Енді ғылыми жұмыстар тек Turnitin антиплагиат жүйесінде тексеріледі

5 Желтоқсан 2019, 13:04
6214
Бөлісу:
Енді ғылыми жұмыстар тек Turnitin антиплагиат жүйесінде тексеріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Парламент Сенаты депутаттарының сауалынан кейін академиялық адалдық, плагиат мәселесі бойынша тиісті шешімдер қабылданып жатқанын айтты. 

Біз биыл бірінші рет Turnitin (Turnitin Plagiarism Framework) деген 15 мың ең үздік университет қолданатын антиплагиат жүйесін қолдандық. Бұдан былай біздің нормативтік құжаттарға өзгерістер енгіздік. Барлық курстық, дипломдық жұмыстар, диссертациялар осы жүйеден өтеді. Екіншіден, жүйеден өтіп қана қоймай, сол жерде сақталады. Сатылатын диплом, басқа да проблемалар барын жасырмаймыз. Бір рет дайындалған жұмысты екінші рет қорғап шығу деген енді болмайды, - деді Аймағамбетов. 

Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары Фатима Жақыпова плагиат дауына ілігіп, Парламент Сенаты депутаттарының сауалынан кейін өз еркімен вице-министр қызметінен кеткен болатын.

Осы мәселе бойынша диссертацияны қайта қарастыру деген сұрақ болды. Ол кезінде заңды берілді ме, жоқ па деген сұрақ туындады. Оны да біз қарап шықтық. 2009 жылы диссертация ҚазҰУ-да қорғалды. Сол уақыттардағы талаптарға сай деп санаймыз. Сондықтан ғылыми атақты қайтарып алуға заңнама шеңберінде ешқандай мүмкіндік болмай тұр. Бұл кісіні өздеріңіз білесіздер, өзі өтініш жазып жұмыстан кетті. Қазір министрлікте жұмыс істемейді, - деді министр.
Естеріңізге сала кетейік, Аймағамбетов мұғалімдер даярлайтын оқу орындарының сапасы сын көтермейтінін айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы