Ең төменгі жалақы 1,5 есеге өсті – министр

24 Маусым 2019, 12:00
2080
Бөлісу:
Ең төменгі жалақы 1,5 есеге өсті – министр
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ  тілшісі. Елбасының өткен жылғы жолдауына сәйкес ең төменгі жалақы 1,5 есеге өскен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев бұл бағытта қандай жұмыс атқарылып жатқанын айтты.

"Тұңғыш Президенттің қазан айындағы жолдауын жүзеге асыру үшін 2019 жылдың басынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге өсті.  Яғни 28 мыңнан 42,5 мың теңгеге дейін көбейді.  Қазіргі кезде 1,3 млн адамның жалақысы өсіп отыр (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету, мәдениет және спорт салаларында жұмыс істейтін 275 мың азаматтық қызметші қамтылды). Біз ай сайын ең төменгі жалақыны есептеу мониторингін жүргіземіз. Мәселен, міндетті зейнетақы жарналарының түсімдерін талдау нәтижелері а.ж. сәуірде 92 мың қызметкер еңбек ақыны ЕТЖ мөлшерінен төмен алғанын көрсетті. Сондай-ақ еңбекақысы төмен қызметкерлер бойынша жалақының өсуіне мониторинг жүргіземіз. Қазіргі уақытта 203 мыңнан астам жұмыс беруші 1,1 млн адамның еңбекақысын арттыру міндетін өз мойнына алды», - деді министр.

Оның айтуынша, биылғы жылдың маусым айынан бастап бюджеттік саланың жекелеген қызметкерлерінің жалақысы 30% - ға дейін артқан. Соның нәтижесінде 1 миллионнан астам қызметкер осы айда жоғары жалақы алады.

«Енді бір қызметкердің орташа жалақысы 114,5 мың теңгені құрайды (2019 жылдғы 1 маусымға дейін 99,6 мың теңге болған). 2019 жылға аталған арттыруға республикалық бюджеттен 144,3 млрд теңге көзделген», - дейді Бердібек Сапарбаев.
Өзгелердің жаңалығы