Бас жаңалықтар
Аймағамбетов мұғалімдер даярлайтын оқу орындарының сапасы сын көтермейтінін айтты
05 Желтоқсан 2019, 12:24 8267

Аймағамбетов мұғалімдер даярлайтын оқу орындарының сапасы сын көтермейтінін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Парламент Сенатының жалпы отырысында педагог кадрларын даярлау және кадр тапшылығы мәселесі туралы депутаттар сауалына ауызша жауап берді.

Министрдің сөзінше, Қазақстанда педагогтарды даярлайтын 85 университет бар. Онда 149 мың студент оқиды. Биылдың өзінде 44 мың педагог университетті бітіріп шыққан. Тапшылыққа келер болсақ, жыл сайын 10-11 мың мұғалім керек. 


82 колледжде мұғалімдерді даярлап жатырмыз. Қазіргі уақытта контингент – 75 мың. Жыл сайын 60 мың мұғалім оқу орындарын бітіріп жатыр. Ал бізге керегі – 10-12 мың. Ең басты мәселе мұғалімдердің сандық тұрғыда жетіспеу емес, бірінші – сапа мәселесі. Екіншіден, өкінішке қарай бітірген түлектердің мектептерге бармау мәселесі. Мысалы мектепті үздік бітірген түлектердің жартысы осы университеттерге барып жатыр. "Алтын белгіні" алған түлектердің 12% ғана педагогикалық мамандықтарды таңдап жатыр. Бүгінде педагогикалық мамандықтарға барып жатқан балалардың 70-80% ҰБТ-дан 50-60 балл алады. Ең төменгі балл алғандар, өкінішке қарай педагогикалық мамандыққа барып жатыр, - деді Аймағамбетов.

Білім және ғылым министрі университет түлектерінің мектепке бармау себебінің бірі ретінде жалақы мәселесін айтты. Оның сөзінше, бүгінде педагогтар орташа экономикалық жалақының 65% ғана алып отыр. 

Бұл мәселелерді шешу жолдарын қарастырдық. Ең басты мәселенің бірі – талаптарды күшейту. Педагогтар даярлайтын 85 университет пен 82 колледждің сапасы сын көтермейді. Сондықтан, оларға біліктілік тұрғысынан талаптарды жоғарлатып жатырмыз. Қалған мемлекеттік және мемлекеттік емес университеттердің әлеуетін көтеруіміз керек. Материалдық-техникалық базасын, тиісті кадрларды нығайтып, практикасын өзгерту керек. Биылдың өзінде ҰБТ шекті балл 50-ден 60-қа көтердік. Педагогикалық университеттерде 20 кредит бар, оны орындау мәселесі сын көтермейді. Білім беру бағдарламаларын жаңартып жатырмыз. Педагогикалық, кәсіби стандарттар бекітілді. Кәсіби стандарттар негізінде бүкіл педагогикалық бағдарламаларды біріктіріп жатырмыз, - деді ол. 

Айта кетсек, Парламент Сенатының бір топ депутаттары білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке білім саласына қатысты депутаттық сауал жолдаған болатын.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...