Елордада 13 жастағы қызға шабуыл жасаған ер адам ұсталды

9 Қазан 2021, 11:30
7502
Бөлісу:
Елордада 13 жастағы қызға шабуыл жасаған  ер адам ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда 44 жастағы әйел мен 13 жастағы оқушы қызға шабуылдаған ер адам қолға түсті.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Қошқарбаев көшесінде болған.

Белгісіз біреу көшеде кетіп бара жатқан адамдардың көзінше әйел адамға шабуылдаған. Алдымен ол әйелдің қолындағы сөмкесін тартып алмақ болған. Сол сәтте әйел айқай салып, айналасындағылардан көмек сұраған. Осы кезде жақын маңда кетіп бара жатқан ер адам әйелді тонамақ болған бұзақыға тап берген. Тонаушы сол сәтте оқиға орнынан қашып кеткен. 

Оқиғаның куәгерлері болған жәйт туралы «102» нөміріне хабарлаған. 

Алайда баукеспе осы әрекетін тағы жалғастырған. Ол енді көшеде кетіп бара жатқан 13 жастағы оқушы қыздың сөмкесін тартып алған. Оқиға орнына бірден полиция наряды жетіп, олар 36 жастағы ер адамды қылмыс болған маңнан ұстап алған. 

Осы оқиғалар бойынша «тонау» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған адам қамалды. Заттай айғақтар тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Нұр-Сұлтан қаласының тәртіп сақшылары қылмысқа немқұрайлы қарамай, әрекет еткен азаматтарға алғыс білдіреді.

Өзгелердің жаңалығы