Бас жаңалықтар
Эльмира Суханбердиеваның қандай айыптар бойынша күдікке ілінгені xабарланды
06 Маусым 2019, 16:25 2306

Эльмира Суханбердиеваның қандай айыптар бойынша күдікке ілінгені xабарланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кеше Қазақстанның білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева екі айға қамауға алынған болатын. Оның үстінен бірнеше факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы бүгін ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова айтты.


«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросымен білім және ғылым вице-министріне қатысты лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану, пара алу, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот санкциясымен білім және ғылым вице-министріне қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Тергеу жалғасып жатыр. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды. Күдіктіге қатысты түпкілікті шешім оның кінәсінің дәрежесін анықтаумен сотпен шығарылады", - деді Жанна Бастарова. 

Ресми өкіл Эльмира Суханбердиеваға  ҚР Қылмыстық кодекстің 361, 364 және 366-баптары бойынша айып тағылғанын xабарлады.

Айта кетейік, 5 маусым күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы білім және ғылым вице-министріне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеген болатын.

Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық