Бас жаңалықтар
Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу қалай жүріп жатыр?
PHOTO
21 Қазан 2020, 14:48 170

Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу қалай жүріп жатыр?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық өршіп тұр. Пандемия кезінде көп отбасында әлімжеттік деректері тіркелді. Зорлық-зомбылық құрбандары қайда жүгіне алады? Оларға көрсетілетін көмек қандай? Осы және өзге сұрақтарға құзырлы орган мамандары жауап берді. 

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Гүлмира Шрахметова тұрмыстық зорлық-зомбылық мемлекеттің саяси дамуына, географиялық орналасуына, діни ұстанымына, экономикалық дамуына тәуелді емес екенін айтты.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық дамыған елдерде де, дамымаған мемлекеттерде де кездеседі. Әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарында да кейінгі кезде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың белең алғанын көріп жүрміз. Оның ішінде бала мен әйелге қатысты жасалатын құқықбұзушылықтар кездесіп жатады. Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері болсаңыз немесе сізге қатысты осындай жағдай орын алатын болса, 102 нөміріне бірден қоңырау шалу керек. Себебі ол жедел түрде көмектің жетуіне мүмкіндік береді. Осылайша, ушығып кетуі мүмкін қылмыстың алдын алуға болады, - деді Гүлмира Шрахметова.


Оның айтуынша, полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің сенім телефоны жұмыс істейді.

Бұл желіге хабарласу арқылы жәбірленушілер психологиялық, заңдық, құқықтық көмек ала алады. Әрі қарай қандай іс-қимыл жасауы керегі жайында ақпарат беріледі. 111,150 нөмірлеріне де қоңырау шалуға болады. Осы желілермен біз тығыз байланыстымыз. Оларға келіп түсетін қоңырауларға тікелей өзіміз шығып, көмек көрсетеміз, - дейді ол.

Ол атап өткендей, осы күнге дейін ӘЗҚТ-ның жеке қабылдауына жазылған 160 әйелдің 39-ы балаларымен қоса дағдарыс орталығына бағытталған.

Олардың арыздары бойынша 93 құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 127 қорғау нұсқамасы шығарылған. 47 әйелге азаматтық-құқықтық көмек көрсетілді, - деді Шрахметова.

Шрахметова атап өткендей, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресті тек полиция жүзеге асырмайды.

Бізден де басқа үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдар жұмыс істейді. Қазір біз әкімдіктің «Үміт» дағдарыс орталығымен тығыз жұмыс істейміз. Яғни, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адам дағдарыс орталығының көмегіне де жүгіне алады. Әйел адам отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген соң әрі қарай не істеу керегін көп жағдайда білмей жатады. Ондай жағдайға душар болғандарды тыныштықты бұзып, құқықбұзушылыққа төзбеуге шақырамыз. Себебі ол жиілеп кетуі әбден мүмкін, - дейді Шрахметова.

Маманның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша да іс-шаралар жүзеге асырылады.

Біз халықты ақпараттандыруға тырысамыз. Полиция департаменті мен әкімдік сайтында, әлеуметтік желілерде үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына заң бойынша қорғау нұсқамасы шығарылады. Оның бар екенін көпшілік біле бермейді. Оның негізінде 30 күн бойы агрессор жәбірленушіге ешқандай құқықбұзушылық жасамауы керек. Телефон арқылы да сөйлесуге болмайды. Бұл адамдарға өзінің іс-әрекетін бағалау үшін берілетін уақыт, - деді ол.

Ол атап өткендей, көп жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылық ішімдіктің салдарынан болып жатады.

Әйелге қатысты жасалатын қылмыстардың көбі ішімдіктің салдарынан болады. Осы тұрғыда да біз жұмыс істеп жатырмыз. Қазір 250-ден астам адамды наркологиялық диспансерге мәжбүрлі түрде емдеуге жіберіп отырмыз, - деді ол.

Ал Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Үміт» дағдарыс орталығының заңгері Зарина Дәулетқызының айтуынша, жыл басынан бері орталыққа 182 адам жүгінген.

Орталық 2013 жылдан бастап жұмыс істейді. Біз 18-58 жас аралығындағы әйелдерді олардың кәмелетке толмаған балаларымен қабылдаймыз. Олар 1-6 ай аралығында біздің қарамағымызда болады. Орталық 50 жатын орынға шақталған. 6 ай ішінде құрбандардың барлық мәселесін шешуге тырысамыз. Олардың басым бөлігі ішімдік ішетін күйеуінен әлімжеттік көргеннен келеді. Кейін полицияға жүгінеді. Туыстары мен жақындарынан көмек көрмеген соң бізге келеді, - деді ол.


Зарина Дәулетқызының айтуынша, ішімдіктен бөлек есірткі қолдану да зорлық-зомбылыққа ұшыраудың себебі болып жатады.

Бұл жерде ескеру керек, зорлық тек физикалық емес, психологиялық түрде де көрсетілуі мүмкін. Яғни құмар ойын ойнайтын еркектер әйелдерін ұрмайды, бірақ отбасына арналған ақшаны ойын автоматтарына жұмсайды. Бөгде діни ағымдарға түсіп кеткен еркектер де әйелдері істегісі келмейтін дүниелерге міндеттейді. Сондай-ақ отбасында көп жанжал жұмыссыздық әсерінен де туындап жатады. Табыс аз болған соң, ол тұрмыстық жанжалға айналуы мүмкін, - деді ол.

Зарина Дәулетқызының айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық өзге елдерден Қазақстанға жұмыс істеуге келген азаматтар арасында да болады.

Олардың тұрғылықты мекенжайы мен тұрақты жұмыстары жоқ. Отбасында дау туындайды. Қызмет алушылар бізге келеді. Біз барлық қажетті көмекті көрсетеміз. Барлық қызмет тегін көрсетіледі. Біз тек әйелдермен ғана жұмыс істейміз. Ал агрессорлармен осы сынды жұмыс істейтін ешкім жоқ. Себебі еркектерге арналған орталықтар жоқ. Біз әйелді психологиялық және заңдық тұрғыдан сауықтырып шығарамыз. Ол күйеуіне оралған соң тағы да әлімжеттік көруі мүмкін, - деді Зарина Дәулетқызы.

Оның айтуынша, білімі мен сауаты жоқ әйелдер зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайды.

Біздің орталықта еңбек кабинеті бар. Онда қолөнер дағдыларын үйретіп, машықтандырады. 7 жыл ішінде біздің орталық 1,5 мың адамға көмек көрсетті. Бізге келген әйелдердің туған-туысына хабар береміз. Әлеуметтік қызметкер олардың жақындарына хабарласып, жағдайын айтады. Көп жағдайда оның туыстары алып кетуге бас тартады. «Оның күйеуі жынды, бізге кеп тереземізді сындырып, тағы да алып кетеді. Ондайдың қайталанғанын қаламаймыз» дейді. Оның барлығы отбасындағы қарым-қатынастың салдары. Отбасы мүшелері арасында тығыз қарым-қатынастың орнатылмағанын көрсетеді. Бізге түскен әйелдер де «егер қайтып барсам, балаңмен келдің, бізде сендерді асырайтын ақша да жоқ» деп айтатынын айтады, - деді ол.

Зарина Дәулетқызының айтуынша, балаларға да психологиялық көмек көрсетіледі.

Бізге кішкентай қыз анасымен келді. Оны әкесі 1-сыныпқа барып, кітап оқи алмағаны үшін белбеумен ұратын еді. Оның денесінде белбеудің соққысынан қалған іздер болды. Бірақ ол күнде әкесіне баратынын айтып, жылайтын. Себебі ол туғанынан сондай әлімжеттік көріп өсті. Ондай балалармен психолог ұзақ уақыт бойы жұмыс істеді, - деді ол.

Өз кезегінде ЮНИСЕФ балалардың құқығын қорғау қорының қолдауымен «Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау және заңнамаларды сақтау бюросының» әлеуметтік қызметкері Ангелина Усенко көші-қон үрдісінде әйелдер мен балалар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын айтты.


Оның бірі агрессор жолдасы әйелі немесе балаларының құжаттарын жойып жібереді. Ал құжаттарды қайта қалпына келтіру көп уақытты қажет етеді. Бұл әйелдер мен балалардың өмірін қиындатады. Себебі адам құжатсыз көп қызметтен айырылады. Олар білім беру мен медицина қызметтерін пайдалана алмайды. Қор құжаттандыру мен мекенжайлық көмек көрсетеді. Жарты жыл ішінде 6 отбасы мен 10 бала қайта құжаттандырылды. Әсіресе, олар Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мен Молдова елдерінің азаматтары, - деді ол.


Фото: автордан
Загрузка...