Ерте босану, аурулар мен шала туған нәрестелер күтімі

6 Желтоқсан 2019, 16:47
60404
Бөлісу:
Ерте босану, аурулар мен шала туған нәрестелер күтімі
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл сайын әлемде 15 миллиондай нәресте шала туылады. Олардың ішінде миллиондай бала дүние есігін ашқаннан кейін физикалық және неврологиялық мүгедектігіне байланысты шетінеп кетеді. Қазақта шала туғандарды "шалабай" атаған. Мерзімінен бұрын дүниеге келген балалар ерекше күтімді қажет етеді.

Қазақстанда 2018 жылы 398 673 сәби өмірге келген. Оның 21 252-сі – шала туғандар. ЮНИСЕФ мәліметінше, 2018 жылы елімізде 3 мың нәресте шетінеп кеткен, олардың ішінде шала туғандар, өлі туғандар, туа біткен кемістігі бар балалар бар. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 1000 нәрестеге шаққанда 9 нәресте өлі туады.

Қазақстанда шала туған балалар сипаты

2008 жылы Қазақстан тірі туғандардың халықаралық стандартқа негізделген жаңа критерийін қабылдады. Жүктілік кезеңінің 22 аптасынан толық 37 аптасына дейінгі кезеңде туған, салмағы 500 грамнан асатын тірі туу белгілері бар жаңа туған нәрестелер Қазақстан азаматы саналады. Оларға кепілдендірілген медициналық көмек толық көлемде көрсетіледі.

Нәрестенің салмағына қарай шала туудың 4 дәрежесі бар: І дәреже – 2500-2001 грамм; II дәреже – 2000-1500 грамм; III дәреже – 1500-1001 грамм, IV дәреже – 1000 грамнан 500 грамға дейін.

Дәрігерлер өз деңгейінде дұрыс ұйымдастырылған көмек көрсетілсе 500 грамнан жоғары тірі туған балаларды аман алып қалуға болатынын айтады.

Шала туған нәрестені өз бетінше анасының кеудесінен тамақтана алса, шығаратын кезде салмағы кемінде 2 келіге жетсе, дене температурасын ұстап тұруға қабілетті болса, жақсы дем алса, жүрек соғысында проблема болмаған кезде ауруханадан шығаруға болады.

Шала туу себептері

Дәрігерлердің сөзінше, мерзімінен бұрын босануға түрткі болатын ең негізгі себептердің бірі сыртқы факторларға, жүкті әйелдің жұмысына қатысты болмақ. Жүкті әйелге ұзақ уақыт тік тұру, керісінше бір қалыпта ұзақ отыру зиянын тигізеді. Болашақ ананың жасы мен денсаулық жағдайы, дұрыс тамақтанбауы да мерзімінен бұрын босану қаупін күшейтеді.

Ерте босанудың әртүрлі себебі бар: әйелдің тым жас болуы және сәйкесінше ананың организмі, патологиялық (әдеттен тыс) жүктілік, бұрын түсік тастаған болуы, аурулар, физикалық және психикалық жарақаттар, соның ішінде никотинмен және алкогольмен улану, - дейді реабилитолог Гүлнар Атабаева.

Ал Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананың педиатрия бөлімінің меңгерушісі Ботагөз Жампозова келесідей шала туу себептерін атап өтті:

-        жүктілік кезіндегі токсикоздар;

-        жүктілік кезінде тұмау немесе басқа инфекциялық аурулармен ауруы;

-        жүкті әйелдің экстрагенитальді аурулары;

-        әйелдің зиянды әдеттері;

-        жиі түсік тастау, аборт жасату;

-        психикалық және физикалық стресстер.

Дәрігер ерте босану қатерін сейілту үшін жүкті әйелдерге кеңес берді. Ол ең алдымен жүктілікті жоспарлау қажет екенін ескертті.

Жоспарлаудың алдында бүкіл анализдерді тапсырып, тексеріліп, дәрігерден кеңес алу қажет. Анализдерден бір ақау табылса оларды емдеп, содан кейін таза, жақсы, дені сау ұрпақ алып келу үшін жүктілікті жоспарлау керек. Темекі шекпей, ішімдік ішпеу қажет. Таза ауада жіиі серуендеген жөн. Жаман әдеттерден арылу керек, - дейді Жампозова.

Шала туған балада қандай аурулар болуы мүмкін

Көптеген шала туған нәресте дүниеге келген кезінде жүрек-қан тамырлары, ас қорыту, тыныс алу және жүйке секілді кейбір мүшелері мен жүйелері толық қалыптаспауы мүмкін. Дәрігерлер мұны тыныс алудың құбылмалы жиілігінен білуге болатынын айтады. Мазасызданған және қозғалыс кезінде минутына 60-80 рет тыныс алса, тыныштықта және ұйықтап жатқанда тыныс алуы азайып, тіпті тыныс алған кезде ұзақ кідірістер (апноэ) жасауы мүмкін.

Егер кідіріс 20 секундтан асса, қандағы оттегі төмендейді. Бұл баланың терісінің көгеруі мен жүрек соғысы жиілігінің төмендеуімен бірге жүреді. Мұндай жағдайда арнайы препараттар тағайындалады. Дәрі-дәрмектер мидың тыныс алу орталығына дем беріп, нәтижесінде тоқтаусыз тыныс алады немесе тыныс алу кезінде кідірістер аз кездеседі. Шала туған нәрестелерде апноэ кезеңдері мерзіміне жеткенге дейін сирек кездеседі (жүктіліктің 34-ші аптасына сәйкес келеді) және ауруханадан шығару кезінде толығымен жоғалады. Кейде жүктіліктің 34-42 аптасында дүниеге келген балаларда тұрақты апноэ кездеседі. Бұл "кеш апноэ" деп аталады және туа біткен жүрек кемістігі, анемия, менингит немесе гастрософагеальды рефлюкс (асқазан құрамындағы рефлюкс) сияқты ауыр ауруларға әкеп соқтыруы мүмкін. Осы ауруларды емдеу кезінде апноэ белгілері басталған кезден 1 жыл ішінде жоғалады, - дейді реабилитолог Гүлнар Атабаева.
Нәрестенің жүрек соғысының жиілігі баланың жағдайы мен қоршаған орта жағдайына байланысты болады. Ауа температурасы жоғары болған кезде бала мазасызданып, жүректің жиырылуы минутына 200 соққыға дейін көбейеді.

Ас қорыту жүйесінің шала жетілуіне байланысты диспепсия, колит, дисбиоз секілді асқазан-ішек аурулары кездесуі мүмкін. Нәрестенің ішек бұлшықеттері әлі де нашар машықтанғандықтан, тамақты жылжыту процесі баяу жүреді. Осының салдарынан шала туған нәрестелер көбінесе сүтті қорыту кезінде пайда болған газдардың жиналуынан қиналып, іш кебу, іш қату жиі кездеседі.

Дәрігер шала туғандардың көру мүшелері ауруларына шалдығуы мүмкін екенін, сол себепті жүктіліктің 30-аптасына дейін туғандарды офтальмолог қарауы керек екенін айтады. Сондай-ақ, шала туғандардың иммундық жүйесі жетілмегендіктен мерзіміне жетіп дүниеге келген балаларға қарағанда инфекцияларға сезімтал келеді.

Шала туған нәрестелерде көбінесе дүниеге келген кезінде гемангиома деп аталатын туа біткен дақтар болады. Бұл "топырақ дақтары" жұмсақ, кеңейтілген қан тамырларының (капиллярлардың) қызыл дақтарынан тұрады. Олар мүлдем қауіпсіз, тек педиатр мен онкологтың қадағалауын қажет етеді. Өмірдің алғашқы жылының соңында біртіндеп жойыла бастайды және әдетте 4 жыл өтеді. Педиатр балаңыздың дамуын үнемі қадағалайды. Жасына сай балаңызды мамандар қарап тұру қажет, - дейді Атабаева. 

Аналар оқиғасы

21 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны Жайна алғашқы сәбиін ерте босанған. Жүктіліктің 28-аптасында салмағы 1600 грамм нәрестені өмірге әкелді.

Ерте босану қалыпты жағдай емес. Шала туған балаларға көп күтім керек, себебі олардың терісі өте нәзік болып келеді. Бөлме температурасы 27 градустан төмен не одан жоғары болмауы тиіс. Арнайы тоқылған киімдер кигізеді екен. Ай-күні толық жеткен балалар сияқты күтімді қажет етеді. Аса бір ерекшелігі жоқ. Ерте босануымның себебі қаназдық (анемия) деп ойлаймын. Дәрігерлерге жиі бармадым. Барған күннің өзінде бәрі жақсы екенін айтты. Ауруханада бір ай төрт күн ем алдық. Ата-анам мен ата-енем, жолдасым, жақындарым бәрі қолдау көрсетті. Ерте босанғанымда "бәрі жақсы болады, олар әлі бәрінен озады" деген сөздерімен маған және сәбиіме күш-жігер берді. Қазір жағдайы жақсы, өсіп жатырмыз. Құдай беріп жатса өмірге бала әкелуге дайынбыз, - дейді Жайна.
Алматылық Гүлдана Иманбай ерте босану қаупі ертеден болғанын айтады. Ол жүктіліктің 37-аптасында салмақтары 2250 грамм және 2750 грамм болатын егіздерді кесар тілігімен өмірге әкелді.
Менде егіздер болды. Дәрігерлер әу бастан "37-аптасына жетсек те рахмет" деп мені дайындады. Сол себептен босанғанға дейін өкпелері жетілу мақсатында түрлі "системалар" қабылдадым. Күткендей 37-аптасында босандым. Балаларым толық мерзімде туған, бірақ жетілмеген болып шыққан соң 10-15 күндей кувезде жатуға тура келді. Кувезде "28 ілмек" ұсынған тоқымалар үстінде жаттық. Аяқтарына тоқылған шұлықтар кигізіп қойды. Түрлі "системалар", түбіртек арқылы тамақтандыру деген сияқты күтімдер болды. 10 күннен кейін палатаға шығарды. Қандарында билирубиннің көптігінен сары болып шыққандарына байланысты шамның астында жатуға тура келді. Дәрігерлер жақсы күтім жасады. Қазір балаларым жақында беске толады, - дейді ол.
10.jpg

Ана мен егіздер перзентханада 40 күндей дәрігерлердің қарауында болып, денсаулықтары жақсарған кезде ғана үйге шыққан.          

Балалар кесар тілігімен дүниеге келді. Әйелдерге барынша денсаулығын күтіп, кесармен емес табиғи жолмен босануға кеңес беремін. Себебі, бірінші баламды табиғи жолмен босандым. Кесар тілігінен кейін өте қатты қиналдым. Бір аптадай орнымнан тұра алмадым. Балаларым кувезде болып жаным қалды. Кесар тілігінен кейін баланы бірден жаныңа әкеп тастайтын кездер болады. Оған ана күтім жасай алмайды. Қазір табиғи жолмен босануға мүмкіндігі болса да кесар тілігіне жүгінетіндер қатары көбейген. Мен 2-3 ай дегенде өзіме әрең келдім. Кесар кезінде салынатын эпидуралдық егу белге өте қатты зақым келтірді. Өмір бақи күтімді талап етеді. Сондықтан, табиғи жолмен босануға кеңес беремін. Балаға қатысты дәрігерлердің айтқанын бұлжытпай орындау керек. Егіздерім салмақты ай сайын жақсы қосты. Екі жасқа дейін бір де бір аурумен ауырмады. Тұмау, жөтел, мұрнынан су ағу болған жоқ. Дәрігерлердің айтқанын бұлжытпай орындадым, - дейді Гүлдана.
Айдана есімді келіншек екінші жүктілігінде кесар тілігімен баласын мерзімінен бұрын дүниеге әкелген. Гүлдана мен Жайнаға қарағанда оның оқиғасы өзгеше.

11.jpg
Жүктілік кезінде ешқандай да ауытқушылық болмады. Токсикоз болса да қатты қауіпті емес еді. Босанатын кезде ерте толғағым басталып кетті. Перзентханаға бардым. Дәрігерлер "жатыры ашылмаған, баланың ана құрсағында болғаны жақсы" деп мүмкіндігінше жүктілікті сақтау үшін толғақты қайтаратын дәрілер салды. Оған дейінгі жүктілігім кесар тілігімен болғаннан кейін осы жолы да алты күнде толғағымды сақтауға тырысты. Бірақ алты күннің ішінде баланың жағдайы дұрыс емес екенін сезіндім. Дәрігерлерге қанша ескерттім, бірақ құлақ аспады. "Бәрі жақсы, УЗИ жақсы" деді. Анамын ғой, іште жатқан баламның жағдайы дұрыс емес екенін сезіп тұрмын десем де кесар тілігін жасамай, не туғызбай қойды. Алты күн толғаттым. Ақыры кесір тілігін жасады. Мен жан сақтау бөлімінде, балам балалар жан сақтау бөлімінде болды. Шамамен бір айдан аса уақыт қалдық. Кувезде жатқан қызыма жағдайы өте ауыр болғаннан кейін ерекше күтім қажет болды. Жәй ғана шалалық емес қызым оттегі жетіспеушілігімен туды. Сондай-ақ, мұндай балаларда өкпе жетілмей туу көптеп кездеседі. Өкпесінен қан кету, миына қан құйылуы деген сияқты нәрселер болды, - дейді Айдана.

Реанимациядан кейін баланың жағдайы жақсарған соң интенсивті палатаға ауыстырылған.

Жүннен тоқылған киімнен бөлек, қалыптаспаған ему, жұтыну сияқты рефлекстерді жайлап дамыту керек болды. Балам бастапқыда зонд арқылы тамақтанды. Содан кейін кішкентай тамызғышпен, сосын бөтелкемен тамақтандыра бастадық. Ана сүтін емді. Шала туған нәрестелерге арналған арнайы емізіктер пайдаландық. Бұл балалар шала туғаннан кейін дене температурасын қалыпта ұстап тұра алмайды. Тез жаурап қалады. Сол үшін үнемі жылы температурада ұстау керек болды. "28 ілмек" деген клуб жейде, қалпақ, шұлық тоқып берді. Қалыңдап орап, аяғының астына жылытқыш қоямыз. Шомылдыру да басқа. Солай күтімі өте қиын болды, - дейді ана.
Қазір Айдананың қызы төртте, жүріп-тұруы қиын мүгедек. Дәрігерлер жүктілік кезінде баланың денсаулығы жақсы екенін айтқанымен, өмірге келген соң "іштен ауру" болғанын жеткізген.
Денсаулығы ешқандай көңіл қуантпайды. Жүрмейді, сөйлемейді, көрмейді. Оттегі жетіспеушіліктен. Нәресте дүниеге келген соң дәрігерлер бала іште жатқаннан ауру болған дейді. Бірақ бұлай деп ешқандай анализдерінде, УЗИде айтпады. "Баланың жағдайы өте жақсы, бала қалыпты дамуда" деп айтатын. Шетелдік мамандар "дәрігерлердің салғырттығы баланы осындай халге жеткізді" деп отыр. Көп уақыт толғақтан соң баланың миына оттегі жетпеген. Содан балаға зақым келген. Осындай бала бергеніне ренжімеймін, қуанамын. Шала болса да, сұлу қыз берді. Денсаулығы жоқ болса да, қандай болса да ол менің қызым. Сау баладан артық жақсы көремін, - дейді ол.

 Шала туған нәрестелер күтімі

Температура

Шала туған баланың күтімі бірінші перзентханада, содан кейін арнайы шала туған балалар бөлімінде жасалады. Мұндай нәресте орталық нерв жүйесінің және тері қабатының температураcын реттеу қызметінің жетілмей туу себебінен дене температурасын өз қалпында ұстай алмайды. Салқын жерде тез тоңып, ыстық жерде дене қызуы көтеріліп кетеді. Сондықтан, шала туғандарға шалалықтың дәрежесіне сәйкес әртүрлі температуралық режимді сақтау керек.

9.jpg

3-ші және 4-ші дәрежелі шала туған балаларға алғашқы күндері арнайы кереует – кювезде күтім жасалады. Оның ішіндегі температураны осы балаларға қажет 30-35 градусқа дейін көтеріп, ылғалдықты 60-65%-ке, оттегі концентрациясын 30%-ке жеткіземіз. Мұндай кювездер жоқ болса, шалалықтың 1-ші және 2-ші дәрежесіндегі балалардың дене температурасын жылытқыштар қою арқылы реттеуге болады. Шала туған баланың тері қабатының қорғаныш қызметінің төмен болуына, жалпы иммунитетінің төмендігіне байланысты оның күтімінде тазалықты қатаң сақтап, әртүлі аурулардан сақтандыру қажет, - дейді №7 қалалық клиникалық аурухананың педиатрия бөлімінің меңгерушісі Ботагөз Жампозова.
Реабилитолог Гүлнар Атабаеваның сөзінше, үй жағдайындағы күтім кезінде бөлмедегі ауа температурасы 22-25 градус болу керек және әр 3 сағат сайын бөлмені 15-20 минут желдету қажет.

6.jpg
Баланы 28-32 градуста ұстау керек. Жаңа туған нәрестені жылыту қажет болғанда резеңке жылытқыштарды қолданған дұрыс. Жылытқыштағы су температурасы 60-65 градус болуы қажет. Баланың бетін көрпемен жаппай ашық қалдыру керек. Бір айлығынан соң, бала дене температурасын өзі ұстай алады, сөйтіп бірте-бірте жасанды жылытқышты қолданбауға болады. Шала туған нәрестенің температурасын шешіндірмей таңертең және кешке өлшеп тұру қажет, - дейді реабилитолог Гүлнар Атабаева.

Шала туған балалардың тыныс алу жүйесіндегі ерекшеліктеріне және дем алу орталығының жетілмеуіне байланысты, олардың дем алысын жақсарту үшін келесі әрекеттер жасалады:

- бөлме ауасын жиі желдетіп, тазартып тұру;

- баланы бос жөргектеп, бас жағын көтеріңкі етіп жатқызу;

- ылғалдатылған оттегін беру;

- баланың кеудесіне қыша қағазын қойып тұру.

 Тамақтандыру

Шала туған баланы тамақтандырудың өзіндік ерекшеліктері бар. Бала тез өсіп, өз қатарларын қуып жету үшін тамақ мөлшерін артығымен қабылдау қажет. Алайда дәрігерлер баланың ас қорыту ағзаларының жетілмей тууы және ему, жұту рефлекстерінің әлсіздігі бұл қажеттілікті орындай алмайтынын айтады. Шала туған балалар шалалық пен рефлекстерінің даму дәрежесіне сәйкес әртүрлі әдістермен және әртүрлі мерзімдерде тамақтандырылады.

3-4-ші дәрежелі шала туған балалардың ему, жұту рефлекстері өте әлсіз немесе мүлдем болмауы мүмкін. Сондықтан, оларды алғашқыда зонд арқылы тамақтандырады. Зонд баланың жалпы жағдайына қарай дәрігердің шешімімен 2-3 күнге қалдырылады немесе әр тамақтандырылған сайын ауыстырылып отырады. Қолданылатын полиэтиленнен жасалған асқазан зонды балаға мұрын қуысы немесе ауыс қуысы арқылы енгізіледі. Баланың рефлекстері пайда болғаннан кейін ғана шөлмек, емізік арқылы тамақтандырылады. Оған жақсы үйренгеннен кейін барып анасына емізуге апарылады. 1-2 дәрежелі шала туған, ему, жұту рефлекстері бар балалар да анасына емізуге бірден берілмейді, өйткені ему оған күш түсіріп, баланың жағдайы нашарлап кетуі мүмкін. Бұл балаларды да алғашқыда емізік арқылы анасының сауылған стерильді сүтімен тамақтандырып, жақсы еміп үйренгеннен кейін барып, анасына емізуге береміз, - дейді дәрігер Ботагөз Жампозова.
Оның сөзінше, тамақтантыру жиілігі тамақтандыру әдісіне тәуелді. Егер шөлмек, емізік арқылы немесе анасын еметін болса, емізу жиілігі тәулігіне 7-10 рет, ал зонд арқылы тамақтандыратын болса одан сирегірек болады. Себебі асқазан зондын жиі-жиі салудың балаға кері әсерлері мен кемшіліктері де бар.

Киім

Салмағы 2 келіден асып туған балаларды қымтаудың қажеті жоқ. Оларды басқа балалар секілді киіндіреді. Салмағы 2 келіден аз балаларға көп зат қажет. Олар үшін ең қолайлы киім – тоқылған қалпақ, бас киімі мен тоқылған жеңдері бар жемпір, еңбектемелер. Осындай жолмен киінген баланы бәйке көрпесіне орап, жүн конвертке салып, үстіне фланельді көрпе жабу керек. Бірінші айдың соңында сіз конверт пен көрпелерді біртіндеп тастауыңыз керек. Баланы бөлеп тастау арқылы тыныс алуын қатайтуға болмайды. Жаңа туған нәрестенің өкпесінің барлық аймақтары біркелкі тыныс алу үшін оны үнемі бір жағынан екінші жағына ауыстыру керек.

1.jpg

Қазақстанда "28 ілмек" атты шала туған нәрестелерге жүннен киім-кешек тоқитын еріктілер қозғалысы бар. 2012 жылдан бері еріктілер тоқыған заттарын аурухаларға тегін тапсырып, шала туған нәрестелердің күтіміне қол ұшын созып отыр.

4.jpg

Клуб жетекшісі Карла Нурдың сөзінше, жүннен тоқылған заттар нәрестелерді жылытып қана қоймайды, олар емдік қасиетке ие.

Сәбилердің жүйке талшықтарын қалыптастырып, өздерін жайлы сезінуіне көмектеседі. Келіншектердің бірі жылдам тоқиды, бірі асықпай тоқиды. Кездесу кезінде клуб мүшелері 100-300 зат тоқиды. Былайша айтқанда, біз бір кездескенде қаламыздың барлық перинаталды орталығына түрлі заттар тоқып береміз, – дейді ол.
2014 жылы клубқа мүше болған Ғазиза Ұзақ алғашқы кезде тек жылы шұлық, кейін дәрігерлермен келісе келе толық жиынтық тоқи бастағандарын айтты.

3.jpg
Ішінде таза жүн жіптен тоқылған жылы шұлық, көрпеше, бас киім, күртеше кіреді. Кейде қосымша қолғап пен сегізаяқ ойыншығын (мақта-мата жіптен) тоқимыз. Шала туған бөбектер, өкінішке қарай, өз-өздерін жылыта алмайды. Олар мерзімінен ерте туғаннан кейін әлсіз келеді. Жарық дүниеге келгенін ұқпайды. Әрдайым ұйқыда болып, дем алуды ұмытып кетеді. Сол үшін де біз тоқыған киімдер оларға жылулық сыйлап қана қоймай, сондай-ақ, денесін тітіркендіріп, сәбидің қозғалуына ықпал етеді. Сәби қозғалған сайын оның қан айналымы жақсарады, әрдайым тыныс алады, денсаулығы ширай түседі. Бұрынғы заманда халқымыз шала туған сәбиді тымақ-малақайға салып баққаны белгілі. Біз таза жүн тоқыма жіптерінен тоқимыз. Нәтижесі бірдей. Жылулық сыйлайды, қан айналымын жақсартады, сәбидің тыныс алуы мен тезірек салмақ қосуына көмектеседі, - дейді клуб мүшесі.

8.jpg

Екпелер

Шала туған нәрестелерді вакциналау кестесі жеке қаралады. Егер нәресте сау болса және дене салмағы 2000 грамнан асса онда оның егу күнтізбесі толық мерзімінде туғандардан ерекшеленбейді. Дене салмағы 2000 грамнан аз туған сәбилер ауруханада БЦЖ-мен егілмейді. Бұл нәрестенің дене салмағы 2500 г жеткенде жасалады. Салмағы 1500 грамнан кем туған балаларға өмірдің бірінші жылының соңында, содан кейін денсаулық жағдайын ескере отырып екпе жасалады.

Негізі бала туған кезде екі екпе егіледі. Вакциналарды сақтаудың белгілі бір ережелері болғандықтан екпені медициналық мекемелердің арнаулы кабинеттерінде жасайды.

Серуендеу

Серуендеген кезде абай болу қажет. Ауа темперетаурасы кенет өзгеріп кетсе баланың денсаулығына жағымсыз әсер етуі мүмкін. Дене салмағы 1500 грмаға дейін шала туған нәрестелерді 2 апта өткеннен кейін жылы ауа райында 25-26 ауа температурасы кезінде шығаруға болады. Алғашқы серуен 10-15 минут болса жеткілікті. Содан кейін, әр серуенде 20 минут қосып, 1-1,5 сағатқа дейін таза ауада серуендеуге болады. Күз бен көктемде ауа температурасы 10 градустан төмен болмаса, салмағы 2500 г асса және 1-1,5 айлығында ғана сыртқа шығаруға болады. Ауа температурасы 8-10 градустан төмен болса шала туған нәрестені 2 айлығынан кейін және дене салмағы 2800-3000 грамнан асқанда ғана серуендеуге алып шығуға болады.

Үкімет не дейді

Жақында ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 37 толық аптадан аз мерзімде туған сәбилерге көмек көрсету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтқан болатын.

Шала туған нәрестелерге қатысты жағдай әрдайым әркезде қиын, әлемнің басқа елдерінде де солай. Өйткені шала туған сәбилер – ауыр даму патологиясы бар балалар болған соң сырқаттану қаупі зор. Сондықтан, шала туған сәбилерге сапалы көмек көрсету үшін біз қазір үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп осы қызметті нығайту бойынша бағдарламаны пысықтап жатырмыз. Оның ішінде барлық өңірлерде шала туған сәбилерге көмек көрсету бойынша катамнез орталығын дамыту бағдарламасы да бар, - деген болатын Денсаулық сақтау министрі Үкімет кулуарында.

     Фото: 28petelkdts





Өзгелердің жаңалығы