Енді елімізде әйелдер мен балаларға қатысты істі арнайы маман тергейді – ІІМ

2 Сәуір 2021, 07:33
1707
Бөлісу:
Енді елімізде әйелдер мен балаларға қатысты істі арнайы маман тергейді – ІІМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстарды арнайы маман тергейді. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Комитет төрағасы орынбасарының айтуынша, полицейлер мұндай істі тергеу үшін арнайы білім алуы керек.

Әйелдер мен балаларға қатысты жасалған қылмысты тергеу үшін тергеуші мамандануы керек. Алдағы уақытта мұндай істерді әйел тергеушілер жүргізеді. Бұл жәбірленушілерге қатысты өрескелдік фактілері мен біржақты көзқарасты болдырмауға мүмкіндік береді, – деді Алексей Милюк орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ ол әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспектордың қызметіне ерекше мән берілгенін, олардың саны 2 есе артқанын атап өтті. 

21 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы осы полицейлердің штаттық санын арттыруды тапсырды. Жақында  ішкі резерв есебінен олардың саны 2 есе артты. Бүгінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау саласында 208 инспектор, кәмелетке толмағандардың ісі бойынша мыңнан аса инспектор еңбек етіп жүр, – деді төрағаның орынбасары.

Алексей Милюк мұндай лауазым әрбір аудандық полиция бөлімшесіне енгізілгенін айтты. «Бұл бөлімшелердің қызметкерлері жәбірленушіден арыз қабылдайды, оларға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетеді, – деді Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары.

ІІМ мәліметінше, 3 айда Қазақстанда әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 203 жағдайы тіркелген.

Осы жылдың 3 айында елімізде 68 697 қылмыс құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде 203 дерек тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты, – деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Ермек Шүлден.


Өзгелердің жаңалығы