Бас жаңалықтар
Ертіс жағажайының ұзындығы 5,5 шақырымға жетпек
11 Мамыр 2019, 11:36 845

Ертіс жағажайының ұзындығы 5,5 шақырымға жетпек

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар қаласындағы Ертіс өзенінің жағалауында реконструкциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ірі инфрақұрылымдық жобаға 1,5 млрд теңге бөлінген. 

Қазіргі уақытта екі учаскедегі құрылыс жұмыстары қызу. Негізгі гидрологиялық жұмыстар өткен жылы басталған. Нысан бірнеше айдан соң қолданысқа беріледі деп күтілуде. Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, өзеннің жағасын бекіту мақсатында габионды технология қолданған. Қос учаскенің ұзындығы - 1200 метр.   

«Жағаны бекіту үшін облыстағы кен орындарынан жеткізілген габионды тастар қолданылды. Тастар өзеннің бойымен металдан жасалған торлармен қапталды. Бүгінгі күнге дейін габионды тастың 25 мың тоннасы мен банкетті тастың 32 мың тоннасы жұмсалған. Құрылыс жұмыстары кестеден бұрын жүргізіліп жатыр. Осылайша, бұл көрікті орын Қазақстандағы ең ұзын жағалауға айналады. Оның ұзындығы 5,5 шақырымға жетеді», - деді мердігер кәсіпорынның өкілі Жанат Ысқақов.   

Жоба аясында жағажай бекітілумен қатар, бірнеше шақырымдық жер толық абаттандырылады. Ертіс өзені мемлекеттік қорғаудағы аумақ болғандықтан, жұмыс барысында экологиялық таза құрылыс материалдары ғана қолданылады. Ал 300 метрге созылған «Қазқонақ» палеонтологиялық ескерткішіне зиян келтірілмейді. 

«Қазқонақ» ескерткішін жыл сайын Ертіс суы шайып кетеді. Бірегей тарихи ескерткішті сақтап қалу үшін инженерлік шешімдер қабылданып, жобалар жүзеге асырылған.   

Еске салсақ, жағалаудың өзен вокзыланын орталық жағажайға дейінгі аумағы өткен ғасырдың ортасында бекітіліп, демалыс орнына айналған. Ал екінші бөлігі тоқсаныншы жылдары салынды. Енді тағы екі учаскеде құрылыс жұмыстары атқарылып жатыр.   

Ал Ертіс өзенінің арғы бетінде, яғни, Ақсу қаласындағы бөлігінде де құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жағалауда шағын амфитеатр мен шамдар орнатылды. Жобаны жүзеге асыруға 450 млн теңге бөлінді. 

          


Фото: автордан
Загрузка...