Бас жаңалықтар
Астанада оқушы АҚШ-тың 5 университетінің шәкіртақысын ұтып алды
16 Сәуiр 2021, 17:22 259

Астанада оқушы АҚШ-тың 5 университетінің шәкіртақысын ұтып алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Жәния Абжан АҚШ-тың бес университетінің шәкіртақысын ұтып алды. Бұл туралы мектептің баспасөз қызметі хабарлады.

Жәнияның айтуынша, АҚШ-тың Сент Луис, Вашингтон & Ли, Тампа және Оңтүстік Флорида университеттерінің шәкіртақысына ие болғанымен, Нотр-Дам университетінің жауабын асыға күткен.

Бес жоғары оқу орнынан шақыру келді. Соның ішінде Вирджиния штатында орналасқан Вашингтон & Ли университеті еңбегіме қарай менің оқу, жатын орын және тамақтану шығындарын толығымен өтейтін шәкіртақысын ұсынды. Ал Сент Луис университеті Президенттік шәкіртақыны тағайындады. Қалған екі жоғары оқу орны да ең жоғары шәкіртақы ұсынды. Алайда мен Нотр-Дам университетінің жауабын асыға күтіп жүрдім. Себебі ол АҚШ-тың үздік университеттер рейтингісінде жоғары орындарға ие. Сондай-ақ ол Чикаго қаласына жақын орналасқандықтан әлемдік компанияларда тәжірибеден өтуге мүмкіндік береді. Бұл университет - менің армандаған университеттерімнің бірі. Жоғары академиялық жетістіктерден бөлек, мені университет қауымдастығы қызықтырады. Студенттер ұйымшылдық пен университет рухын ерекше атап өтеді. Кондолиза Райс сияқты табысты тұлғалар мен түлектер студенттерге жиі дәріс оқиды, - дейді оқушы.

Жәния – мектепішілік өмірдің белсенді қатысушысы, түрлі олимпиадаларға қатысып, волонтерлікпен айналысып жүрген алғыр оқушы. Экономика, ағылшын және биология пәндерін тереңдетіп оқып жатқан оның таңдауы «Компьютерлік ғылымдар» мамандығына түсті. Дегенмен алдағы уақытта қос мамандық алу оның жоспарында бар.

Нотр-Дам университеті ұсынған шәкіртақы оқу, жатын орын және жол шығындарымды толық өтеп, медициналық сақтандыру және оқулықтармен қамтамасыз етеді. Осы орайда мектебімнің, мұғалімдерімнің берген білімі мен қолдауы үшін үлкен алғыс білдіргім келеді. Алған білімімді дұрыс қолдана отырып, магистратура, PhD бағытында біліктілігімді арттырғым келеді. Мақсатыма жетуде «Тек қана алға!» деген өмірлік ұстанымымның көмектесетініне сенімдімін, - дейді жас зияткер.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...