Бас жаңалықтар
Елордада ерекше фестиваль өтеді
30 Мамыр 2019, 13:16 481

Елордада ерекше фестиваль өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет «Nur-Sultan Ethno Fest» этномәдени шарасы және Жамбы атудан бірінші «Алтын жебе» Әлем чемпионаты өтеді.

Осыған орай ұйымдастырушылар бүгін БАҚ өкілдеріне соңғы дайындық жұмыстарын таныстырды.

«Қазір дайындық жұмыстары толықтай аяқталды. Чемпионатқа қатысуға әлемнің 15 елінен 25 спортшы Қазақстан астанасына келді. Қазіргі кезде турнирге дайындық үстінде. Бұдан бөлік Ұлттық спорт қауымдастығы қала мектептеріне таратып беру үшін 5000 дана асық жинап беріп отыр. Бұл қала мектептері мен қаладағы аула клубтарына берілетін болады» - дейді Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.

Шара барысында фестиваль, жалпы «Nur-Sultan Ethno Fest» қонақтарына арналған ойын-сауықтар туралы толық ақпарат берілді.

«Nur-Sultan Ethno Fest» этномәдени фестивалі елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Мұнда келген адам қазақ халқының этно-дәстүрімен таныса алады. Сонымен қатар, 1 маусым балаларды қорғау күні болғандықтан біз барлық ойындарды, алаңдарды балаларға негіздеп жасадық. Алтыбақан, шағын киіз үй, ойын алаңдары, садақ ату, дәстүрлі қолөнер бұйымдары барлығы да балалардың көріп-тамашалауына қолайлы» - дейді ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының директоры Рахат Жақсыбай.

Сонымен қатар, журналистер бірінші «Алтын жебе» - садақ атудан Әлем чемпионатына қатысушылардың жаттығу барысымен танысты.

«Жарысқа дайындық барысы жаман емес. Қарсыластарымыз да осал болмайтыны анық. Ежелден садақ атуды серік еткен Корея, Моңғолия, Венгрия елдерінен қарсыластар келді» - дейді Жамбы атудан Қазақстан құрамасының бас бапкері Елдос Бадашев.

«Алтын жебе» І Әлем чемпионатына Моңғолиядан келген қос садақшыны сөзге тартып көрдік.

«Біз бұған дейін елішілік чемпионаттарға қатысып келдік. Дайындығымыз жаман бола қоймас. Негізгі жаттығуды Кореяда өткіздік. Нұр-Сұлтан қаласына бүгін таңертең ғана келдік. Атпен садақ ату кезінде Қазақстанның аттары биік, әйтпесе жылдамдығы бірдей. Бұйырғанын көреміз. Қарсыластарымызға сәттілік тілейміз» - дейді Моңғолиядан келген садақшылар Гантөмөр Идэрбаатар мен Эрдэнэсувд Эрдэнэ.

«Nur-Sultan Ethno Fest» этномәдени фестивалі алаңында қарапайым көрермендер арасында да сайыс өтеді. Нақтырақ айтсақ дәстүрлі садақ ату (жаяу тұрып садақ ату) мен найза лақтыру сайысына қатысып, жүлделі болуыңызға болады.

Бұдан бөлек, алаңда тігілген киіз үйлерден отандық қолөнер шеберлерінің бұйымдарымен, шағын музеймен таныса аласыздар. 

Ортадағы ақ ордаға Алтын адам қойылған.


Фото: автордан
Загрузка...

Сізден жаңалық