Ерлан Саиров: Ұлттық кеңес – қазақ қоғамына рухани құндылықтар бере алады

4 Қыркүйек 2019, 09:25
6830
Бөлісу:
Ерлан Саиров: Ұлттық кеңес – қазақ қоғамына рухани құндылықтар бере алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент Жарлығымен Ұлттық кеңес құрылып, оның құрамына кіретін мүшелердің де тізімі анықталған болатын. Тіпті, кеңестің алдын-ала мүшелік-кездесуі де өтті.

Осы ретте Ұлттық кеңестің мүшесі, саясаттанушы Ерлан Саировпен жолығып, осы кеңес төңірегінде әңгімелесудің сәті түскен болатын.

- Әңгімені төтесінен бастайықшы. Біздің елге Ұлттық кеңес не үшін керек?

- Қазақстан әлеуметтік трансформация мен қоғамдық эволюция аясында тұр. Ал мемлекет дамуы үшін қоғамдық эволюция болуы қажет. Эволюция – әрбір дамудың алғышарты. Осындай өзгерістер болып жатқан кезде кейбір мемлекеттік институттар сол эволюцияның жылдамдығына ілесе алмай қалуы ықтимал.

Өзің білесің, біздің қоғамда әлеуметтік-қоғамдық процесстерді қайта қарау, рухани жаңғыру, өзгерістер жасау жөніндегі сұраныс бар. Осы сұранысқа жауап беру керек.

Бүгінгі таңда еліміздегі кейбір мемлекеттік институттар жоғарыда айтқан эволюцияға бейімделе алмай жатқан кезде, Ұлттық кеңес секілді ұйымдар қажет. Бұл ұйымдар (Ұлттық кеңес – авт.) – мемлекеттік органдарды, соның ішінде заң шығару билігі, сот билігі, Үкімет қатарлы өкіметті жаңғыру процесстеріне сәйкес болуға итермелейді. Осы тұрғыдан келген кезде Ұлттық кеңестің жұмысы бүгінгі таңда өте қажет. Және дер кезінде қолға алынды деуге болады.

- Жақсы, халыққа керек екен. Ал бұл кеңестің жұмысы қанша уақытқа созылуы мүмкін?

- Бізге нақты осы уақыттан осы уақытқа дейін жұмыс істейсіңдер деген ешкім жоқ. Және бұл іске ондай мерзім бекіту де мүмкін емес. Бірақ еліміздегі қоғамдық сұраныстарға билік, сондай-ақ мемлекеттік институттар жауап беруге дайын болған кезде Ұлттық кеңестің жұмысы да саябырлауы мүмкін. Ал шын мәнісінде кеңес жұмысы қанша уақытқа созылатынын алдағы уақыт көрсетеді.

Өзің білесің, біз 2021 жылы мәслихат, мәжіліс сияқты элоктральды циклға кіреміз. Элоктральды цикл – біріншіден күрделі болса, екінші жағынан әртарапты саясат, яғни сол кезде саясат әртараптанатын болады. Бір айта кетерлігі, элоктральды циклға билік партиясы да, қазіргі кезде күш алып келе жатқан әртүрлі қоғамдық күштер де дайындалып жатыр.

Осыған қарап отырып, біздің елімізде азаматтардың бойындағы әлеуметтік-қоғамдық күш-жігері мен мемлекет арасындағы тепе-теңдік пайда болған кезде бұндай құрылымдардың (Ұлттық кеңес секілді – авт.) күн тәртібінде болмауы ықтимал.

- Мысалы, Жер комиссиясы дегендей ғой...

- Иә. Жер комиссиясы өзінің басты міндетін атқарды. Ол мәселе тез шешілді, тез шешілгендіктен, комиссия жұмысын тоқтатты. Дәл сол сияқты, елімізде бүгінгі таңда қоғамдық эволюция мен әлеуметтік трансформация мәселелері шешілген кезде өзінің күн тәртібін жояды. Бірақ, ол бір жыл бола ма, екі жылға созыла ма, оны уақыт көрсетеді.

Менің ойымша, бұл біздің еліміздегі қордаланып қалған әлеуметтік мәселелер, териториялардың дамуындағы диспропорция, қоғамдық процесстерді либерация жасау аясындағы ұтымды әдістердің бірі.

- Қарапайым халықтың түсінігінде «Ұлттық» ұғымына көбірек салмақ салынады. «Ұлттық кеңес деген соң ұлтқа қызмет істеуі керек» деген түсінік бар. Жалпы, бұл кеңес ұлт мүддесі үшін қаншалықты жұмыс істей алады?

- Ұлттық кеңес ең әуелі қазақ қоғамына рухани құндылықтар бере алады.

- Рухани құндылық деп отырғаныңыз не?

- Ол ең бірінші – болашаққа деген сенім. Екінші – болашаққа деген оптимизм. Үшінші – үміт. Біздің қоғам қазіргі кезде пессимизм, саяси ниглизм, қоғамдағы болашаққа деген әлжуаздық тенденциялары бар.

Міне, осындай қордаланып қалған ең басты әлеуметтік мәселелерді шеше отырып, қоғамға болашаққа деген жаңаша көзқарас беретін ұйым болуы мүмкін. Ал ол ұсақ-түйек мәселелерді шешуден басталады. Осы тұрғыдан алғанда, Ұлттық кеңестің негізгі ұстанымы, іргелі дүние жасау емес, кішкентай, бірақ нақты мәселелерді шешуден бастау ұтымдырақ болмақ.

- Сіз айтып отырған ұсақ-түйек мәселелеге нелер жатуы мүмкін?

- Мысалы, өзін-өзі басқару мәселесі. Бұл саланың жүйесі әлі бекітілген жоқ. Өзін-өзі басқару деген не? Азаматтар белгілі бір елді-мекенде немесе қаланың шағын ауданында өз мәселесін өзі шешіп отыруы керек.

Екінші, Қазақстанда заң аясында бола тұрып, бірақ іс жүзіне аспай жатқан дүние көп. Ол жергілікті жердегі мәслихаттардың функциясын кеңейту мәселесі. Егер жергілікті жердегі мәслихаттың құзыреттілігін кеңейтіп, олар сол өңірдегі мәселені облыс, тіпті республика деңгейіне жеткізе алатын болса, азаматтар көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жергілікті жерде шеше алар еді. Сонымен қатар, билік пен қоғам арасында мықты байланыс орнайды.

Үшіншіден, елімізде териториялық дамудың диспрофорциялары бар. Соларды шешу керек. Дамымай қалған аудандар көп. Сонымен қатар, еліміздегі халықтың 42 пайызы ауылда тұратындықтан, біз аграрлық ел болып саналамыз. Демек біздегі басты мәселе територияға деген нақты саясатымыз болуы керек.

Міне, осындай мәселелерді шешуіміз керек. Себебі Алматы мен Нұр-Сұлтанға ауылдан келетін жастар көп. Ал олардың қалалық деңгейдегі біліктілігі, үлкен ортаға түскендегі өз-өзін басқаруы қиын. Сондықтан олыр көбінесе, базарды жағалап немесе құрылыс жұмыстарына жегіледі. Олар бұндай жұмыс орындарында түрлі әділетсіздіктер мен теңсіздіктерге ұшырап жатады. Соның салдарынан жастардың ел болашағына, өз болашағына деген сенімі төмендейді. Бізге осындай мәселелерді шешу керек. Ол үшін ауылдарда ұлттық әлеуметтік стандартты жасау керек.

Мысалы, қалада адамдардың қандай әлеуметтік игілігі болатын болса, дәл сондай игіліктер ауылда да болуы керек. Сонда ауыл мен қала арасында белгілі бір тепе-теңдік болады. Бірақ, біздің қазақ азаматтар қалада тұруға, қалаға көшіп келуге, қаланың мәдениетіне енуге жағдай жасауы керек. Бұл күрделі жағдай. Соған қарамастан, осындай фундаментальді мәселелерді шешетін болсақ, елде әлеуметтік тепе-теңдік орнайды.

Менің ойымша, Ұлттық кеңестің негізгі ұстанымы – осындай фундаментальді, сонымен бірге, адамның санасына, оптимизміне әсер ететін мәселелерді мемлекеттік деңгейде көтеру.

- Өздері көтеріп отырған мәселені шешу немесе шешілуіне ықпал ету Ұлттық кеңес мүшелерінің қолынан келе ме?

- Келмейді. Бірақ, сол мәселені мемлекеттік саясаттың деңгейіне шығару кеңес мүшелерінің қолынан келеді. Қазақта, «Арық айтып, семіз шық» деген жақсы сөзі бар ғой...

- Жақсы, бірнеше күн бұрын Ұлттық кеңестің мүшелік кездесуі өтті. Соған тоқталыңызшы.

- Бұл ресми отырыс емес. Негізі ресми алғашқы отырсы 6 қыркүйекте өтеді. Мүшелер үш топқа бөлінді. Саяси-әлеуметтік, әлеуметтік-гуманитарлық және экономикалық топ. Үш топ өз ұсыныстарын, жоспарларын, талап-тілектерін кеңестің алғашқы отырысы күні айтатын болады. Және сол күні Ұлттық кеңестің нақты бағыт-бағдары айқындалады. Қалай дегенмен де, бұл кеңестің ауқымы кең. Еліміздегі қордаланып қалған барлық әлеуметтік мәселелерді талқылайды.

- Әңгімеңізге рахмет!
Өзгелердің жаңалығы