Елорданың бас дәрігері баласына коронавирусқа қарсы екпе салдырды
24 Қараша 2021, 18:39 64

Елорданың бас дәрігері баласына коронавирусқа қарсы екпе салдырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырып жатқан жасөспірімдер саны күн санап артуда. Олардың қатарын бүгін қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының ұлы Нұрәділ Мұратов толықтырды.

Нұрәділдің жасы 13-те, бүгін ол Pfizer екпесін ектірді.

Бүгін екпе алдым, өзімді жақсы сезінемін, бәрі жақсы. Тіпті, аса уайымдаған да жоқпын. Дәрігердің баласы ретінде мен өз денсаулығымыз өз қолымызда, осы қорқынышты ауруды жұқтыру немесе жұқтырмау өз қолымызда екенін жақсы түсінемін. Pfizer туралы көп оқып, ақпараттармен танысып шықтым. Бұл екпе ешқандай қорқынышты емес. Оның үстіне, әкем ағам екеумізбен осы тақырыпта бірнеше рет әңгімелесті. Вакцинациялау туралы шешімді өзім қабылдадым, - деп ағынан жарылды 13 жастағы Нұрәділ Мұратов.

Ал жасөспірімнің әкесі Тимур Мұратов балаларға вакцинацияның мүмкіндігі туралы қалай түсіндіргенін айтты.

Мен ең алдымен, жасөспірімдердің әкесі ретінде олардың денсаулығы мен болашағы үшін алаңдаймын. Бірақ мен де, аналары да екпе алуға міндеттісіңдер деп мәжбүрлемедік. Ата-ана ретінде вакцинаның не үшін қажеттігін түсіндірдік. Олар адам иммунитеті туралы жеткілікті біледі. Сондықтан екеуі де екпеге келісті. Үлкен ұлым жақында ЖРВИ-мен ауырған еді. Сол себепті жазылған соң ол да вакцина салдырады, - деді елорданың бас дәрігері.

Бүгінде 5 мыңнан астам елорда тұрғыны Pfizer-ді салдырып үлгерген. Олардың ішінде, 12 мен 18 жастағы жасөспірімдер 3300-ден асады, емізетін баласы бар 1500-ден артық ана, 100 жүкті әйел індетке қарсы екпе алған.

Еске сала кетейік, бұған дейін елорданың бас дәрігері ревакцинация салдырмаса не болатыны туралы айтқан болатын.


Фото: дереккөз
Загрузка...