Бас жаңалықтар
Халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында көп шаруа атқарылды – Жылқыбаев
11 Наурыз 2021, 16:21 457

Халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында көп шаруа атқарылды – Жылқыбаев

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Азаматтардың жұмыспен қамтылуы – мемлекеттің әлеуметтік саладағы көрсеткішінің бір көрінісі. Еліміз егемендігін алғалы бұл бағытта сан алуан шараны қолға алды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев айтып берді. 

Ол алдымен егемендіктің алғашқы жылдарында «Жұмыспен қамтуда ықпал ету» мемлекеттік қоры құрылғанын еске салды. Оған ел аумағындағы мекемелер еңбекақы қорынан 3 % мөлшерінде міндетті жарналар аударып тұрған.

Алайда сол тұстағы уақытша экономикалық тоқырауға байланысты көптеген мекемелер мен кәсіпорындардың жұмыстарында қиындықтар орын алып, тиісті жарналар қорға уақытылы аударылмады. Соның салдарынан сол кезеңдегі заңнамада көрсетілген жұмыссыздарға төленетін жәрдемақылар да төленбей, берешек қарыздар жинақталып, жұмыссыздық белең ала бастады. Елдегі еңбек нарығы мен жұмыспен қамту саласын реттеуге бағытталған өзге де арнайы бағдарламалар жүзеге асырылғанымен, олар да мәселені толық шешкен жоқ, - деп атап өтті Ержан Жұматұлы.

Осы қордаланған мәселелердің шешімі ретінде 1999 жылдың 4 сәуірінде «Жұмыспен қамту туралы» Заңға өзгерістер енгізілген. Келесі жылдан бастап жұмыссыздарға берілетін  жәрдемақы тоқтатылып, жағдайы кедейшілік деңгейінен төмен жұмыссыздарға ғана атаулы әлеуметтік көмек төлене бастады.

Аймақ басшысының орынбасары өзге жұмыссыздарды еңбекке тарту мақсатында Жамбыл облысында 2000-2002 жылдарға арналған жұмыссыздық және кедейшілікпен күрес бағдарламасы қабылданғанын айтты. Содан соң салада жоспарлы түрде іс-шаралар қолға алынған. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жұмысыздық деңгейі 1999 жылғы 14,6 %-дан 2002 жылы 12,3 %-ға дейін төмендепті.

Жалпы 2000 жылдан 2010 жылға дейін жұмыссыздықты төмендету бойынша кезең-кезеңімен 4 бағдарлама жүзеге асырылды. Осы жылдары 70 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар жыл сайын 15 мыңнан астам адам маусымдық шаруаларға тартылып тұрды. Бәрімізге аян 2008 жылы басталған дағдарыс кезеңінде еңбек рыногындағы жағдай біршама шиеленістің алдында тұрған. Осы ахуалдың алдын алуды көздеген «Жол картасы» аясында 2009-2010 жылдары барлығы 497 жоба қолға алынып, 15,9 млрд теңге игерілді, - деді Ержан Жылқыбаев.

Сол екі жылда Әулиеатада 21 545 азамат жұмыспен қамтылыпты. Ал бұл 2009 жылы жұмыссыздық деңгейін 2008 жылғы 6,5 %-да тұрақтандырып, 2010 жылы 5,7 %-ға дейін кемітті.

Жергілікті билік өкілі 2011 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап пилоттық режимде жүзеге асырыла бастаған «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы туралы да баяндады. Халықты тұрақты жұмыспен қамту мақсатында жасалған құжат аясында 2011-2016 жылдары 35 397 адам еңбекке тартылған. Бес жылдың ішінде атқарылған шаралардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі бастапқы 5,5 %-дан 4,9 %-ға дейін төмендепті. 

Содан соң, бәріміз білетіндей, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" бағдарламасы қолданысқа енгізілді. Бұл жобаның бір мақсаты азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болатын. Ал негізгі міндеттеріне еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, ауылдар мен қалаларда шағын несие беруді кеңейту, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру және жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң құру кіреді. 2017-2020 жылдар аралығында бұл бағдарламаға 162 162 адам тартылды. Демек, азаттықтың ақ таңы туғалы халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында көп шаруа атқарылды, - деді Ержан Жұматұлы.

Сонымен қатар, былтырдан бері Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы елге қызмет етуде. Жұмыспен тұрақты және нәтижелi қамтуды ұйымдастыру, жұмыссыздық деңгейінің өсуін төмендету және оған жол бермеу арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесуді көздейтін бұл шара аясында өткен жылы барлығы 809 жобаны жүзеге асып, оларға 64,2 млрд теңге жұмсалған, 20 043 адам жұмыспен қамтылған.

Аймақ басшысы орынбасарының сөзінше, еліміз тәуелсіздік алғалы бері әлеуметтік қолдау жүйесінде де бірнеше кезеңді реформалар ұйымдастырылды. Мәселен, 2002 жылдан бастап әлеуметтік көмектің бірнеше түрінің орнына кедейлік шегінен төмен отбасыларға отбасы  мүшелерінің санын ескере отырып тағайындалатын мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек енгізілген. Ал 2006 жылдан бастап бұл төлемге табысы азық-түлік себетінен төмен отбасылардың 18 жасқа толмаған балаларына арналған мемлекеттік жәрдемақы қосылды. Бұлардан бөлек, қосымша табысы төмен отбасыларға тұрғын үй көмегі, өмірдің қиын жағдайында қалған азаматтарға әлеуметтік көмек беру қаралған.

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы әлеуметтік жүйесін  реформалау мақсатында өңірде 2014 жылдан бастап «Өрлеу» пилоттық жобасы енгізіліп, шартты қаржылай көмек тағайындалды. 2018 жылғы қаңтардан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесі енгізілді. Бұл әлеуметтік көмектің атаулылығын күшейту мақсатында аз қамтылған отбасыларға шартты және шартсыз түрде беріліп отыр. Егер отбасында жұмыс жасындағы еңбекке қабілетті азаматтар болса, онда олар міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына қатысуы тиіс. Яғни, еңбекке қабілетті әр азаматқа берілетін атаулы әлеуметтік көмекке қосымша мемлекет тарапынан оқып, мамандық алып, жұмысқа тұруына немесе шағын несие алып, өз ісін ашуға қолдау жасалады, - деп түсіндірді Жылқыбаев.

Егер еңбекке қабілетті азаматтар мұндай қолдаудан өз еркімен бас тартатын болса, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды. Ал жұмысқа тарту шараларына қатысуды өз бетінше тоқтатса, онда төленіп жатқан атаулы әлеуметтік көмек те тоқтатылады.

Жергілікті билік өкілінің айтуына қарағанда, аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау атаулы көмек, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер, азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар мен қосымша қолдау шаралары түрінде қаралған. Былтыр Жамбыл облысында атаулы әлеуметтік көмекпен 69 489 адам қамтылып, оларға 4,6 млрд теңге қаржы төленген.

«Атаулы әлеуметтік көмек алушылардан 4 128 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Сондай-ақ өткен жылы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар енгізілген болатын. Өңірде бұл бағытқа 744,7 млн теңге қаралып, 13 543 бала кепілдік әлеуметтік пакетпен қамтылды», - деген Ержан Жұматұлы «Бір терезе» қағидатымен көп балалы аналарды, аз қамтылған, жалғызбасты аналарды, мүмкіндігі шектеулі жандарды, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауды әлеуметтік бейімдеу үшін «Бақытты отбасы» орталығы ашылғанын айтты. Онда дәрігерлердің, психологтардың консультациялары ұйымдастырылған, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

2020 жылы «Бақытты отбасы» орталығы 17 061 адамға қызмет көрсетіпті, оның 10 514-і қабылдауға келсе, 6 547-і онлайн режимде жүгінген.

Жылқыбаевтың мәліметінше, аймақта 45 725 мүгедек жан болса, оның ішінде 18 жасқа дейінгілерінің саны – 5 950. Арнайы заң талаптарын жүзеге асыру мақсатында, өткен жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту мақсатында республикалық және облыстық қазынадан 805,8 млн теңге қаржы бөлініп, әлеуметтік оңалту құралдарына мұқтаж 10 367 мүмкіндігі шектеулі жан тиісті медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілген.

Былтыр Тараз қаласы мен аудандардың қазынасынан қаралған 1 556,2 млн теңгеге 9 915 азаматқа әлеуметтік қызметтер ұсынылды. Тәуелсіздік алған жылдан бастап, жалғыз басты қарттар мен мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын мекемелердің желісі кеңейіп, стационарлық үлгідегі 2 мекеме, жартылай стационарлық 6 мекеме,     уақытша тұруға арналған 2 нысан, үй жағдайында қызмет көрсететін 13 бөлімше және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қамқорлық көрсететін 2 мекеме ашылды. Бүгінгі таңда оларда 4,5 мыңнан аса өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар жыл сайын қызмет алуда, - деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары.  

Сонымен қатар, он жылдан бері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар құрған үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыстар жүргізу үрдіске айналып отыр. Өткен жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 281,2 млн теңгеге 1 396 мүгедек пен қартқа арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіліпті. Тағы айта кетерлігі, Байзақ ауданында 25 орындық, Тараз қаласында аутизм диагнозды 30 мүмкіндігі шектеулі балаға арналған, күндіз қызмет көрсететін оңалту орталықтары ашылған.

Спикер биыл Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында 30 орындық мүгедек балаларға арналған және Шу ауданының орталығы Төле би ауылында 30 орындық ересек мүгедектерге арналған оңалту және бейімдеу орталықтарын ашу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.



Фото: автордан
Загрузка...