Бас жаңалықтар
Елорданың әскери колледжі алғашқы талапкерлерін қабылдайды
31 Шілде 2021, 18:40 239

Елорданың әскери колледжі алғашқы талапкерлерін қабылдайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңа оқу жылының басталуына бір ай қалды. Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Нұр-Сұлтан қаласының әскери колледжі жаңа мәртебеде алғашқы білім алушыларды қабылдауға дайындалуда. Әскери оқу орны биыл «Жас ұлан» республикалық мектебінің базасында құрылды.

Әскери колледждегі оқу мерзімі екі жыл он айды құрайды. Осы уақыт ішінде әскери білім алушылар саптық, оқ ату, дене даярлықтарының негіздерін меңгереді. Сондай-ақ жеке құрамды басқару және әскери істегі автоматтандыру және ақпараттық технологиялар, қару-жарақ пен әскери техникаға техникалық қызмет көрсету, РХБҚ әскерлерінің бөлімшелері мен инженерлік бөлімшелерді басқару дағдыларына машықтанады.

Әскери білім ордасына 15 жастан 17 жасқа дейінгі жастар түсе алады. Ол үшін талапкерлер кәсіби-психологиялық іріктеуден, медициналық куәландырудан өтіп, дене шынықтыру даярлығынан емтихан тапсыруы қажет.

Елордалық әскери колледжге құжаттарды қабылдау тамыз айының 1 мен 5-і аралығында өтеді. Талапкерлер әскери оқу орнында емтихан тапсырып, конкурстық іріктеуден өтеді.

Оқуға тапсырған үміткерден қабылдау комиссиясы денсаулығына қарай, сондай-ақ сотталу мерзімі өтелмеген немесе алынбаған болса, психофизиологиялық немесе полиграфологиялық зерттеуден, арнайы тексеруден өтпеген болса, өзі немесе жақын туыстары туралы жалған мәліметтер берген болса бас тарта алады.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, әскери даярлықтың қосымша бағдарламалары бойынша білім беру ұйымдарының түлектеріне жеңілдіктер қарастырылған. Әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен немесе мүгедек боп қалған әскери қызметшілердің балалары, өздері таңдаған мамандығына сәйкес келген жағдайда халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздары да басым құқыққа ие.




Фото: дереккөз
Загрузка...