Бас жаңалықтар
Гидротехникалық құрылыстарда көпфакторлы тексеріс жүргізіледі
27 Наурыз 2019, 17:11 713

Гидротехникалық құрылыстарда көпфакторлы тексеріс жүргізіледі

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Қазақстанда гидротехникалық құрылыстарға көпфакторлы тексеріс жүргізілетінін айтты. 

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды. Осы орайда депутат Қанат Мусин ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров пен ІІМ өкіліне сауалын жолдады.

«Ел аумағында 1715 гидротехникалық құрылыс жайы бар. Олардың шамамен 97%-ның пайдалану мерзімі 25 жылдан асып кеткенше апаттық салдар туғызбау үшін олардың жай-күйі бақылауда болады екен. Осы қаралып отырған заң жобасында «көпфакторлы зерттеп қарау» ұғымы енгізілген. Бірінші сұрағым, зерттеп қарау қалайша жүргізіледі? Екінші, осы зерттеп қарау гидротехникалық құрылыс жайларының бұзылуы мен елдімекендерді су басу фактісін болғызбауға қаншалықты мүмкіндік береді?» - деп сұрады депутат.

Ауыл шаруашылығы министрі Қазақстан аумағындағы гидротехникалық құрылыстардың көпшілігінің сапасы сын көтермейтінін жасырмады.

«Оның ішінде 26-сы – апаттық жағдайда. Бұларды тексергенде үш санатқа бөлінген: қауіпті жағдай, қауіпті қиын жағдай және апаттық. Соның бәрін тексеру үшін осыған дейін болмаған көпфакторлы тексеру деген ұғымды енгізіп отырмыз. Құзыретті органдар гидротехникалық құрылғыны визуалды тексеріп отырған. Көпфакторлы дегеніміз – сол гидрақұрылымға байланысты жұмыс істейтін механизмдерін, бөгет айналысындағы жағалаудың шайылып кету мүмкіндіктері секілді апатқа алып келетін барлық жағдайды тексеру. Заң жобасы қабылданғаннан кейін керекті құжаттарда барлығы көрсетілетін болады», - деп жауап берді Омаров.

Назерке Абибулла 
   


 

Загрузка...