сондықтан ең алдымен дәрігерге қаралып, анық-қанығын біліп алған жөн. Геморрой – проктология саласындағы аурулар ішіндегі 41 проценті ғана. «Артқы» жақта іріңді жаралар, тромбоз, жарықтар, қатерліс ісік сияқты ауру түрлері көп. Аллергиялық, дерматологиялық, психологиялық, неврологиялық қышу түрлері бар, бірақ солардың ішінде проктологиялық қышу көбірек болады.

Емделуге келетіндердің 50 проценті – балалар

BAQ.KZ: Оның пайда болу себептері қандай?

Нұрболат Сәбденов: Оның пайда болу себептері көп: дәреттің қатуы немесе іштің өтуі, жүктілік кезең және босанғаннан кейінгі жағдай, тұқым қуалау факторлары, бір орыннан қозғалмай жұмыс істеу, ауыр жүк көтеру, ащы тамақ пен ішімдік ішу. Ең басты ескеретін жағдай – геморрой бала кезден пайда болады. Балаға уақытылы, дұрыс тамақтануды үйрету керек.

BAQ.KZ: Балалар проктологиясында шешімі табылмаған қандай мәселелер бар?

Нұрболат Сәбденов: Шешілмеген мәселелер өте көп. Қазіргі уақытта ересектер ғана ауыратын дертпен балалар да ауырады: тоқішек қызметінің бұзылуы, туабітті ақау болуы жағдайлары кездеседі. Маған емделуге келетіндердің 50 проценті – балалар. Дұрыс тамақтанбау салдарынан баланың іші қатады немесе өтеді, ол тік ішектің астындағы көктамырлардың кеңеюіне алып келеді. Оған ата-ата мән бермейді, бірақ бұл – баланың болашақта геморрой болуына себепші нәрсе.

BAQ.KZ: Геморрой тек ота жасату арқылы ғана емделеді деген қаншалықты рас ақпарат?

Нұрболат Сәбденов: Егер науқас дерттің бірінші, екінші сатысында келсе – дәрі-дәрмек беру арқылы емдеуге болады. Бірақ бұл ауруды түбегейлі емдемеді, тек ауырсынуын басады. Егер науқас дерттен түбегейлі құтылғысы келетінін айтса – геморрой түйінін байлап қою арқылы емдейміз. Алғашқы сатыларында келген адамды емдеу уақыты бір минутқа да жетпейді. Егер емделгеннен кейін дұрыс тамақтанбай, ішімдік ішуді жалғастырып, ауыр зат көтере берсеңіз – қайтадан ауырып қалуыңыз ғажап емес. Ондай жағдайда геморрой емес, тік ішектің төмен түсіп кетуі байқалады. Ал аурудың үшінші, төртінші сатысында келген адамды склеротерапиямен, лазермен емдеп, ота жасау тәсілін қолданамыз.

Дәрігердің жынысы, діні, ұлты болмайды

BAQ.KZ: Ота жасағаннан кейін геморрой қайталануы мүмкін бе?

Нұрболат Сәбденов: Ота жасау барысында көп қан кету сияқты әртүрлі жағдайлар болғанда дәрігер ең алдымен адам өмірін сақтап қалуды ойлайды. Ондай кезде бір-екі қан тамыры қалып кетуі мүмкін, ол арада бірнеше жыл өткен соң ұлғаюы мүмкін. Демек, қайталануы мүмкін, бірақ бұл дәрігер қателігі болып саналмайды.

BAQ.KZ: Геморройға шалдыққан адам не себепті ұзақ уақыт шыдап, дәрігерге қаралмай жүре береді?

Нұрболат Сәбденов: Бұл – біздің менталитетімізге байланысты дүние. Науқастардың көбі проктология саласы туралы білмейді. Ал білген күннің өзінде дәрігерге барып қаралуға ұялады. Маған хабарласып «Әйел проктолог бар ма? Өзім әйелмін, әйел дәрігерге қаралғым келеді» дейтіндер бар. Оларға айтарым: Қазақстанда проктолог дәрігерлер әзірге санаулы ғана және дәрігердің жынысы, діні, ұлты болмайды. Дәрігердің басты міндеті – диагнозды дұрыс анықтап, дұрыс ем түрін қолдану.

50% науқас, 50% дәрігер кінәлі

BAQ.KZ: Геморрой мен тік ішек рагының алғашқы белгілері ұқсас екенін айттыңыз. Геморрой емделмеген жағдайда қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін бе?

Нұрболат Сәбденов: Әбден мүмкін. Мен тік ішек рагымен ауыратын адамдардан не себепті ұзақ уақыт тексерілмей жүре бергенін сұраймын. Түсінгенім: бұл жағдайда 50 процент науқастың өзі, 50 процент науқас кінәлі. Мысалы, науқас дәрігер алдына барған кезде дәрі-дәрмек жазып береді, бірақ іш қатуының немесе өтуінің себебін анықтап, тікішекті, тоқішекті тексеруге жолдама бермейді. Дәрігер үнемі алдына келген науқаста қатерлі ісік бар-жоғы туралы ойлап, әрдайым күдікпен қарап, көбірек сұрақ қоюы керек. Дұрыс сұрақтар қою арқылы ғана көп диагнозды анықтауға болады.

BAQ.KZ: Бұл дерттің алдын алу жолдары қандай?

Нұрболат Сәбденов: Іш қатудан, іш өтуден, ауыр зат көтеруден сақтану керек. Көбірек қимылдап, спортпен айналысып, жаяу жүрген жөн. Ащы, тұзды тағамдарды аз тұтыну керек. Ішімдіктен бойды аулақ ұстаған абзал. Дәрігерге уақытылы қаралып тұру қажет.

Суреттен өзінің «артын» көріп, талып қалатындар бар

BAQ.KZ: Дәрігер науқасқа жүрегінде ақауы бар екенін айтса бірден емделу жолдарын іздейді. Ал геморрой сияқты дертке шалдыққанда емделмек былай тұрсын, дәрігерге қаралуға ұялатын адамдар бар екенін айттыңыз. Жұмыс барысында тағы қандай қызық жағдайлар болып тұрады?

Нұрболат Сәбденов: Қызық жағдайлар өте көп. Мысалы, науқасқа геморрой диагнозын қойған кезде дәрілердің қымбаттығын, ота жасатқысы келмейтінін және басқа сылтаулар айтып, емделуден бас тартып жатады. Әркімнің таңдау мүмкіндігі бар, бірақ емнен бас тартқан адам арада біраз уақыт өткеннен кейін алдыма ауруы асқынған күйде қайтып келетінін біліп отырам. Біз науқасқа диагнозын айтпас бұрын сараптама жасап, мазалап тұрған жерін суретке түсіріп көрсетеміз. Сол кезде өз көзіне өзі сенбей, талып қалатындар бар. «Бұл менің «артым» емес, сіз басқа біреудің «артын» көрсетіп тұрсыз» деп дауласатындар да кездеседі. Менің онколог-проктолог екенімді естіп, проктолог екеніме мән бермей, басқа жерлеріндегі ісіктерін емдетуге келетін адамдар бар. Оларға онколог-проктолог екенімді, оған көмектесе алмайтынымды айтсам «Енді онколог емессің бе, қалай көмектесе алмайсың? Барлық ісікті емдей бермейсің бе?» деп ренжиді.

BAQ.KZ: Ал арты қайғылы жағдайға ұласқан жағдайлар болды ма? Бір мысал келтіре кетсеңіз...


«Қолым тимеді» - көп кездесетін жағдай

Нұрболат Сәбденов: Бір жағдайды айтып берейін: 30 жастағы жас дәрігер едім. Ауруханаға бір аға 70 жастағы анасын алып келді. Анасына «Тоқ ішегінің рагы» деген диагноз қойып, ағаға түсіндіріп айттым. Сол кезде ол маған «Біріншіден, сен жаман дәрігерсің – өйткені жаман диагноз қойып отырсың. Екіншіден, жақсы дәрігер болсаң – мұндай жаман диагноз қоймайтын едің, демек сенің білімің төмен. Үшіншіден, саған сенгенше, анамды Ресейге, шетелге апарып емдеткенім артық» деді. Мен оған «Аға, асығыс шешім қабылдамаңыз. Бұл өте қатерлі ауру. Ісікті кесіп алып, ішекті жалғап, анаңыздың өмірін ұзарта тұрғанымыз дұрыс шығар? Қалай ойлайсыз?» дедім. Ол менің айтқаныма көнбей, анасын алып кетті. Емделуден бас тартатыны туралы қолхат алдық. Арада үш ай өткеннен кейін ол анасымен бірге қайтадан келді. Анасы өте ауыр жағдайда болды. Тексеру барысында ішегін ғана емес, бүкіл ағзасын қатерлі ісік басып алғаны анықталды. Жедел консилиум жасап, дәрігер, ғалымдардың көзінше әлгі ағадан «Сіз анаңызды осы жерде емдеуден бас тартып, шетелге емдететініңіз туралы айтқан едіңіз. Қай жаққа барып, қалай емдеттіңіз?» деп сұрағанда, ол маған «Менің қолым тимеді...» деп жауап берді. Бұл менің практикамда болған жағдай, ал дәл осындай қаншама жағдай басқа дәрігерлердің де практикасында болып жатыр.

BAQ.KZ: Не себепті дәрігерлік, оның ішінде проктология саласын таңдадыңыз?

Нұрболат Сәбденов: Мен ес білгелі суретші, сәулетші болуды армандап өстім. Оқушы кезімде қолым босай қалса сурет салатын едім. Мектеп бітіргенге 2-3 ай қалған кезде аяқ асты дәрігер болуға шешім қабылдадым, себебі адамдарға жақсылық жасауды, көмектесуді қаладым. Дәрігер – ең қадірлі мамандық деп ойлаймын, өйткені адамның жаны қиналғанда арашашы болатын Алладан кейін – дәл осы дәрігер. Сурет салу қабілетімді осы жұмысымда қолдандым. Медициналық құрылғылардың қазіргідей дамымай тұрған кезінде, науқастың геморрой қандай жағдайда екенін фломастермен салып көрсететінмін. Қазіргі кезде менің ең басты мақсатым – науқасқа дұрыс диагноз қою және дұрыстап емдеу. Бәрі де диагнозды дұрыс қоюдан басталады. Ал науқастың міндеті – алдына барған дәрігерге сенім арту. Маған сенімсіздікпен қарайтын науқаспен жұмыс жасамаймын. Күніне әртүрлі сұрақтармен орташа есеппен 30 адам хабарласады, оның бесеуі арнайы келіп емделеді, ал қалғанына қалай емлеуге болатыны, қай дәрігерге бару керектігі туралы кеңес беріп, жол көрсетумен шектелем.

BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рақмет!
Зарина Әбілмәжінова



Өзгелердің жаңалығы