Фонограммамен ән айтқандарды жазалайтын заң жобасы Президентке жіберілді

22 Қазан 2020, 11:32
2276
Бөлісу:
Фонограммамен ән айтқандарды жазалайтын заң жобасы Президентке жіберілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар мәдениет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды мақұлдады.

Бұған дейін Мәжілістен қолдау тапқан заң жобасы жоғары палатадан өтіп, Президенттің қол қоюына кетті.

Концерттік-ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде туындайтын бірқатар проблема бар. Орындаушылар тарапынан концерттер өткізу кезінде әдепсіз мінез-құлық көрсету, сахнада мас күйінде өнер көрсету үрдісі орын алған, жоспарланған концерттерді бұзу, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрермендерді хабардар етпей, фонограмманы пайдалануға жол берілген бірқатар факті де бар,  - дейді заң жобасын таныстырған Мәдениет және спор министрі Ақтоты Райымқұлова.

Оның айтуынша, заң жобасы аясында заңнамалық деңгейде орындаушылардың осындай мінез-құлқына жол бермеу бойынша бірқатар міндеттемені енгізу арқылы осы мәселелерді барынша реттеуге тырысқан. 

Олардың ішінде маңызды нормалардың бірі - музыкалық шығармаларды орындаушылардың фонограммаларды қолдануы туралы көрерменді хабардар ету. Фонограммаларды пайдалану тәртібі заңға тәуелді актіде айқындалатын болады. Барлық жарнамалық өнімдерде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту таңдауына мүмкіндік береді және билеттің құнына да әсер етеді, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы