Елордада IT-технология саласында 15 қылмыс анықталды

12 Маусым 2019, 21:22
1680
Бөлісу:
Елордада IT-технология саласында 15 қылмыс анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық полиция қызметкерлері интернет-алаяқтық фактілерін, электронды шоттардан заңсыз ұрлық фактілерін анықтауға және алдын алуға бағытталған «Hi-tech» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізіп жатыр. Бұл туралы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметіне ілтеме жасап қала әкімдігі хабарлады.

Іс-шара барысында полицейлер ақпараттық технология саласында 15 қылмыстық құқықбұзушылықтың бетін ашты.

«Қостанайдың 33 жастағы тұрғыны қаржы ұйымдарына еш қатысы болмаса да кредит алу, кридеттік тарихты ретке келтіру туралы жалған хабарламалар жариялаған. Сайт пайдаланушылармен бейтаныс адамдардың атынан жалған келісім жасап, сақтандыру қызметін сылтау етіп, қайтыс болып кеткен адамның атына тіркелген банк картасына алдын ала төлем жасатып отырған. Қаржы шотқа түскеннен кейін хабарламаларын өшіріп, телефонын сөндіріп тастаған», - деді ведомствоның баспасөз қызметі.

Күдікті тергеу изоляторына қамауға алынып, қазір 20-дан аса оқиға қатысы бары анықталып жатыр.  Бұдан бөлек, интернет арқылы автобөлшектер жеткізу ісінде алаяқтық жасаған Алматы, Қостанай қалаларында тұратын бірнеше азамат қолға түсті. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының полициясы интернет арқылы сатып алуда абай болуға шақырды.

Сауда жасардан бұрын хабарламаны жан-жақты тексеріп, күмәнді болса бас тартуды, сондай-ақ видеобайланыс арқылы тауардың барына көз жеткізуді, ал ақысын қолға тигенде ғана төлеуді кеңес етті. Бейтаныс адамдарға банк реквизитін, жеке мәліметтерді беруге болмайды.


Өзгелердің жаңалығы