Бас жаңалықтар
Халықаралық тәжірибеде саяси партия жұмысы үшін 3-5% сайлау шегі жеткілікті – Жолдыбалина
05 Мамыр 2021, 16:17 416

Халықаралық тәжірибеде саяси партия жұмысы үшін 3-5% сайлау шегі жеткілікті – Жолдыбалина

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды.

Аталған заң жобасында аудандық маңызы бар қалалар, кенттер мен ауылдың әкімдерін тікелей сайлау, саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендету және сайлау бюллетеньдеріне «Барлығына қарсымын» деген графа енгізу сияқты өзгерістер қарастырылған. Осыған байланысты Президент жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары, саяси сарапшы Алуа Жолдыбалина пікір білдірді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің VII шақырылымының бірінші отырысында бірқатар жаңа саяси бастама көтерді. Оның ішінде Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегі 7%-дан 5%-ға дейін төмендету. Сайлаудағы төменгі шек – бұл Парламенттегі орындарды бөлуге қатысу үшін саяси партия жинауға тиісті сайлаушылар жалпы санының ең аз дауыс пайызы. Сайлаудағы шектік мөлшер – парламенттік құрылымға, саяси тұрақтылыққа және жалпы саяси партиялар арасындағы бәсекелестікке маңызды әсер етеді. Партиялық жүйенің тұрақтануына, жаңа саяси партиялардың пайда болуына, сайлау аралық бәсекеге ықпал етеді, - дейді Алуа Жолдыбалина.

Ол осы ретте заң жобасындағы мұндай өзгерістің қандай тиімділігі бар екендігін айтты. 

Біріншіден, өткен сайлауда Парламентке өтпеген саяси партиялар келесі сайлауда саяси бәсекеде жеңіске жетуі мүмкін. Мысалы, осы жолы «Ауыл» партиясы 5 пайызды еңсерген болатын. Екіншіден, жаңа саяси партиялардың дамуына септігін тигізеді. Үшіншіден, халықаралық тәжірибеде тиімді саяси партия жұмысы үшін 3-5 пайыз сайлау шегі жеткілікті деп есептеледі. Төртіншіден, саяси партиялардың жұмыс істеу белсенділігін арттырып, электоральды аралық кезеңде дайындығын ұлғайтады, - дейді сарапшы.


Фото: дереккөз
Загрузка...